«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУЛЫЛАРДА – ҚАПТАҒАН ҚАТЕЛЕР

Газетімізде жергілікті билік органдары қабылдаған ресми құжаттар жиі жарияланады. Олар облыстық әділет департаменті арқылы мемлекеттік тіркеуден өтсе, қате өріп жүрсе де, өзгеріссіз жариялануы тиіс. Мұны былайғы жұрт біле бермейді. Содан да оқырмандар реніштерін білдіріп жатады. Жақында телефон шалған бір оқырманымыз: “Қаулы-қарарларды түсініп болмайды, толған қате. Басқа қателер өз алдына, бірақ “ауыл”, “ауылдық округ” деген сөздерді неге әлі күнге дейін “село”, “селолық округ” деп жазасыздар”, – деген реніш білдірді. Ол оқырманға газеттің жұмысын түсіндіріп, ондай ресми құжат түріндегі жарияланымдарды түзетуге құқығымыздың жоқтығын айттық. Бірақ бұл бір ғана оқырманның түсінгені, ал газеттің таралымы 10 мың данадан асады.

Оқырман алдындағы абырой газет ұжымы үшін маңызды. Сол себепті бұл мәселеге терең үңіліп, аталмыш қаулы-қарарлар мен басқа ресми жарияланымдар біздің қолымызға тигенше оларды жинақтап, теріп, аударып, түзетіп, таңбалап, мөрлеп беретін атқарушы органдарға хабарластық. Ондағы мақсат – кінәліні жазғыру емес, ақиқаттың шегіне жете отырып, олармен бірлескен жұмысымызды ширату. Халыққа сауатты, түсінікті, дәлелді құжаттар ұсыну.

Газетте жарық көрген қаулы-қарарлардың қай-қайсысынан болсын қате табу оңай, бірақ олардың әрқайсысын тізбектеп отыру қиын. Көп уақытты талап етеді. Сондықтан газетіміздегі облыстық әкімдіктің қаулысы жарияланған екі-үш санмен шектелдік.

Үстіміздегі жылдың 8 қыркүйегінде жарық көрген “Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтер регламенттерін бекіту туралы” облыс әкімдігінің қаулысы назарға ілікті. Мәселенің мәнісін білім басқармасы дайындаған материалдан бастауымыздың жөні бар. Біріншіден, жоғарыда айтылған оқырман реніші осы қаулыға байланысты болатын. Екіншіден, “Ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген, сауаттылық пен жауапкершілікке өзгені үйрететін мамандар шоғырланған басқармада мұндай олқылықтарға жол берілуі дұрыс па?” деген сауал көкейде тұрды. Оқырман айтқан сын бойынша “ауыл”, “ауылдық округ” ұғымдарының неге дұрыс жазылмағанын сұрап, аталмыш мекемеге хабарластық. Сөйтсек, ондағы қаулы-қарарлар мен ресми құжаттарды қадағалайтын бас маман, заңгер Евгений Гарцун Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы заңның соңғы өзгерістері мен толықтырылуында “село” деген сөз “ауыл” болып өзгергенін білмейтін болып шықты. Бұл заңнама 2013 жылы жарық көрген. Заңнамада көрсетілген ережені дұрыс білмей тұрған маманнан мәтіндегі басқа қателер туралы сұрауды жөн көрмедік.

Ал қазанның 6-сы күні газетіміздің кезекті санында (№135) жарық көрген “Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенттерін бекіту туралы” облыс әкімдігінің қаулысы, тіпті, сорақы. Қаулының тақырыбынан бастап, мәтіннің соңына дейін қаптаған қате. Корректорлар мәтіндегі 100-ге жуық грамматикалық, орфографиялық қателерді түзетті. Ондағы “қызмет” сөзіндегі “м” әрпінің түсіп қалуын техникалық ақау дейін десек, бұл қате мәтінде 10 рет қайталанған. Мәтінді құрастырған адам орыстілді болып, көп жерде қазақ әріптерінің жазылуын білмеді дейін десек, “лицензия” сөзінің өзі бірнеше жерде қате жазылыпты. Аудармашы “в случае выдачи дубликата” деген сөз тіркесінің аудармасын жасай алмаса керек, орысша қалпында жібере салған. Мәтіндегі “қызметтік бөлек түрлерімен айналысу” деген сөз тіркесі қандай ұғымды білдіретінін ұқпай, орысша түпнұсқасына сүйенуге тура келді. Сөйтсек, бұл “занятия отдельными видами деятельности” деген сөз тіркесінің аудармасы екен.

Мұндай өрескел қателер жұрттың түсінігінде қандай ой туғызуы мүмкін? Бұл – мемлекеттік құжат. Оларды құрастырушы, тексеруші, мақұлдаушы органдар өз жұмыстарына салдыр-салақ қарап, мемлекеттік құжатты толған қатемен жариялауға құқықтары бар ма?

Нормативтік-құқықтық акт облыстық әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтеді. Яғни, облыстық әділет департаменті – өз кезегінде ресми құжаттардың мазмұны мен мәтінінің дұрыс құрылуын, сауатты жазылуын тексеріп, соңғы нүктесін қоятын мекеме. Сондықтан өзімізді толғандырған сауал бойынша аталмыш департаментке хабарластық.

– Қаулыдағы қателерді аңғармай, тіркеуден өткізгеніміз – бізге айтылған үлкен сын. Ол мекемемізде аудармашылардың жетіспеушілігінен орын алып отыр. Сондай-ақ, қаулы-қарарларды дайындап әкелген сала мекемелерінің жауапкершілігіне сеніп қаламыз. Орта есеппен біздің бөлім айына 40 құжатты тіркеуден өткізеді. Ол құжаттар бір-екі парақтан тұрмайды. Сондықтан бірде болмаса, бірде қателер кетіп жатады. Алдағы уақытта мұндай олқылықтардың алдын алуға тырысамыз, – деп ақталды нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің бас маманы Қанат Таласбаева.

Ал осы екі қаулының “Северный Казахстан” газетінде жарық көрген орысша нұсқалары сауатты. Бұл құжаттардың әлі күнге дейін орыс тілінде құрастырылып, кейін қазақшаға аударылатындығын білдірсе керек. Сондықтан біз жергілікті билік органдарының ресми құжаттарының қазақ тіліндегі нұсқасын түсінбей, көп жағдайда сол құжаттардың орыс тіліндегі мәтініне арқа сүйейтініміз рас. Оған облыстық тілдер басқармасының ономастика бөлімінің бас маманы Фарида Тұяқова: “Бұл мәтіннің түпнұсқасын орысша құрып, содан кейін қазақша аударудың салдарынан. Сондай-ақ, аудармашылардың біліксіздігі де байқалып жатады”, – деген түсініктеме берді.

Тәуелсіздік туы желбірегеніне ширек ғасырға жақын. Елімізде 1989 жылы “Тіл туралы” заң қабылданып, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесін алды. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілді. Ендеше, қазақ тілінің мәртебесін іс жүзінде қандай деңгейге көтеріп жүргенімізді жұрт жоғарыдағы кемшіліктерімізге қарап бағаласа, олардың көңілдеріне қаяу түсуі орынды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp