Үстіміздегі жылдың 30 қараша күні жарияланған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдау еліміздің даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Бүгінгі күні жағамыз жайлауда, жайбарақат жүретін уақыт емес екендігін еске салған Президентіміз белін бекем буған, бірлікті ту еткен, ерінбей еңбектенген халық қана қиындықты еңсере алатынын жеткізді. “Бүгінгі ахуал – жетістіктерімізді сынға алып, елдігімізді шыңдай түсетін кез. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз қажет. Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал табуымыз керек”, – деді.
Жолдауда әлемдік дағдарыстағы Қазақстанның беталысы айқындалып, Тәуелсіздігінің 25-ші жылына аяқ басып бара жатқан еліміздің болашағы айқындалды. “Біздің халық дәл қазіргідей жақсы өмір сүрген емес”, – деп ойын ортаға салған Елбасымыз Қазақстанның бұдан да жайсыз жағдайда өзінің қайсар мінезін көрсете білгенін, қиындықтарды артта қалдырып, қазіргі жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Ендеше бұл дағдарыс та өтпелі құбылыс, ал нағыз мәңгілік құндылықтар тәуелсіздік, бірлік, бейбітшілік, қауіпсіздік болып қала береді.
Әдеттегідей, Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауы арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты нақты тапсырмалар берді. Назардан тыс қалдырмайтын әлеуметтік саланы баса айтты. “Жаңа жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы көбейеді. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне негіз бола алады”, – деді ол.
“Нұрлы Жол” әрбір қазақстандықтың тұрмысын жақсартуға, ел экономикасын өркендетуге бағытталған Жолдау болса, “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауы күн сайын тұрақсыз болып бара жатқан әлемдік аренадағы Қазақстанның бетбұрысын нақтылай түсетін, терроризм мен экстремизм белең алған жағдайда елдің жігерін шыңдап, намысын қамшылайтын, сөйтіп, небір күндерді басынан өткерген қазақ халқы қайткенде де осынау алмағайып заманның қиындықтарын жеңіп шығуға бастайтын үндеу болып табылады. Сондықтан атқарылатын жұмыстарға аса жауапкершілікпен қарап, нәтижелі орындау біздің басты мақсатымыз болуға тиіс.
Шырынгүл МУСИНА,
Уәлиханов аудандық
мәслихаты аппаратының басшысы.