“СевКазЭнерго” АҚ-ы баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұтынушылар электр қуаты үшін 250 миллион теңге қарыз.
Жеке сот орындаушылары мен электр қуатымен қамтамасыз ететін компанияның қызметкерлері жүргізген кезекті рейдтер барысында “Севказэнергосбыт” ЖШС-і сот органдарына 2859 талап-арыз жолдады. Электр қуаты үшін екі жыл ақы төлемеген және 97 мың теңгеге қарызданған солтүстікқазақстандықтың “Фольксваген” маркалы автокөлігі тәркіленді. Борышкер қарызды бір айдың ішінде өтеймін деп қолхат жазып берген, ол уәдесінде тұрмаған жағдайда “темір тұлпар” аукцион арқылы сатылатын болады. Қарызға белшеден батқан борышкерлердің пәтерлері де сатылымға шығарылуы мүмкін.
“Севказэнергосбыт” ЖШС-і өткізу бөлімінің басшысы Рүстем Рамазанов бір борышкердің пәтеріне бағалау жұмыстары жүргізілгенін және сатылымға дайын тұрғанын хабарлады. Баспанасынан айрылып қалмау үшін Петропавл қаласының тұрғыны қарызын толық өтеген. Энергетиктер осындай шаралардың нәтижелі екенін алға тартады. Себебі, мүлкінен айрылғысы келмейтіндер тез арада қаражат тауып, қарызын өтейді.
– Электр қуатын тұтынушы уақытында төлемеген қарызының салдары қайда апарып соғарын түсінуі керек. Қарыз көлемі шектен тыс ұлғайған жағдайда оны тез арада төлеуге кеңес береміз. Себебі, борышкер электр қуатын қайта жалғау үшін қосымша шығынға ұшырайды. Әр борышкерге түсіністікпен қарап, екі жаққа да тиімді шешімдер қабылдауға тырысамыз, – деді Рүстем Рамазанов.
(Өз тілшіміз).