Таңертең ерте әкемнің: “Аллаһ-акпар, Аллаһ-акпар, қалқамыт-сәла, қалқамыт-сәла…” – деген қоңырқай дауысынан оянып кететінмін. Бұл кезде дала қап-қараңғы, ал фонарь-шамның сықсиған оты үй ішіне аздап болса да жарық беріп тұратын. Колхозда солярка тегін болғандықтан, майшам түні бойы жанып тұратын. Оның жарығы инежіп сабақтауға жарамаса да, кешке жатар алдында әр жерге лақтыра салған киімдеріңді тауып алуға жарап-ақ қалатын. Оянуын оянасың-ау, бірақ тұрғың келмейді. Қалың көрпеден басыңды қылтитып шығарсаң болғаны денең дір ете қалады. Үйдің ішін жайлаған суық бетіңді тоңазыта бастайды. Едені жоқ, шөп пен алаша ғана төселген қыртыс үйдің іші пеш жағылғанша сұп-суық болады. Әкем намазын оқып біткенше ыңыранып жатқаныңмен, бәрібір тұрасың. Қорада мал азынап сені қашан келеді деп тосып тұрады. Мектепке сабақ оқуға кеткенге дейін малдың астын тазалап, шөп суырып, алдарына салып, құдық басына айдап апарып, қауғамен су тартып суарып үлгеруің керек.
Жылы төсекте ұйығып, ұйықтап кеткен екенмін. Әкемнің:
– Амандық тез тұр! – деген даусынан оянып кеттім. Иттің әлденеге ызалана абаланып үрген ащы даусы естіледі. – Тез киін, қораға тағы аң кіріп кеткен шығар, – деді әкем Мырзахмет.
Бұл 1953 жылғы наурыз айының басы еді. Сол жылғы қыс қатты болды. Қарды күрекпен кертіп, қора ішіне үйіп, далаға шығатын жол ашып алғаннан кейін сол қарды шанамен сыртқа қайта тасисың. Біздің ауылда Тәпел деген ақсақал біреуді ұнатпаса “бейнетіңе бейнет қосылсын” деп қарғаушы еді. Бұл нағыз бейнетке бейнеттің қосылғаны емес пе?!
Қыс осылай қатты болғандықтан, ауыл төңірегіндегі орман-тоғайларды мекендеген аңдар тамақ іздеп түнде қораға еніп кетіп жүретін. Біздің қораға талай рет түлкі кірді. Олардың кейбірін соғып алған әкемнің түлкі тымақ тіктіріп кигені де бар. Аңдар негізінен қораға ит кіріп-шығып жүретін тесігін пайдаланады. Бірақ ол кездегі қораларда басқа да тесіктер жетіп жатушы еді. Ол бір қиын заман еді ғой. Ағаш сатылмайды да, кестірілмейді де. Тек орман ішінде құлап жатқандарын жинап алуға болады. Оның өзіне ақша төлейсің.
Шала-пұла киіне салып, қораға атып шықтық. Менің қолымда фонарь-шам, әкем пештің қасында жататын балтаны ала шықты. Үйден шыққан бізді өзіне сүйеу көрді ме Құтжолдың даусы, тіпті, қаттылау шықты. Осы ит келгелі біздің үйге құт кіре бастады. Сондықтан Құтжол деп қойдық атын дейтін әкем. Осы күні ойлап отырсам дене бітімі, мінез құлқына қарағанда немістің овчаркасына жатады-ау деп жобалаймын.
Фонарь-шамның жарығынан тас қараңғы қораның ішінде бір-біріне ырылдап айбат шегіп тұрған екі жыртқыш көрінді. Бірі – абалап, бас салуға аз-ақ, бірақ бата алмай тұрған Құтжол да, екіншісі – түсі суық, аузын арандай ашып азу тістерін ақсита, қып-қызыл көздері шытынай қарап, ұмтылуға дайын тұрған көкжал. Осындай жағдайға тап болғанда қандай жүректі адамның өзінің бір селк етері сөзсіз. Басыңның құйқасына дейін шымырлап кетеді екен. Ойланатын уақыт жоқ. Аңшылардың әңгімесінен қарсы келген қасқырға қолданатын қару болмаса ретін тауып аузына қолыңдағы таяқты сұғып жіберсең соны тістеймін деп жағы қарысып қалады дегенді еститінбіз. Әкемнің есіне сол түсті ме екен, қолындағы балтаны тастай сала қабырғаға сүйеулі тұрған сыпырғының жуан сабын қасқырдың аузына сұғып кеп жіберді. Қасқырдың тістері қатты ағашқа сарт ете қалды.
– Тез, ана айырды ал да мойнына сұқ! – деп бұйырды әкем маған.
Фонарь-шамды жерге қоя сала айырды алып, қасқырға ұмтылып едім, одан ештеме шықпады. Менің қолымдағы қаруды көріп, қасқыр басын бұрып қалғанда сыпырғыштың сабы әкемнің қолынан шығып кетті. Бірақ қасқыр сапты аузынан алып тастай алмай, басын бұлқумен болды. Осы кезді пайдаланған әкем менің қолымдағы айырды жұлып алып, қасқырдың мойнына бірнеше рет сұғып алды. Мойыннан қан бұрқ ете қалды. Осылай әкем, мен, Құтжол үшеуміз қасқырды ұрып жықтық. Қораның ішін қан алып кетті. Қаншама уақыт абалап тұрғандықтан Құтжолдың даусы қарлығып, үні шықпай қалды. Әкем екеуміз өлген қасқырды сүйретіп қораның бір бұрышына апарып, үстін сабанмен жаптық. Әкем сыпырғышты қасқырдың аузынан әрең дегенде суырып алды. Шынында да, жағы қарысып қалған екен.
Сол күні мал жайлауға мұршамыз келмеді, қой-ешкіні босатып, жібердік, бие мен сиырдың алдына шөп салдық. Қиы шығарылған жоқ. Ентіккен бойымызда үйге кірсек, шешем Көкеш пен бес-алты ғана жастағы інім Амантай айқай-шудан оянып, үрейлері ұшып отыр екен. Біздің аман-есен үйге кіргенімізге қуанып кетті. Шала-пұла жуынып, шайымды ішіп, мектепке кеттім.
Балалар мектепке уақытында жиналды. Сабақ басталатын кез болды. Бірақ мұғаліміміз Нұрқан Жуанышбаев жоқ. Бұрын ол бізден ерте келетін. Ұлы Отан соғысына қатысқан, аяғынан жараланған адам еді. Бір аяғына киетін пимасының қонышы ұзын, ол баумен байланатын еді. Ұстазды біраз тостық. Бір мезгілде келді-ау. Сыныпқа есеңгіреп әрең енді, еңкілдеп жылай береді. У-шу болып жүрген оқушылар тына қалдық.
– Сталин жолдас қайтыс болды, бүгін сабақ болмайды, үйлеріңе қайта беріңдер, – деген сөзді еңкілдеп тұрып әзер айтты.
Тез киініп, мектептен атып шықтық. Бізге ол кезде кімнің өліп-тірілгені бәрібір еді. Тек сабақ болмаса болғаны. Қуанышта шек жоқ. Ауыл көшелері қыс бойғы бораннан қарға толған. Сырғанақ тебетін төмпелер көп. Менің ұстайтыным – ағаларым Сапи, одан кейін Амангелдіден қалған былғары сөмке. Былғарысы қалың, кедір-бұдыр болатын. Оны қолтырауынның терісінен тігілген десетін. Болса болар, екі ағамның тепкісіне шыдап, менің қолыма түсіп отыр ғой. Сол сөмкені шана қылып, біраз сырғанадым-ау, шіркін. Әбден шаршағасын ғана үйге келдім.
– Сабақтан неге ерте келдің? – десті үйдегілер үсті-басымдағы аппақ қарға қарап.
– Сталин қайтыс болыпты, сондықтан сабақ болған жоқ, – дедім.
– Ендеше тамақ ішіп ал, сосын манағы қасқырды соямыз. Айтпақшы, сен түндегі оқиғаны ешкімге айтқан жоқсың ба? – деді әкем.
– Жо-жоқ, айтқан жоқпын.
– Дұрыс, ешкімге айтушы болма, айыппұл салуы мүмкін. Бізде ақша жоқ екенін білесің ғой.
– Иә!
Шынында да, ол кезде колхозшыларға ақша бермейтін. Орақ аяқталғаннан кейін, күзде әркімге еңбеккүніне қарай астық үлестіретін. Бидайды төр үйге жайып кептіруші едік. Сосын оны біздің ауылға Қорғаннан жиі келіп тұратын ұшқыштарға сататынбыз. Олар ауылдағы Смайылов Мұздыбай мен Мұздақбайдан аулаған балықтарын әкетіп отыратын. Шамасы келісімшарттары болған ғой. Бидай сатып алған ұшқыштар берген үлкен-үлкен қағаз ақшаны көргенде әке-шешеміздің көздері шараларынан шығып кетердей болатын, қуаныштарында шек болмайтын. 1947 жылғы ақшалар ірі болушы еді.
