«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛЖЫҢҒА ТОЛЫ ҚОЙЫЛЫМ

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ХІХ маусымы “Гәргәрбектің гөйгөйі” комедиясымен ашылды. Қойылымның режиссері – Фархат Молдағали. Пьесаны қазақшаға аударған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сатирик – Асқар Наймантаев.

Татарстанның белгілі драматургі Туфан Миннуллиннің шығармасы үлкен екі қызынан әбден көңілі қалған әкенің кіші қызын ата дәстүрмен күйеуге бермек болған ойынан бастау алады. Үш бірдей үміткер Үрпия қызға қол жеткізу жолында сынға түседі. Өзіне сенімді Жәбіш, еңбекқор Ләтөк және ұялшақ Нәмпай намысқа тырысып бақты. Гәргәрбек рөліндегі Тұрақ Дұрысбеков пен әйелі Қатипаш – Самал Тәшімованың диалогтары, жұптары жазылмаған жұбайлардың сыйластығы, ерін құрметтеген әйел бейнесі, қарабайыр тірліктен тым әбігер мінезге душар болса да, әйеліне деген ізетінен, ынтызарлығынан арылмаған ер-азаматтың бейнесі ұтымды шыққан. Сахнада екеуара шүйіркелесе отырып, ән салуы қойылым реңін қоюлатып, жылылық сыйлайды. Екі кейіпкердің де алдында бір мақсат тұр. Ол – ерке қызы Үрпияны абыроймен құтты орнына қондыру.

Үрпияның рөлін күні кеше ғана Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін тамамдап келген жас актриса Балғын Сәулет сомдады. Сахнадағы тіл тазалығы, ерке қызға тән жүріс-тұрысы, өз бақыты жолындағы батыл күресі әдемі өріліп, бойжеткеннің біртұтас қылығын көрерменге жеткізе білді деуге толық негіз бар. Болашақта Балғынның қанжығасы оң жанбасынан келетін сәтті рөлдерге толатындығына сенеміз.

Нәмпай рөліндегі – Аманкелді Төлегенов өз кейіпкерін сомдау жолында көп еңбек еткен. Кейіпкерінің мінезін аша білді. Еңбекқор Ләтөк (Нұржан Асылхан) есімді тағы бір үміткер Үрпияны қолына қондыру жолында аянып қалмады. Оның ой ұшқырлығы мен табан астында ойлап табар қулығы, сахнада шырқаған әні көрермен жүрегінде ұзақ сақталады. Өзіне сенімді Жәбіштің де жалғыз арманына айналған Үрпия қыз еді. Жәбіштің (Нұрбол Асқаров) сахнадағы кейіпкеріне сай шалт қозғалысы, ширақ қимылы, көркем биі езуге күлкі үйірді, көрерменін сендірді.

Оркестрдің сүйемелдеуімен, жанды дауыстағы әнге құрылған әзілге толы комедияның артқан жүгі аса ауыр екендігі сөзсіз. Осы орайда, театрдың талантты дирижері Марат Жақыпов пен қойылымның жоғары деңгейде сахналануына бір адамдай еңбек еткен өнерпаздардың еңбегі ерен. Спектакльдің суретшілері Е.Сүлейменов пен А.Тұрғынбаеваның еңбегін атап өткен абзал. Сахнада ілулі тұрған қызылды-жасылды маталар мен қу дүниенің соңына жармасқан бүгінгі қоғамның хал-ахуалынан елес беріп тұрғандай. Ал жерге төселген құрақ көрпе үстінен әрі-бері сабылған кейіпкерлер салт-дәстүрімізді ұмыт қалдырып бара жатқандығымызды үнсіз айтып жатқандай болды.

Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,

театртанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp