«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАТЫСУДЫҢ ӨЗІ — ЖЕҢІС

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жеңіл атлетикадан республикалық турнир биыл алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысында өткізіліп отыр. Турнирдің ашылу салтанатында спортшыларды облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап, сәттілік тіледі.

– Басқа өңірлердегідей, біздің облыста да мүмкіндігі шектеулі жандарға, оларды қолжетімді жұмыспен қамтуға, мұқтаждарына қарай тиісті дәрежеде жағдай жасауға назар аударылады. Мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміз де қатардан қалған емес. Олар спортта да, еңбекте де, өнерде де өздерін бір кісідей танытып жүр. Оған жерлес спортшыларымыздың жетістіктері мысал бола алады, – деген Мадияр Қожахмет турнирді ашық деп жариялады.

Өңірімізде 2004 жылдан бастап “Спешиал Олимпикс” республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы жұмыс істейді. Жергілікті түзету мектептері мен интернаттарының тәрбиеленушілері жыл сайын республикалық, халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындар иеленіп келеді. Мәселен, 2015 жылы АҚШ-та өткен Дүниежүзілік жазғы “Спешиал Олимпикс” турнирінде бес солтүстікқазақстандық күміс жүлдегер атанса, биыл ағайынды Дмитрий және Евгений Сабирхузиндер Австрияда шаңғы жарысы бойынша қола жүлде иеленді. Сонымен қатар Грекия және Жапония елдеріндегі турнирлерде жоғары дәрежеде өнер көрсеткен жерлес спортшыларымыз бар, олар келесі жылы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жарысқа қатысады.

Петропавлдағы турнирде Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау бастаған сегіз өңірден жиналған 150-ден астам спортшы бақ сынайды. Алпысы – жергілікті спортшылар. Жарысқа жиырма жылдан бері төрелік етіп келе жатқан бас төреші Александр Мицихтің айтуынша, қатысушылар 30, 60, 200 және 400 метрге жүгіріп, ұзындыққа секіріп, доп лақтырудан сынға түседі. Екі деңгей бойынша өтетін жарыстың біріншісіне – даун синдромымен ауыратын, ал екіншісіне басқа да медициналық ауытқулары бар спортшылар қатысады. Сондай-ақ, спортшылар жас ерекшеліктері бойынша да бөлінеді.

– Биыл біздің бірлестікке 25 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында спортшыларымыз жазғы және қысқы спорт түрлерінен ірі жарыстарға қатысып, 250 алтын, 147 күміс және 150 қола жүлде иеленді. 2019 жылдың наурыз айында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін турнирге еліміздің 12 өңірінен 60 адам қатысып, спорттың 15 түрінен өнер көрсетеді. Солтүстікқазақстандық спортшылар волейболдан ел намысын қорғайтын болады, – деді “Спешиал Олимпикс” қайырымдылық бірлестігінің бас директоры Ольга Бахарева.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp