
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген сөз бар дана халқымызда. Мен соған сүйене отыра бүгін “Ұлпан ” қосымшасы арқылы бір топ ақ халатты абзал жандарға алғыс айтқым келіп отыр. Жаны жайсаң, жүрегі мейірімді медицина қызметкерлері Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылында орналасқан мүгедектерді сауықтыру орталығында еңбек етеді.
Менің бар саналы өмірім Шал ақын ауданындағы Ступинка ауылында өтті. Бала-шаға өсіп, ер жетіп, жылы ұядан қанат қаққан соң қартайған шақта облыс орталығына көшіп келуді жөн көрдім. Қазір мен жетпісті алқымдаған аяулы әже болдым. Шүкір, бауырымнан тараған тоғыз перзентімнен бүгінде жиырма немере, алты шөбере көріп отырған жайым бар. Мұның өзі мен үшін баға жетпес байлық, құнды қазына деп білемін. Көпбалалы ана болған соң “Алтын алқа” иегері де атандым. Жастарға, келіндеріме үлгі болсын деп айдай жарқыраған алқамды мақтанышпен тағып жүремін. Сондағы аналық ақ ниетім келіндердің етегі балаға толып, әр қазақтың отбасынан жөргектің иісі шығып, шаңырақ сәбидің тәтті күлкісіне бөленсін деген оймен өріледі.
Өзім үшінші топтағы мүгедекпін. Шыны керек, кәріліктің ауылына да келдік қой. Жүріп-тұру оңай емес. Екі аяқпен қара жерді нық басып жүру үшін екі қолыма да таяқ ұстаймын. Мен үшін мұның көмегі зор. Осылайша шамам келгенше қозғалып, баратын жеріме барып, істейтін шаруамды тындырып алуға тырысамын. Менің өзімді осылай сергек ұстауыма Бескөл ауылындағы сауықтыру орталығы көп көмегін тигізіп отыр. Өз басым осы сауықтыру орталығына төртінші жыл қатарынан келіп жүрмін. Келін-балаларым барлық құжаттарымды жинап, тиісті мекемелерге жіберді. Міне, содан бері жыл сайын сәті түссе, алты айда бір рет орталыққа келіп, емделемін. Мұндағы ұжым өте ұйымшыл. Үлкендерді сыйлап, кішіге қамқорлықпен қарайды. Шашымның ағын сыйлап, үнемі өз қызметтерін көрсетіп, құдды бір қыздарым, келіндерім, балаларым сияқты қасымда жүгіріп жүреді. Есіктен кірген бетте қызметкерлер қазақша амандасып, хал-жағдайымды сұрап жатады үнемі. Қолымдағы сөмкемді алып, бөлмемді көрсетіп, орталық ішіндегі барлық жағдаймен таныстырып, әуреге түседі. Келген күннен бастап орталық ішіндегі дәрігерлердің қарауында боламыз. Олар әрбір адамға тиісті ем-домын жасайды. Мәселен, егер дәрігер тағайындаса, физиотерапия ем-шаралары, музыка терапиясы жасалады. Сондай-ақ, кіші моториканы дамытуға байланысты арнайы жаттығулар да қарастырылған. “Оң ойдың күші” деген тақырып аясында маңызды да қызықты әңгімелер ұйымдастырылады. Саламатты өмір салтын ұстану бағытында дене шынықтыру залы бар. Ол толықтай жабдықталған. Психолог кабинеті жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, мүгедек адамдарға денсаулығын жақсартуға бұл мекеме өте ыңғайлы. Мемлекеттің біздерге көрсетіп отырған осындай қамқорлығына дән ризамыз.
