Оқу мен еңбекті қатар алып жүріп Целиноград ауыл шаруашылығы институтының механикаландыру бөлімін тамамдаған Навои Сердалин Айыртау ауданына жолдамамен келген. Ауыл шаруашылығының әр саласында түрлі қызметтер атқарған ол кейін автомобиль паркінің меңгерушісі, инженер, “Гусаковка”, “Новосветловка” кеңшарларында бас инженер қызметтерін атқарады. Бұл қызметтерде өзін жақсы жағынан көрсете білген Навои Мақатайұлы 1998 жылы “Гусаковка” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып тағайындалды.
Мемлекет тәуелсіздігінің елең-алаң шағындағы қиыншылықтар еңбекпен ысылған серіктестік басшысын ширатпаса, жасыта алған жоқ. Өтпелі кезеңдегі қиыншылықтарға қарамастан дәнді және майлы дақылдардың, көпжылдық шөптердің өсімтал тұқымдарын өсірумен және сыртқа шығарумен айналысты. Қарамағындағы жұмысшыларды өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында еңбекке бір кісідей жұмылдыра отырып, агротехника ережелерін орындаудың арқасында тұрақты өнімге қол жеткізілді. Астықтың берекелігі гектарына 15-17 центнерден айналды. “Ол қиыншылықтардың бәрі артта қалды. Енді, міне, Тәуелсіздіктің ширек ғасырын да тойлағалы отырмыз. Биылғы жылы 14,5 мың гектардан астам алқапқа дәнді дақылдар, бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, біржылдық және көпжылдық шөптер отырғызған едік, оларды уақтылы жинап алдық”, – дейді кәсіпкер.
Серіктестікте мал шаруашылығы да дамуда. Асыл тұқымды ірі қара саны 1500-ге жетті, қазақтың сауын сиырларының жалпы саны 400 басты құрайды. Екі мыңға жуық ірі қарадан алынған төл де өсіп, жетілуде. Сүт пен ет өнімдері жыл сайын еселеніп келеді. Бүгінде серіктестік өзге шаруашылықтардың сұранысы бойынша асылтұқымды қара мал өсірумен айналысуда.
Серіктестіктің машина-трактор паркі де жаңартылған. Бес “Джон Дир”, үш “Класс” және тоғыз “Енисей” комбайны бар.
“Жомарт қолға аспандағы лашын қонар” демекші, Навои Мақатайұлы ауылдың әлеуметтік-мәдени саласы мен көркейту ісіне, ауданда өтетін атжарысқа да үнемі көңіл аударып, демеушілік жасайды. Шаруашылық есебінен ауылға су құбыры тартылып, жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар үшін монша, наубайхана, округ орталығында жастарға арналған демалыс орталығы да ашылған. Кәсіпорын басшысы серіктестік ғимараты мен демалыс орталығының алаңына асфальт төсетті. Ол мектептің, ауылдық дәрігерлік емдеу мекемесінің, 40 балаға арналған шағын орталықтың жөндеу жұмыстарына демеушілік көмек көрсетіп, шаруашылық есебінен қаражат бөлді.
Серіктестік басшысы ретінде соғыс және еңбек ардагерлеріне материалдық көмектер көрсетіп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын жыл сайын жемазықпен, қажетіне қарай жанар-жағармаймен қамтамасыз етеді.
Навои Сердалин басқаратын серіктестік көп жылдардан бері аудандағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Айыртау мектеп-интернатының төртінші отбасына демеушілік етеді. Интернатта өткізілетін әртүрлі мерекелік шараларда қарамағындағы отбасы тәрбиеленушілерімен тығыз байланыс орнатып, материалдық көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған.
Аудандық мәслихатқа үш рет депутат болып сайланған халық қалаулысы жастардың мәдени және адамгершілік тәрбиесінен шет қалған емес. Ол ауыл шаруашылығы және экология саласы, экономика, бюджет, салық және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі. Азаматтарды қабылдап, олардың көтерген мәселелеріне жанашырлықпен қарайды. Ауылдық округ әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді.
“Қолы ашықтың жолы ашық” дегендей, Навои Сердалинді аудан тұрғындарының кәрі-жасы жақсы біледі десем, артық айтқандық емес. Ол еліміз егемендігін алған сәттен бастап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, бар күш-жігерін халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсап келеді. Тынымсыз еңбегі мен жеткен жетістіктері үшін кәсіпкер “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл”, “Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл” мерекелік медальдарымен, “Ерен еңбегі үшін” медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және республикалық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының бірінші дәрежелі “Еңбек даңқы” белгісімен марапатталды.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Суретті түсірген автор.