Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушыларына екпе салынды. Бүгінде оқу ордасында 1061 бала білім алуда. 12 мен 18 жас аралығындағы 500-ге жуық оқушы бар.
Қазақ мектеп гимназияның директоры Бұлбұл Ахмадиқызы бұған дейін ата-аналармен жиналыс өткізіліп, дәрігерлер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Екпе қою ерікті түрде әрі ата-аналардың рұқсатымен ғана жүргізілетінін баса атап өткен Бұлбұл Ахмадиқызы балалар арасында басталған вакциналау науқанының алғашқы күнінде тоғыз оқушы мен бала күтіміне байланысты декреттік демалыстан шыққан үш педагог екпе алу туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
– Балаға екпе қоймас бұрын, алдымен денсаулығын тексеріп алу қажет. Егер қарсы көрсеткіштері болса, вакцина қою кейінге шегеріледі. Ата-аналардың рұқсатынсыз ешқандай екпе қойылмайды. Бір ампула 6 дозаға шақталған. Вакцинадан соң балалардың жағдайы бақылауда болады. Ал 21 күннен кейін “Pfizer” вакцинасының екінші компоненті қойылады, – деді білім беру ұйымында балаларды медициналық тексеруден өткізген №3 қалалық емхананың дәрігері Ертай Тасболатов.
Қарлығаш Қалижанованың қызы аталмыш мектепте оқиды. Ол вакцина арқылы қауіпті кеселдің бетін қайтаруға болатынын түсініп, баласының денсаулығы үшін екпе қойдыруға рұқсатын берді.
– Жолдасыммен ақылдаса келе, баламыздың денсаулығы үшін ең тиімді шешім екпе алу деп ұйғардық. Мен ешкімді де үгіттемеймін. Бұл әр адамның өз таңдауы. Бұған дейін де жұқпалы ауруларға қарсы екпе алдық. Ағзаның қорғаныш қабілетін қалыптастыруда екпенің пайдасы зор деп ойлаймын, – деді ол.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.