“Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған 2016-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу картасы аясында Мағжан Жұмабаев ауданының Возвышен ауылында “РОЖ 500” диірмені іске қосылды.
Өткен жылы әзірленген ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу картасы аясында құны 138,5 млрд. теңге болатын 60 жобаны iске қосу жоспарланған еді. Бұған сүт өңдеу бойынша – 19 жоба, ет өңдеу бойынша – 16 жоба, ұн өндiру мен бидайды терең қайта өңдеу бойынша – 7 жоба, макарон өнiмдерiн шығару бойынша – 3 жоба, майлы дақылдарды терең қайта өңдеу бойынша 5 жоба және ас тұзы, балық, қант және жылу кешенiн өндiру бағыты бойынша 10 жоба енгiзiлген енді. Міне, бүгін сол жоспардың бірі орындалды. “Фиксель” жеке кәсіпкерлігі іске қосқан “РОЖ 500” диірмені жоғары сұрыпты қарабидай ұнын өндіруге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Жеке кәсіпкер Иван Фиксель қажетті қондырғылардың 32 млн. теңгеге түскенін айтады.
– Құрылыс-монтаж жұмыстарына 20 жұмысшы тартылған болса, бүгінде диірменде 15 тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар еңбекпен қамтылды, – дейді кәсіпкер.
Диірмен тәулігіне 10 тонна қарабидайды өңдейді. Бұл өнімділік осы күнге дейін тұтынушыларын тапқан кәсіпкерлік үшін мүмкіндік көкжиегін де кеңейтіп отыр. Өнімдерін “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, “Семейный”, “Северный” супермаркеттерінің шағын наубайханаларына және “Рахмет” сауда үйіне жеткізетін кәсіпкер сапалы да мол өндіріс көлемімен масаттана алады. Сондай-ақ, “РОЖ 500” диірменінің өніміне аудандағы “Аубакиров”, “Кухаренко” жеке кәсіпкерліктері де қызығушылық танытуда.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,
журналист.
Мағжан Жұмабаев ауданы.