«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАНАТ БІТІРГЕН БАҒДАРЛАМА

Соңғы жылдары өңіріміздегі емдеу мекемелерін білікті мамандармен қамтамасыз етуге, материалдық-техникалық әлеуетін арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасында қолға алынған ілкімді істер соның айқын дәлелі. Қатарға қажетті мамандар қосылып, емдеу ісінде жаңашылдықтар жүзеге асырылуда. Биыл жас мамандардың қатарын толықтырған Гүлнұр Сандыбаева сияқты дәрігерлердің “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасуы емдеу мекемесінің жұмысын жеңілдете түскені шындық.

Шығыс Қазақстан облысын­дағы Үржар ауданында дүниеге келген Гүлнұр Сандыбаева – ел­ордадағы медицина университе­тінің түлегі. Биыл оқуды тамамда­ған жас дәрігердің таңдауы Та­йынша ауданына түскен. Айтуын­ша, мұнда жас мамандарға ерекше қолдау көрсетіледі. Сондықтан еңбек әліппесін осы жерде бастауды жөн көріпті.
– Медициналық универси­тет­тің түлектерімен кездесуде көпте­ген емдеу ұйымдарының өкілдерімен әңгімелестім. Өзге денсаулық сақтау мекемелерімен салыстырғанда, мұнда жас мамандарды бас­панамен қамтамасыз ету, кө­тер­меақы төлеу қарастырылған екен. Әр маманға бір жарым мил­лион теңге көлемінде көтермеақы тағайындалады. Бұл біз үшін үлкен көмек. Өзімнің таңдауыма өкінбеймін. Біз қай жерде жұмыс істесек те, тұрғындардың денсау­лығына жауаптымыз. Сондықтан тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде антымызға адал бо­луы­мыз керек, – дей келе Гүлнұр Талғатқызы ұжымның жас маман­дарға деген шынайы қамқорлы­ғына риза екенін жеткізді. Аз уақыттың ішінде өзін жақсы қы­рынан көрсеткен дәрігердің жұ­мысқа жауапкершілігі зор. Тонның ішкі бауындай тез тіл табысып, қарапайым, ел­ге­зек қасиетімен көзге түскен Гүлнұрдың әр күні қарбаласқа толы. Күн сайын 50-60 адамды қа­былдайтын терапевт апта сайын ауылдарды аралап, басы ауы­рып, балтыры сыздаған шалғайдағы науқас­тарға медициналық кө­мек көрсетуде.
Жас маманмен аз-кем әңгіме барысында оның бұл мамандық­қа деген сүйіспеншілігі зор екенін аңғардым. Ол бұл салаға кез­дейсоқ келмеді. Атасы Нұрланбек Сандыбаев хирург болса, әкесі Талғат Сандыбаев Шығыс Қа­зақстан өңіріне белгілі дәрігер. Ақ халатты аб­зал жандардың ізін жалғаған Гүлнұр да абырой биігінен көрінуді алдына мақсат етіп отыр. Жалпы, биыл Тайынша аудандық ауру­ха­насына Гүлнұр Талғатқызынан бас­қа тағы үш маман келгенін ай­тып өткен жөн.
– Бүгінде мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соңғы үш жылда ауданға он бес дәрігер келді. Әлеуметтік қолдаудың ар­қа­сында олар тұрғындарды сапа­лы медициналық көмекпен қамта­масыз етуге өз үлестерін қосуда. Биыл жұмысқа орналасқан жас мамандарға көтермеақы таға­йындалып, оларды баспанамен қамтамасыз ету қарастырылды. Жалпы тәжірибе дәрігері, пе­диатр, хирург сияқты мамандар­дың ұжымның қатарын толықтыр­ға­нына қуанамын. Өзге емдеу ме­кемелерімен салыстырғанда, екі жылдан бері бізде кадр тапшылы­ғы жоқ. Қазір аудандық аурухана­да 68 дәрігер еңбек етеді, – дей келе аурухананың бас дәрігері Ана­толий Рафальский мұнда білікті мамандардың жа­лақысы 200-300 мың теңгені құ­райтынын жеткізді. Жалпы, биыл өңірімізге жүзден астам дәрігер­дің келетіні туралы бұрын да ай­тылған болатын. Облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев бү­гінде олардың тең жартысы ем­деу мекемелеріне жұмысқа орна­ласқанын, қалғаны жыл соңына дейін келетінін жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Гүл НҰРАЛИНА.
Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp