«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР?

2019 жылы қазақстандықтарды көптеген өзгерістер күтіп тұр. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік саланы қамтитын болады, осындай өзгерістердің бірқатарына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Жалақы көтеріледі

2019 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде төменгі жалақы көлемі бір жарым есе көбейеді, яғни 28 мың теңгеден 42,5 мың теңгеге жетеді. Жалпы 2019 жылы орташа жалақы көлемі 9,1 пайызға өсіп, халықтың кірісі 4,6 пайызға көтеріледі. Келесі жылдан облысымыздағы бюджеттік мекемелердің 43 мың және экономиканың нақты секторындағы 101,6 мың қызметкерлердің жалақылары өсірілетін болады.

Салық жүктемесі төмендейді

2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жалақысы төмен азаматтарға (25 айлық есептік көрсеткіштен аз болса) жеке табыс салығы 10 есе азайтылады. Салық жүктемесінің төмендеуі алты миллион тұрғынды қамтиды.

Әлеуметтік төлемдер өседі

2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан берілетін әлеуметтік төлемдер мөлшері арттырылады. Жаңа заң бойынша, еңбекке қабілеттілігін немесе асыраушысын жоғалтқан жандардың жәрдемақы мөлшері бес пайызға өседі.

Электронды еңбек келісімшарты

2019 жылдан бастап электронды еңбек келісімшарттарын тіркеу жүйесі іске қосылады. Бұл жұмысқа тұруды жеңілдетеді. Азаматтарға құжат жинау керек болмайды. Әрбір жұмыс істейтін азаматтың жеке ісі қалыптастырылады. Осының арқасында жыл сайынғы азаматтардың шығысы төмендетіліп, 600 млн. теңге үнемделсе, электронды іс қағаздарын жүргізу жүйесі енгізілген соң, Үкімет шығыны жыл сайын бір миллиардқа азаяды.

Салықтық амнистия

Жаңа жылда шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізіледі. Бірінші қазандағы көрсеткіштер бойынша, шағын және орта бизнестің 90 мың нысаны 294 миллиард теңге қарыз. 2019 жылы негізгі қарыз өтелген жағдайда 111 миллиард теңге құрайтын өсімақы жойылады. Бұл бірінші қазанға дейін болған қарыз мөлшеріне қатысты амнистия.

Зейнетақы көбейеді

2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап орташа зейнетақы мөлшері базалық зейнетақыға байланысты өседі. Сонымен қатар базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі де өзгертіледі. 2019 жылы оның төменгі мөлшері 27 732 теңгені құраса, 36 108 теңгеге дейін өсіру жоспарланған.

Баға жаңа жылдан бастап арзандайды

Елбасының тапсырмасына сәйкес өңірімізде қаңтар айының алғашқы жұлдызынан жылу мен электр қуатына, сумен жабдықтауға, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға, коммуналдық қызметке, лифтіні пайдалануға тарифтер арзандатылмақ.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp