«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЫШТАП АЛҒА БАСҚАН БАС ҚАЛАМ

Асан бабамыздың желмаямен жаһанды кезіп, халқына құт мекен болатын жерұйықты іздеуінде жан тебірентерліктей сыр жатыр емес пе? Ұлытаудан басталар ұлы көшіміздің кеңес дәуірі кезін­де астана қазығын бірде Орын­бор, бірде Қызылордаға қадап, одан жасыл желекті, түсті кілем Алматыға тұрақтауы Мәскеудің пәр­менімен болған еді. Еліміз Тә­уелсіздігін алғаннан кейін ғана бас қаланы таңдау құқығы өзімізге берілді. Елбасымыз Нұрсұлтан На­зарбаев батыл қадам жасап, елордағы Арқа төріне көшірді. “Ас­тана – қазақ халқының жа­ңаруы­ның нышаны, үлкен үміт­тері ақи­қатқа айналған қала еке­нін қазақ­стандықтар күн са­йын сезінеді. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұр­сұлтан На­зарбаев дүниежүзі­лік та­рихта жасампаз әрі ықпалды сая­саткер ретінде өз орны бар тұл­ғаға ай­нал­ды”, – деп жазған еді Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев “Астана – Елбасы жі­ге­рінің жеңісі” атты мақаласында.

Мен Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, Петропавл қалалық құ­ры­лыс бөлімінің басшысы, об­лыс­тық сәулет және құрылыс бас­қармасы басшысының орын­ба­сары болдым, республикалық “Есіл су” кәсіпорнының филиалын басқардым. 2008 жылы елордаға қоныс аударып, содан бері Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс сала­сына хал-қадірімше үлес қосып жүр­мін. Бастапқы жылдары “Жел­Дор­Строй” АҚ-ның вице-президенті, “Капитал трейд” ЖШС-нің директоры секілді қызметтер ат­қардым. Елордамызда өткен “ЭКСПО – 2017” халықаралық көр­месіне арнайы салынған бір­қатар құрылыс нысандарында өзімнің қолтаңбам қалғанын мақтаныш се­зіммен айта аламын. Қазақстан­ның құрметті құрылысшысы, “Ас­та­наның үздік жобалаушысы” атақ­тарына ие болдым, басқа да марапаттарым бар. Зейнет жасы­на келсем де еңбектен қол үзген жоқпын. Құры­лыс саласында қы­рық жылдан ас­там еңбек етіп, жи­наған бай тә­жірибемді жастарға үйретудемін. Соңғы бес жыл елор­дамызда са­лынып жатқан бір­қатар нысан­дар­дың сапасын ба­қы­лау сала­сын­да еңбек етіп жүр­мін, яғни тех­никалық қадағалау жөніндегі маманмын.

Елордамызда соңғы жылдары бой көтеріп жатқан ғимараттар­дың санында есеп жоқ. Мен тек бір мысалды келтіре кетейін. Ас­та­намызда 2019 жылы 2900 әлеу­меттік пәтер салынса, 2022 жылы ке­­мінде 10 мың осындай баспана­ның кілтін кезекте тұрған отба­сы­ларға тапсыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл пай­да­лануға берілген 15 мектепке 40 мыңға жуық оқушы барып жүр. Келесі жылы тағы да 16 мектеп бой көтермек.

Елордамыздың сұлулығы жер­гілікті тұрғындарды да, мей­ман­дар­ды да тамсандыратынына кү­мәнім жоқ. Кең жазира далада көсіліп жатқан кемел сұлулығы­мен, Есіл, Нұра секілді қыз бұры­мындай тарқатылған өзендерімен өзіне тартады. Қазіргі таңда аста­намыз әлемдік, іскерлік бай­ланыстың күре тамырына айна­лып отыр. Оның өзі Елбасының көрегендігі мен кемеңгер ойының жемісі деп білемін. “Астана – жаңа қала” арнайы экономикалық ай­ма­ғы құрылғаны белгілі. Бұл Есіл­дің сол жағалауына инвести­циялар тартуға, озық технология­ларды пайдалануға, сондай-ақ қа­зіргі заманғы инфрақұрылым ар­қылы құрылысты қарқынды түрде дамытуға бағытталған.

Елорданың өркендеуі – еліміз­дің өркендеуінің белгісі. Ендеше бас сәулетшісі Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болып табылатын елорданың гүл­денуі мемлекетіміздің болашаққа нық сеніммен қадам жасауына сер­пін берері анық. Нұр-Сұлтан қа­­ласындағы балабақшаға бара­тын бес жасар немерем Сафина жуыр­да тәрбиешісі берген мына тақпақ­ты жаттап алып, үйге кел­ген соң біз­ге мақтанышпен айтып берді.

Болашаққа бастаған,

Шарықтайды асқақ ән.

Елордасы Отанның,

Мақтанышым – астанам.

Қарыштап алға бас қадам,

Елорда – елімнің жүрегі,

Нұр-Сұлтан – менің астанам.

Иә, бүлдіршіннің аузынан шық­қан, шын жүрегімен айтып берген бұл тақпаққа алып-қосарым жоқ. Елі­міздің жүрегі – Нұр-Сұлтан қа­ласы жылдан-жылға көркейе бер­сін!

Сермағамбет ҚҰТЫШЕВ,

экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның құрметті құрылысшысы.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp