Облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасы бір жыл бойы жүргізілген қару тапсыру акциясын қорытындылады. Осы күнге дейін 800-ге жуық атыс құралы тиісті органға тапсырылды. Ал акция барысында облыс тұрғындарына мемлекет тарапынан 37 миллион теңгеден астам өтемақы төленген.
“Бүгінгі күні жарақат салатын қаруды тек күзет құрылымдары ғана қызметтік қару ретінде қолдана алады. Жеке тұлғаларға тыйым салынып отыр. Мұндағы мақсат – қылмыс санын азайту”, – дейді әкімшілік полициясы басқармасының лицензиялау және қару айналымын бақылау бөлімшесінің бастығы Еркін Хамзин.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы жарақат салатын қаруларын ішкі істер органдарына тапсырмаған тұрғындар биылдан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Қолданыстағы заңнамалық құжатқа сәйкес қару иелеріне 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу не болмаса түзету жұмыстарына тарту көзделген. Сондай-ақ, заң талаптарына сәйкес 1 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осынша мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің жетекші маманы.