Бүгінгі таңда кәсіппен айналысамын деген ниеті бар адамдар үшін мемлекет барлық жағдайды жасауда. Осындай мүмкіндікті мүлт жібермей, талпынысының арқасында табыс тауып отырған еңбек адамдарының бірі – Қызылжар ауданындағы Шаховское ауылының тұрғыны Жанат Ғаббасов.
Жеке кәсіпкер құс өсірумен айналысады. Ол шілде айында Башқұртстаннан қаз балапандарын сатып әкелген. Алғашында оларды бір ай бойы арнайы құра-мажеммен тамақтандырса, арада біраз уақыт өткеннен кейін негізгі азық түрін бидай мен сұлы алмастырған. Әрине, қиындықтар болған, бірақ ерінбей еткен еңбектің нәтижесінде балапандар қазға айналып, күн сайын қанаттары қатая бастаған. Бүгінде олардың салмағы үш килограмға жетеді.
– Құс өсірумен айналысу үшін мемлекеттен төрт миллион теңге алдым. Енді берешекті бес жылдың ішінде 700 мың теңге үстемеақысымен қайтарамын. Қаздардың ішінде “Итальянка”, “Линда”, “Арслановская помес”, “Африканско-кубанский”, “Калмагорский” деген тұқымдар бар. Олар біздің ауа райына төзімді. Мысалы, мен сатып алған екі мың бастың 1800-і қалды. Бұл жерде бастысы қаздардың күтімі мен жем-азығына баса назар аудару керек. Сонда олардың салмағын тоғыз килограмға дейін жеткізуге болады, – дейді “Ғаббасов” жеке кәсіпкерлігінің иесі.
Күн сайын кем дегенде 500 килограмм жемазық кетеді екен. Қанаттылар суға түскенде тез жетіледі. Осыны ескерген кәсіпкер орамының ішінен тереңдігі 7,5 метр болатын шұңқыр қазып, оған су құйып қойған. Онымен қоса, 150 шаршы метр аумақты алатын екі қора салған. Осылайша, ол сатып алған қаз-үйректерінің тезірек өсіп-жетілуі үшін қолдан келген барлық жағдайды жасаған.
Жоғарыда атап өткен жұмыстардың барлығына төрт миллион теңге жұмсалған. Қомақты қаражатқа қол жеткізу үшін іскер азамат мемлекеттің қолдауына жүгінген. Сөйтіп, ол Петропавл қаласындағы үш бөлмелі пәтерін бес жылға кепілдікке қойып, жылдық алты пайыз мөлшерлемемен шағын несие алған.
Айта кету керек, кәсіпкер қаржы ұйымынан алған негізгі қарызды тоғыз ай өткеннен кейін ғана қайтара бастайды. Бұл – құс өсірумен айналысатын шаруашылықтарға арналған жеңілдіктердің бірі. Қаз өсірудің қыр-сырын бір адамдай меңгеріп алған Жанат Ғаббасов қараша айында қанаттыларды сойып, еттерін Петропавл және Астана қалаларына апарып сатуға ниетті.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.