«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАН МАЙДАННЫҢ КУӘГЕРІ

Соғыс ардагері, отставкадағы полковник, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, өңірімізге белгілі өлкетанушы Сергей Пресняков 95 жасқа толды. Мерейтой иесін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Асқар Сақыпкереев құттықтады.

 Он тоғыз жасында 38-ші атқыштар бригадасының құрамында Мәскеу түбіндегі және Батыс, Солтүстік-Батыс майдандарындағы жойқын ұрыстарға қатысқан Сергей Михайловичтің айтар әңгімесі, еске алар оқиғалары жетерлік. Соғыстан кейінгі жылдарда партия органдарында қызмет атқарған ол зейнет демалысына шыққаннан кейін де тынымсыз еңбек етіп жүр. Петропавл педагогика институтында өлкетану курсынан, Қазақстан тарихынан сабақ бере жүріп, саналы өмірін жастардың бойында туған жерге деген құрметті қалыптастырып, отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге арнаған.

– Сергей Михайлович, сіз мұрағаттық құжаттар мен ғылыми басылымдарды, монографиялар деректерін негізге ала отырып, солтүстікқазақстандық қазақтардың жоңғарларға қарсы күресі, қазақ хандығын қалпына келтіру кезеңіндегі Абылай ханның қызметі, Солтүстік Қазақстандағы қазақ руларының Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық күресіне қатысуы, жерлестеріміздің екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерліктері туралы құнды материалдар жинадыңыз. Күш-қуатыңыз таусылмай, бұдан әрі де келер ұрпақ кәдесіне жарайтын құнды дүниелер жаза беріңіз, – деген Асқар Сақыпкереев мерейтой иесіне денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі және өңір басшысының атынан гүл шоқтары мен сыйлық табыстады.

Өңіріміздің қоғамдық өміріне белсене араласып, алғаш құрылған кезде облыстық ардагерлер ұйымын басқарған Сергей Пресняковті бұрынғы әріптестері, мемлекеттік органдар басшылары да құттықтады. “Өміріңіздің 80 жылы Солтүстік Қазақстанмен тығыз байланысты. Біз сізден адамның бойында болатын ерік-жігердің, мінез-құлық пен сенімнің күшін көрдік және сол қасиеттерді өз бойымызда тәрбиелеуге, қоғамға пайдалы болуға, болашаққа сеніммен қарауға ұмтылдық”, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Сергей Михайловичті Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов, еңбек ардагерлері Мария Батаева, Григорий Кухарь, Нэлли Иванова құттықтады.

Туған күн иесі өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, жиналғандармен естелік суретке түсті.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp