«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАУДА

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері сыбайлас жемқорлықпен күреске қатаң қадағалау жүргізеді. Осы бағыттағы жұмысты ширату мақсатында мекемеде ішкі қауіпсіздік және адам ресурстары басқармалары құрылған болатын. Сыбайлас жемқорлық тақырыбы төңірегінде баспасөз мәслихатын өткізген департамент басшысы Данияр Жанәлінов: “Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы – қатал тәртіп. Яғни, жұмыста белгіленген тәртіп пен ереже сәл бұзылса, ол жайт ескерусіз қалмауы керек. Әрбір қызметкердің жұмыс орнын бағалап, заңсыз әрекеттер жасаудан тайсалғаны жөн. Олар өз жұмысына құрметпен қарау үшін ұжымда – ауызбірлік, жариялылық, сыйластық болуы шарт. Олардың әр күні қызықты да мазмұнды өтсе, бұл жұмыстан айрылып қалмауды ойлайды”, – дейді.

2015 жылы облыс бойынша департаменттің лауазымды тұлғаларының сыбайлас жемқорлыққа қатыстылығы туралы 12 факт тіркелгенімен, тексеріс барысында оның үшеуі ғана дәлелденген. Биыл жолы кесілген алты жайттың біреуі бойынша ғана қылмыстық іс қозғалды. Департамент басшысы сыбайлас жемқорлықтың, заңсыз әрекеттердің құрығына түскен кез келген адам жауапқа тартылатынын атап өтті. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын мемлекеттік кірістер органының басшылық лауазымында отырған тұлға заңсыз әрекеттерге жол берген. Ішімдік ішіп, көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айрылған әлгі басшы айла жасап, жалған куәлікпен жарты жыл көлік жүргізіпті. Бұл заңсыз әрекеті үшін ол ішкі істер органының құрығына бір іліксе, жұмыс орнынан шығаралып тағы ұтылды.

Департамент қызметкерлерінің өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы маңызды мәселе. Сол үшін түрлі шаралар өткізіліп, ар-ожданның қорғалуына кеңестер беріледі. Жақында мекеменің бір қызметкері өзіне пара ұсынған адаммен басшылықты беттестіріпті. Теріс пиғылы әшкереленген азамат барлық салық төлемдерін заң жүзінде төлейтіндігін айтып құтылған.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp