«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІПСІЗДІК ҚАЛҚАНЫ

Осыдан ширек ғасыр бұрын еліміздегі қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен ішкі тәртіпті қадағалау Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланына сеніп тапсырылған еді. Содан бері бұл міндетті сарбаздар мүлтіксіз атқарып келеді. Бұрнағы күні Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ғимаратында Ұлттық ұланның офицерлері мен сарбаздары 25 жылдық мерейтойларын салтанатты түрде атап өтті. Оларды төл мерекелерімен облыс әкімінің атынан оның орынбасары Антон Федяев құттықтады.

– Күн сайын 300-ден астам сарбаз өңіріміздің қоғамдық тыныштығы мен тәртібін қамтамасыз ету үшін кезекшілікке шығады.

Сіздер – еліміздің сенімді тірегісіздер. Өскелең ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеп, әскери міндеттеріңізді абыроймен атқарып жүрсіздер. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық-саулық тілеймін, – деген ол алты әскери маманға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті.

Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтының бастығы, полковник Жұмабек Ахметов өзі басқаратын оқу орнының тарихына тоқталды. Биыл Петропавлдағы Әскери институттың құрылғанына да 20 жыл толғалы отыр. Осы уақыт аралығында жоғары оқу орнын 3 мыңға жуық сарбаз тамамдаған. Бүгінгі таңда олар еліміздің барлық өңірлерінде абыройлы қызмет етіп жүр.

Жалпы өткен жылы Ұлттық ұланның сарбаздары ел аумағында орын алған 11 төтенше жағдайдың, оның ішінде үш лаңкестік әрекеттің зардабын жоюға қатысыпты. Енді олар жақын күндері Алматыда шымылдығын ашатын XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада кезінде тәртіпті қадағалайды. Сонымен қатар, олар үстіміздегі жылдың жаз мезгілінде елордада өтетін ха­лық­аралық “ЭКСПО – 2017” көрмесінің қау­іп­сіздігін қамтамасыз етуге де атсалыспақ.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp