Республикалық “Жас ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатары бір жүзге жуық солтүстікқазақстандықпен толықты. Облыс орталығындағы №8 мектептің акт залына жиналған оқушыларды ұйымның мүшелігіне жергілікті билік өкілдері қабылдады.
Шараны ашқан Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов жиналғандарды оқушылар қозғалысының міндеттерімен таныстырып, жас буынға осы жолда сәттілік тіледі.
– Бұл ұйым 2011 жылы Елбасының бастамасымен құрылды. Оның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялату. Ұйымға оқу озаттары мен белсенділері, түрлі жарыстардың жеңімпаздары ғана қабылданады. Оның қатарына қосылу – әрбір шәкірт үшін үлкен мәртебе. Ұйымға қабылданған әр оқушы еліміздің рәміздерін құрметтеуге, өңіріміздегі түрлі іс-шараларға белсенді атсалысуға міндетті, – деді ол.
Жиында “Үздік ұлан” қалалық байқауының қорытындысы шығарылып, Петропавлдағы №23 мектептің ұжымы жеңімпаз атанды.
Айта кеткен жөн, ұйымға өткен бес жылда он мың оқушы қабылданған.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.