
Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында: “Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекетімізді мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі де өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді”, – деді.
Әрине, тәртіп сақшылары да еліміздің күрделі, қиын кезеңнен аман-есен өтуіне қолдан келгенше қажыр-қайратын аямауға дайын. Президентіміздің Жолдауын Қазақстан халқы үшін жұмыла, күш біріктіре отырып, кез келген асуды бағындыруға арналған нұсқаулық деп те бағалауға болады. Қазақстан халқын татулық пен бірлікке ұйытып отырған Елбасының бастамалары бізді аянбай еңбек етуге жетелейді.
2016 жылдың қаңтар айынан бастап жаңа қылмыстық заңнама қолданысқа енеді. Жаңа құжат авторлары биыл өңірімізге арнайы келіп, полицейлерге Қылмыстық процестік кодекстің ұтымды тұстарын түсіндірді. Бұдан бөлек, ғылыми-тәжірибелік семинарларда жаңа заңдардың негізгі ережелерінен мағлұмат беріліп, құқықтық саладағы проблемалардың шешіміне ықпалы бар ой-пікірлер айтылды. Әріптестікті дамыту, ынтымақтастық орнату мақсатында Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында ішкі істер департаментінің үйлестіру тобы мен Ресей Федерациясының Қорған, Омбы, Түмен облыстарының Ішкі істер министрлігі басқармасының қатысуымен мәжіліс өтті. Кездесу барысында екі елдің құқық қорғау органдарының арасында 2016 жылға арналған қылмысқа қарсы іс-қимыл және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі өзара бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
Полицияның жедел-қызметтік жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін қоғамдық кеңестің жұмысы барынша жандандырылды. Кеңес мүшелері ішкі істер департаментінде өткізілген барлық іс-шараларға, жедел мәжілістерге қатысып, тәртіп сақшыларының жіберген қателіктеріне объективті баға береді. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестің мүшелерінің қатысуымен көшпелі кеңестер өткізу қолға алынды.
Біздің департаментте жас қызметкерлер мен ардагерлер қызметінің сабақтастығын қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінуде. Жас кадрлар үшін тәлімгерлік институт, жауынгерлік және қызметтік дайындық мектебі жұмыс істейді. Жас сержанттар негізгі қызметімен бірге спорттық жарыстарда қабілеттерін байқатып, шығармашылық байқауларға белсене қатысады. Ал ішкі істер органдарының ардагерлері жастарға жол сілтеуші. Бізде ардагерлерді “Қазақстан” шипажайына тегін емделу курстарына жіберу игі дәстүрге айналды. Жақында Тұңғыш Президент күні қарсаңында облысымыздың барлық аудандарынан келген 19 ардагер арнайы жолдамамен демалып қайтты. Жыл басынан бері Алматы қаласындағы шипажайға бұрынғы полицейлердің төрт легі барды.
Қылмыстың алдын алу, “мүлдем төзбеушілік” қағидатын енгізу және қоғамда тәртіпті сақтау бойынша жұмыстарды бір сәтке де әлсіретпейміз. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда, көшелерде жасалатын қылмыс пен топтық қылмыс саны әжептәуір азайды. Мүліктік қылмыстың жолын кесу мақсатындағы жұмыс нәтижесінде бөтеннің мүлкін ұрлау – 6,2 пайызға, ауыр қылмыс түрлері 29,3 пайызға азайды. Азаматтық қоғам институттарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз ынтымақтастық орнаған.
Әрине, ауқымды жұмыс тындырылды, бірақ алда әлі де шешімін күткен мәселелер бар. “… Бізде ең жақсы техникалық кадрлар, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым болуы, қоғамдық тәртіп пен адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс”, – деген Елбасының сөздері бізді осы жылдың басты құжатында белгілеген нақты бағдарларды жүзеге асыруға міндеттейді.
Берік БІЛӘЛОВ,
облыстық ішкі істер департаментінің бастығы,
полиция генерал-майоры.