Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті обаға қарсы бірыңғай үлгідегі бірнеше рет қолдануға болатын қорғаныс костюмдерін тігумен айналысады. Бүгінгі күні солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларының 68-і осындай қорғаныс костюмімен жабдықталған. Таяу арада тағы 250 жиынтық дайын болады.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, қызметкерлердің денсаулықтарын сақтауға ерекше назар аударылады. Өйткені олар жұмыс барысында өз денсаулықтарын қатерге тігіп, жүздеген адаммен қарым-қатынасқа түседі. Департаменттің медициналық қызметінің қызметкерлері блокбекеттердегі санитарлық-эпидиомологиялық жағдайға күнде мониторинг жүргізеді. Бұған қоса полицейлердің қауіпті инфекцияны жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау үшін медициналық тексеріс жүргізіле бастады. Облыс аумағындағы блокбекеттердің жұмысына жұмылдырылған 280 полицей тексерістен өтті. Олардың барлығының сараптамасы теріс нәтиже көрсетті. Медицина қызметкерлері алдағы уақытта солтүстікқазақстандық полицияның жеке құрамын түгел тексермек.