Астына сабан төсеп, қасқырдың терісін сыпырды әкем. Мен аяқтарын ұстап тұрдым. Терісін алып, етін шанаға салып, малдың қиын төгетін жерге апарып көміп тастадық. Құтжол қорадағы қанға тойды. Тұз сеуіп, теріні орап тастадық. Жаңа сойылған қойдың терісін де осылай істейтін әкем. Тері бірнеше күн тұздалып жатқаннан кейін оған ұннан жасалған ашытқы жағып тағы оралатын. Осылай қанша жататынын білмеймін, кейін терінің майын сылуға кірісетін. Ол үшін ауыз үйдегі ашаға қаңылтыр ләгенді мықтап бекітетін. Содан кейін үстіне теріні жауып, орақтың өткір жүзімен қыра бастайтын. Бұл – ұзақ та қиын жұмыс. Сонысына қарамай тері әбден ағарғанға дейін қырылатын. Қасқырдың терісі де осы әдіспен иленді. Бірақ оны ешкімге көрсетуге болмайды. Тері әбден кепкеннен кейін шешемнің азын-аулақ маталарын сақтайтын сандықтан орын алды.
Біздің ауылда Темірбайдың Омары бұған өте шебер болатын. Иленген теріден шалбар, тон тігетін, теріні жидітіп, жүнінен арылтып, былғары жасап, етік те тігетін. Менің әкемнің тон, шалбар тіккенін көрген жоқпын, етік тігетін өнері болды. Ол үшін, қайдан алатынын білмеймін “әмірқан ұлтан” деп аталатын қалың да мықты былғарыны пайдаланатын. Ол кезде бұл сөздің мағынасын білмеуші едім. Сөйтсем, Петропавлдың былғары зауытының өнімі Америкаға жіберіледі екен. Онда былғарының бірнеше қабаты біріктіріліп, қалың өнім жасалып, бізге қайта жіберіледі екен. Ол етіктің табанына, өкшесіне пайдаланылады. Бұл Америкадан келетін өнім болғандықтан, қазақтар “әмірқан ұлтан” деп атайды екен.
Қасқырдың терісі, бәлкім, осы күнге дейін сандықтың түбінде жата берер ме еді, қайтер еді, мына бір жағдай болмаса. Аштық жылдары жаяулап-жалпылап сонау Челябіге барып, әкем телефон желісін тарту үшін жер қазуға, шешем тігін фабрикасына жұмысқа тұрып, екеуі тапқан азын-аулақ ақшаның басым бөлігін жалдаған пәтерге төлеп, кейде ашқұрсақ жүріпті. Бірнеше жыл солай күн көріп, ауылға оралды. Колхоздың ауыр жұмысын істеп әбден қажығандықтан болар, шешеміз сырқаттанып, жағдайы күннен-күнге ауырлай берді. Ол кезде аурухана аудан орталығы – Пресногорьковта ғана бар. Оған апаратын көлік жоқ. Осы қиындықтан ағам Амангелді Жаңажолдағы оқуын үзіп, үш жыл үй шаруасымен айналысты да, тек үлкен ағам Сапи үйленгесін ғана оқуын жалғастырды. Соның салдарынан өзінен үш-төрт жас кіші балалармен бірге оқуына тура келді. Ол орта мектепті бітіргесін шешемді өзім емдеуім керек деген оймен Алматының медицина институтына оқуға түсті. Өкінішке қарай, оның арманы жүзеге аспады, ол Алматыға жеткен күні шешеміз көз жұмды.
Мектепті қазақша бітірген Амангелдіге орысша оқу оңайға түскен жоқ, әрине. Оның үстіне дәрігер мамандығы ағылшын тіліне тікелей байланысты ғой. Мұның оқуды, тіпті, қиындата түскені айдан анық. Үйден жіберетін азын-аулақ ақша тамағы мен киіміне жете қоймағасын, түнде вагоннан жүк түсіріп те жүріпті. Осындай қиындық көрсе де ағам институтты жақсы бітіріп, жолдамамен Қостанай облысындағы сол кезде жаңа ғана салынып жатқан кеншілер қаласы – Рудныйға келіп жұмысқа орналасты. Талай жанды ажал аузынан арашалап қалды. Сөйтіп, қаланың ғана емес, сол төңіректегі елді мекендер тұрғындарының алғысына бөленді, беделі өсе түсті. Сол беделінің арқасында қалалық аурухана жанынан бөлек отоларинголог бөлімшесіне жеке ғимарат салғызып алды. Осы жерде алдымды орай айта кетейін, оған СКРО денсаулық сақтау саласының үздігі, Рудный қаласының құрметті азаматы атақтары беріліп, ол дүние салғаннан кейін шаһардың бір көшесі есімімен аталды.
