Өңірде күн жылынғалы 24 автожолды су басты, қазір бұл учаскелердің басым бөлігінде жағдай жақсарған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы Владимир Хутинаевтың айтуынша, қазіргі уақытта аудандық маңызы бар бірер жолды су басқан.
– Уәлиханов ауданындағы Қаратал мен Бірлік ауылдарында энергетиктер мен департаменттің қызметкерлері апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сілеті өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты мұнда 3 электр тарату бағаны зақымданған. Салдарынан екі ауылда жарық сөнді, – дейді Владимир Хутинаев.
Маманның айтуынша, осы екі елді мекен маңындағы өзенде мұз жару жұмысы жүргізіледі. Бұл мақсатқа арнайы мамандар шақырылды.
Уәлиханов ауданында Сілеті өзенінің деңгейі көтерілуде. Қаратал мен Қулыкөл ауылдарының маңында жолды су басты. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жол талғамайтын көлікпен ауыл тұрғындарына керек заттарын жеткізіп беріп жатыр. Бұдан бөлек, елді мекендерге баратын айналма жол бар. Тұрғындарды эвакуациялаудың қажеті жоқ.
«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мәліметінше, өңірдегі су айдындарында жағдай тұрақты. Биыл өткен жылғыдай алапат су тасқыны қайталанбайды. Қазіргі метеорологиялық көрсеткіштер 2014 жылғы жағдайға ұқсас.
– Кей жағдайларда табиғи апаттың болуына көктемгі факторлар әсер етеді. Олар – көктемнің ерте не кеш келуі, сондай-ақ топырақтағы ылғалдың жиналуы. Егер өткен жылы су тасқынына дайындық 28 наурызда басталса, биыл ерте іске кірістік. Өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай қауіп жоқ, – дейді филиал басшысы Қымбат Мерғалимова.
Мәселен, 31 наурыз сағат 8.00-дегі жағдай бойынша, бір тәулікте Бабық-Бұрлық, Аққанбұрлық өзендерінде шамамен жарты метрге дейін су деңгейінің көтерілгені тіркелген. Алайда қауіпті деңгейге дейін әлі біраз бар. Су Есіл өзенінің Тоқсан би ауылының маңында 23 см-ге, Покровка маңында 6 см-ге, Новоникольское маңында 4 см-ге, Долматовода 59 см-ге және Шөптікөл маңында 105 см-ге көтерілген. Қалған гидрологиялық бекеттерде су деңгейінің 7-2 см-ге түскені байқалады.
Сергеев су қоймасындағы деңгей 90 см, қазір нысан 116 пайызға толған. Петропавлдағы су қоймасында су деңгейі өткен бір тәулікте 52 см-ге көтерілді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».