Мұнда бос уақытты қызықты және пайдалы өткізуге ұжым қолдан келгеннің барлығын жасайды. Айталық, қыз-келіншектер демалыс бөлмесіне жиналып, түрлі тоқу тоқып, қағаздан және басқа да материалдардан түрлі әдемі заттар жасайды. Ой ұшқырлығына қарай түрлі мүсіндер істеліп, жаңа туындылар өмірге келеді. Олардың барлығын орталық ішіндегі арнайы көрмеге орналастырамыз. Ерлер де қарап отырмайды. Олар да шама-шарқынша қолдарынан келетін іспен айналысады. Біреулері сурет салса, екіншілері қолөнерге ден қояды. Адам баласының шығармашылығында шек жоқ қой. Қолы білгендер сымның өзінен неше түрлі әдемі бұйымдар жасап шығады. Осындай жақсы дәстүр жыл сайын жалғасады. Мен өзім жақында өткен балалар мерекесіне орай бір себет гүл істедім. Оған біраз уақыт кетті. Түрлі-түсті қағаздан әп-әдемі етіп жасалған еңбегім бүгінде көрмеде тұрған басқа да туындылардың қатарынан өз орнын алды. Жасымыз келсе де, бізге осындай жұмыстармен айналысқан өте ұнайды. Мұның денсаулыққа тигізер пайдасы да зор. Іс тігіп немесе басқа да заттарды істеген кезде қолдың, саусақтардың кіші бұлшық еттеріне массаж жасалады. Ойда сақтау қабілеті де дамиды. Бізбен жұмыс істейтін әлеуметтік қызмет жөніндегі маман Анна Обичкина – он саусағынан өнер тамған шебер. Ол орталыққа келген әрбір адамның жүрегіне жылы сөзбен жол тауып, шеберліктің әр қырын үйретуге жалықпайды. Осында келген сайын бір жаңа нәрсе үйреніп, өз туындымызға балаша қуанамыз. Біреулер қолөнермен айналысса, шахмат, дойбыға ден қойғандар да бар арамызда.
Демалыс күндері облыс орталығына апарады. Ол үшін арнайы көлік те бар. Соның арқасында Қызылжардың әсем жерлерін тамашалап, мұражайларда болып, өзімізге рухани азық аламыз. Осылайша бар-жоғы екі апта ішінде тегін ем-дом қабылдап, сонымен қоса жақсы демалып қайтамыз.
Мүгедектерді сауықтыру орталығында он адам осы жерде жатып емделсе, алты мүгедек келіп-кетіп, ем-дом алады. Олардың барлығын орталық өз көлігімен үйлерінен алып келіп, апарып тастайды. Алыс-жақын аудандардан келетіндер де аз емес. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның, Новоишимка ауылының тұрғыны Дәмелі Жансанбаева осы орталыққа мен сияқты бірнеше жыл қатарынан келіп, ем-дом алып жүр. Ол жас кезінен ісмерлікпен айналысады. Осында келгенде үйренгенін жастарға айтып, шеберліктің қыр-сырымен бөліседі. Ең бастысы, дәрігер берген нұсқаумен барлық емін алып, бір демалып қайтады. Біз сияқты ем-домға зәру болып келіп жатқандар аз емес. Бірақ, мұнда орын жеткіліксіз. Алдағы уақытта орталық қанатын кеңінен жая түссе, барлық аудан, ауылдардан денсаулығы сыр берген мен сияқты кәрі-құртаң адамдар, балалар келіп, емделуге мүмкіндік алар еді. Тіпті билет алып, автобусқа мініп те қиналмайсың, өздері келіп, үйден алып кетеді. Ем-дом аяқталғанда сол көлікпен діттеген жерге қайтадан жеткізіп салады. Мен өзім осындай жақсылықтың куәгері болып жүрген соң алыс ауылдардағы емге зәру біз қатарлы апалар, әжелер мүгедектерді сауықтыру орталығы бар екенін білсе екен деген тілекпен осы хатты “Ұлпан” қосымшасына жазып отырмын.
Орталық директоры Лилия Русина емделуге келген әрбір адамды жылы жүзбен қарсы алып, ішкі жұмыстың барлығын тәртіпке сай жүргізеді. Басшыдан өнеге алған басқа қызметкерлер де өз істеріне жауапкершілікпен қарап, біз сияқты қарияларды балаша күтеді. Осындай көңілге не жетсін?!
Аманжол ТОКИНА,
көпбалалы ана.
Петропавл қаласы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.