Сол Амангелді бірде ауылда бәріміз басымыз қосылып отырғанда:
– Баяғы қасқырдың терісі бар ма? – деп сұрады.
Сандық түбінде әлі сақтаулы екен. Оны естіген ағам өзіне келіп емделіп жүрген бір аңшыда қасқырдың үш терісі бар екенін айтты. Әрине, үш теріден қандай киім тігуге болады. Төрт тері болса бір ішік шығып-ақ қалады. Егер үш теріні ол сатып алса, мен ішіктің сыртын қаптайтын мата сатып әперетінімді айттым. Солай келістік. Ақыры, қасқырдың төрт терісі жиналды.
Ішікті кімге тіктіреміз деп алаң болмадық. Өйткені, оны шешеміздің Ақбалықта тұратын апасы Бөкестің тігіп беретініне сенімдіміз. Ол – осы төңіректегі аты әйгілі тігінші. Ұлы Отан соғысы жылдарында ауыл-ауылдан іс тіге білетін қыз-келіншектерді жинаса керек. Сондай шақыруға іліккен Бөкес апам Қызылжар түбіндегі Затондағы фабрикада әскери киім тігуге қатысқан екен. Ол ерлердің де, әйелдердің де киімдерін сәнді, денеге қонымды етіп тігетін. Аудан басшылары, тіпті, голифе тіктіруге бірнеше күнге алып та кететін. Сөйтіп, Бөкес апам төрт теріден әкеме қасқыр ішік тігіп берді.
Осы қасқыр ішікті әкем бірнеше жыл киді. Жастайынан ауыр жұмыс істеп, бейнет көргендіктен болар, өмірінің соңғы жылдарында жиі сырқаттанатын болды. Шынын айту керек, сырқаттана бастаса-ақ ағам Амангелді Рудныйға алып кетіп, емдеп, ауылға қайта жеткізіп жүрді. Бірақ 1980 жылы ауруы асқынып, төсек тартып жатып қалды. Жағдайын білуге бардым. Қасында бірнеше күн болдым. Менің белден, асқазан сырқаттарынан талай ауруханада жатқанымды жақсы білетін әкем бірде:
– Сенің денсаулығың онша емес қой, жылы киініп жүргенің дұрыс болар. Мына қасқыр ішіктің енді маған керегі бола қоймас, оны сен киетін бол, – деп боларда-болмай маған кигізіп көрді. Көп ұзамай әкем дүние салды. Артынан ағам Сапи: “Мына қасқыр ішікті алып кет, әкеміз саған аманат етіп тапсырды ғой”, – деп маған берді. Мен оның тысын жаңалап, қайта тіктірдім. Бірақ ұзақ кие алмадым. Қолдан иленген тері ғой, қылшығы киіміме жұға беретін. Сол себепті әкемнің қасқыр ішігі қарашаңырақтың төрінде ілулі тұрсын деп ауылға, үлкен ағам Сапидың үйіне апарып бердім.
Тағы бірде жол түсіп ауылға бара қалсам, төрде ілулі тұратын қасқыр ішік жоқ. Аң-таң болдым. Ішіктің қайда кеткенін сұрадым. Сөйтсем, ағам Жалтыршада тұратын, орманшы болып істейтін жездеміз Сәбит Қосанұлына беріпті. Өйткені, оның жолдасы Кенжеш Жантемірқызы әкемнің туған қарындасы еді.
– Ағамның көзі ғой, маған бер, төріме іліп қояйын, – деп сұрағасын бермеуге ұялдым, – деді Сапи ағам маған.
– Әкем маған берген еді, қарашаңырақтың төрінде ілулі тұрсын деп саған әкеліп беріп едім, менімен ақылдаспай бекер істегенсің, аға, – дедім. Бірақ қасқыр ішікті қайырып алуға дәтім бармады. Сол ішік қазір Қызылжар шаһарының маңындағы Бескөл ауылында тұратын жиенім Қайрат Садықовтың үйінің төрінде ілулі тұр. Жиенімнің айтуына қарағанда, Қызылжар ауданында өткізілетін мерекелерде ұлттық киім ретінде киіз үйлердің төріне ілініп қойылады екен. Әкемнің қасқыр ішігінің ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға жарап жүргеніне шүкіршілік етемін. Қасқыр ішіктің тарихы, міне, осылай болатын.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.