«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАРҒЫС АЛМА, АЛҒЫС АЛ”

…“Тұқымыңмен тұздай құры”, – деген қарғыс сөздің бар екенін бәріміз де жақсы білеміз. Ауылдың азаматынан жәбір көрген бір анамыздың осылайша лағнет айтқаны, кейін қарғыс алған жігіттің бауырларымен бірге жол апатына ұшырап, бір отбасының бірнеше адамы мерт болғаны әлі күнге дейін ауылдастарының есінде. Мына бір оқиға да әлі күнге дейін көпшіліктің жадында. Жаз бойы маңдай терімен өсірген құстарын қолының жымқырмасы бар көрші жігіттер бір түнде үптеп кеткеніне ашынған бір әжеміз: “Қаздай қаңқылдап қалыңдар”, – деп қарғаған еді. Көп ұзамай ағайынды жігіттер жол апатынан қайтыс болып, отбасы аңырап қалды. Тіпті, “Арам қат” деген ауыр сөздің де адамды айналып өтпейтінін көріп жүрміз. Қызмет пен байлықтың буына масаттанған бір ағайымыз отбасын тастап кеткенде алғашқы әйелі ашынып: “Арам қат”, – деп қарғағанын құлағым естіген. Әлгі кісінің жүрегі қысқанда жанында “Жедел жәрдем” шақыратын бір адам болмай, өмірден өтті. Мәйіт үш-төрт күн жатып қалып, тіпті, мүрденің иістеніп кеткенін де таныс-білістері біразға дейін күңкілдеп, әңгімеге айналдырды.

Қарғыс дегеніміз – теріс бата. Қарғыс – кейбіреулердің елге, халыққа жағымсыз қылықтарын, адамға көрсеткен зорлығы мен зомбылығын, ұрлығы мен қарлығын, өтірігі мен өсегін, жаласы мен пәлесін, жалпы, адамгершілік қағидасын бұзған ерсі әрекеттерін айыптау, кесірлі істеріне қарай кінәлілерге жаманшылық тілеу, лағнет айту. Қазақта: “Алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас”, “Қарғыс жібермейді”, “Қағынған қарғыс алар, қарасқан алғыс алар”, “Қарғыс алған көктемес” деген сөздер бар. Бұған қоса, қарғыстың бірнеше түрлері кездеседі. “Қарғыс атсын”, “Жегенің желім, ішкенің у болсын”, “Малың талауға, басың қамауға түссін”, “Әйелің жесір, балаң жетім қалсын”, “Құрып кет” деген қарғыстар. Адамның естуге дәті шыдамайтын ащы сөздерді жөн-жосықсыз борату, әсіресе, әйел адамдар арасында кең тараған. Тілі ащы, адуын апаларымыз: “Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа”, – деп маңайындағыларға қит етсе, қарғыс жаудырады. Бірақ “Қарғыс айналып иесін табатынын” да ұмытпау керек. Жұртты қаралаудан жалықпайтын бір апамыз ауыр сөзбен маңайындағыларды айыптауды әдетке айналдырған еді. Талайларға тілі тиді, бірақ кейін отбасының тоз-тозы шығып, іргелі шаңырақтың берекесі кетті. Өмірінің соңында өзі де төсек тартып, біраз бейнет көрді. “Абысын-ажынның, ене мен келіннің, ағайындылардың арасына сөз айтып, біраз кісілерге кесірі тиіп еді, обал болды”, – десті білетін адамдар.  

Ал дінімізде қабырғаны қайыстыратын қарғыс сөздерді айтуға тыйым салынған. Мұхаммед Пайғамбардан (с.а.с.) жеткен хадисте: “Егер адам Исламдағы өзінің бауырына: “Әй, кәпір!” – дейтін болса, онда айтылған сөз екеуінің біріне тиеді. Егер ол айтылған сөзге лайық болса – өзіне, ал керісінше болса сөз айтушының өзіне оралады”, – делінген.

Бала-шағаға, кейінгі ұрпаққа кесірі тиетін ауыр сөзді естімеу үшін біреудің ала жібін аттамаған дұрыс. Үлкендер: “Қарғыс жеті атаға дейін жетеді”, – деп жатады. Сондықтан “Қарғыс алма, алғыс ал” деген сөзді әрқашан жадымызда ұстайық.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp