Әжем Шәмшия өткен өмірін әңгімелеуді көп ұната бермейтін. Еске алса болды, жанары жасаурап, терең мұңға бататын. “Е, ол заманда талай қиындықты көрдік қой, аты өшкір Голощекин төрт түлік мал өсіріп, тыныш отырған қазақ халқын қынадай қырып, басы ауған жаққа тентіретіп жібергенін қайтып қана ұмытарсың? Жүрекке шемен болып қатып қалған”, – деп ауыр күрсінетін. Әкесі Омбыға қарасты Шарбақкөлде болыс болған екен.
Әжемнің әңгімесінен ұққаным, Қазақстаннан іш жаққа шұбырған халықта есеп болмапты. Әбден әлі құрып, жүре алмайтындары Найман ауылында қалып, қалғандары Есілкөл, Назыбай, Күрті ауылдарына қарай асқан. Бәрін паналатуға, күтуге шама жоқ. Көз алдарында аштықтан бұратылып, жан тапсырғандарын жол бойы қара жер қойнына тапсырып отырыпты. Мына бір оқиға әжемнің есінде мәңгі сақталып қалған екен. “Бабаларымыз алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен деп текке айтпаған”, – деп бастап, бір оқиғаны қысқаша баяндап берді. Жаздың мамыражай күнінде үйлеріне бір адам келеді. Сөз саптасына, жүріс-тұрысына қарағанда жоғары қызмет атқаратын сияқты. Қазақстаннан келе жатқанын, біршама күн нәр татпағанын сыпайылап жеткізеді. Болыс оны төрге шығарып, ата жұрттағы жағдайды сұрастырады. Аз-аздап айран беріп, есін жиғызады. Қас қарая жолаушы төсекті үй сыртына терезе маңына салуды сұрайды. Үйдегілер оның қылығына іштей таңданыс білдірсе де, айтқанын екі етпей орындайды. Қонақ кешке нәр татпай, бірден ұйқыға бас қояды. Таңертең барса, демі үзіліп кетіпті. Сірә, жарық дүниемен қоштасарын сезсе керек. “Әкем өкімі жүрген ауылдардағы қандастарына қамқорлығын аямады. Шама-шарқынша бауырларына тартып, аяқтарынан тік тұрып кетулеріне жәрдемдесті”, – дейтін әжем.
“Сонда қалай, Шарбақкөлде аштық болған жоқ па?” – деген балалық әуестікпен қойылған сұрағыма: “Ондай нәубет бізді айналып өткен сияқты. Ас-судан таршылық көре қойған жоқпыз, Ет-майымыз, бидайымыз бала-шаға нәпақасынан артылып жататын. Сепкрайда адам аштан өлді дегенді естіген жоқпыз”, – деп жауап қайыратын. Соған қарағанда, аштықтың зардабын Қазақстан ғана қатты тартқан секілді. Енді ше, алдындағы малын зорлықпен тартып алса, отырықшылыққа үйрене қоймаған халық тентіремегенде қайтеді? Қазақстан тарихының өткен кезеңдеріне көз салсақ, ел басына түскен небір зұлмат оқиғалардың ішінде 1931-1933 жылдар қасіреті жадыдан өшпек емес. Голощекин бастаған шолақ белсенділер социализмді жылдамдатамыз деген ұранмен күштеп ұжымдастыру науқанын жүргізді. Байлар түгіл орташа ауқаттылар да тәркіленіп, оның ақыры 1937 жылғы жаппай саяси қуғын-сүргінге ұласты. Бір атаның балалары, ежелден дәм-тұзы жарасқан ауылдастар бір-бірінің үстінен домалақ арыз жазып, еш жазықсыз түрмеге қамалды. Жала жапқан адамның өзі де “итжеккенге” айдалып кете барды. Атылып кеткендердің көбі көзі ашық, білімді ел азаматтары болатын. Жұртты ақылымен, парасаттылығымен басқарып жүрген марғасқалар еді.
Зиялы қауым өкілдері Қазақстаннан тысқары жерлерге кетіп, бас сауғалауға мәжбүр болды. Әжемнің алты ағасының үшеуі сотталып, екеуі атылған екен. Сайфи Алтай өлкесінің Славгород деген қаласында заң саласында қызмет атқарған. Оның түбіне де арызқойлар жеткен. Әуелі пойыз, сосын ит жеккен шанамен жаз болмайтын бір жерге жеткенін, сосын кемеге отырып, үлкен мұхитпен бара жатқанын бір хатында жазып, содан ұшті-күйлі хабарсыз кеткен. Айдархан Первомай ауылдық кеңесінің хатшысы болып жүргенде “халық жауы” атанып, Омбының ақ түрмесінде атылған. Рамазанның өмірі де жеңіл болған жоқ. 1938 жылы Тавричан ауданының Әміре ауылында мұғалім болып жүргенде сотталып, 1939 жылы ақталған. Алайда үнемі НКВД-ның бақылауына алынып, нақақтан-нақақ қысым көрсетілді. Содан кеселге ұшырап, 1964 жылы мәңгілік тыныштық тапты. Ол айбатты, адуынды мінезімен кейбіреулерге жақпай қалса керек. Болмысынан шешен, сөйлегенде, жұтқыншағы әрлі-берлі ойнап тұрады екен. Мұғалім, мектеп директоры, ұжымшар төрағасы қызметтерін атқарған. Бар-жоғы 56 жыл ғана өмір сүрді. Сайфи мен Қанапиядан ұрпақ жоқ. Қуғын-сүргіннен аман қалғандары – Фазыл және Қабдөш (Ғабдолла) аталарым. Фазыл соғыс жылдары ұжымшар басқарған. Майданға бидай, ет, май жіберу жоспарын асыра орындап отырған. Қарапайым еңбек адамы Қабдөш 1983 жылы Кутузовкада дүниеден озды. Ол көзінің тірісінде Айдархан, Сайфи ағаларының сырттай жаназасын шығарып, ас бергені бар. Әжем Шәмшия он баланың ішіндегі ең кенжесі. Кішкенекөлде жерленді. Әсия, Сапия, Күлән есімді әпкелері болған.
30-шы жылдардың зобалаң кезеңінде азап шеккен әулеттер аз болмады. Біздің отбасымыз да сол зобалаңның қасіретін көп тартқандар қатарынан. Мұндай қайғылы қасіретті қазақ халқы енді ешқашан көрмесін.
Болат ӘМІРИН.
Ақжар ауданы.