«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ КӘСІПКЕРГЕ ЖАЙЛЫ МА?

Салық кодексі аясында жүзеге асуы мүмкін жаңашылдықтың бірі – қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша есепке қоюдың шегін қазіргі 78 млн. теңгеден 15 млн. теңгеге дейін төмендету. Үкімет өкілдерінің пайымдауынша, бұл бизнеске де, мемлекетке де пайдалы болмақ. Қазіргі таңда елімізде тіркелген 2 млн. 300 мың салық төлеушінің 137 мыңнан астамы ғана ҚҚС төлеуге міндетті. Соның 88 мыңы ғана ҚҚС төлеуде адалдық танытады екен. Бұл қаншама қаржының қазынаға құйылмай жатқанын айғақтайды. Мұның бірден-бір себебі жоғары шек дейді шенділер.

«Сол себепті біз ҚҚС бойынша шекті төмендетуді ұсынып отырмыз. Бұл шекте шағын және орта бизнестің (ШОБ) 80 пайызы жұмыс істейді, сондықтан ШОБ субъектілерінің көбіне бұл онша әсер етпейді. ЕЭДҰ елдерінде шек бұдан да төмен, кейбір елдерде тіпті нөлге теңестірілген», – дейді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әміриннің түсіндіруінше, табысы 500 млн. мен 1 млрд. теңге аралығындағы кәсіпкер ҚҚС төлемеу үшін 78 млн. теңгеге дейінгі аралықта бизнесін бөлшектеп тастайды.

«Табысы 500 млн. теңге болса, демек оған 12-15 компания тіркеуге тура келеді. Ондай жағдайда ҚҚС төлеуден құтылады. Әйтпесе, де-факто – салық төлеуге тиіс орта бизнес. Мемлекет жыл сайын бизнестің бөлшектенуі салдарынан 800 млрд. теңге көлеміндегі табыс салығын жоғалтады.

ҚҚС-ты есепке қою бойынша шектің төмендетілуі және B2C-дегі жеңілдетілген арнайы режім сияқты тетіктер кәсіпкерлікпен емес, көлеңкелі экономикамен күрес үшін қажет. Салық төлейтіндер салық төлемейтіндермен әділ бәсекеге түсе алмайды», – дейді вице- министр.

ҚҚС мөлшерлемесінің 12 пайыздан жоғары көтерілуін қолдамағандардың біразы ҚҚС шегінің төмендеуін де қаламайды. Бұл ретте олар баға қымбаттайды, көптеген кәсіпкерге бухгалтер, заңгер қажет бола бастайды – бұл да басы артық шығын, шағын кәсіпорындардың көбі жабылып қалады деп үрейленеді.

Сарапшы, «iKapitalist» платформасының негізін салушы Нұрбек Раев ҚҚС шегінің төмендеуінің бизнеске тиімді тұсы туралы айтты.

«Мұндай талапқа тек мықты орта немесе ірі компаниялар ғана шыдас бере алады. Демек Үкіметтің назары бизнесті күшейтуге бағытталған. Мұның ізін ала кезекті реформа – кәсібін бірнеше ЖШС мен ЖК- ға бөліп тастап, ҚҚС шегіне дейін сауда жасауға маманданған бизнестің бөлшектену үрдісін жою тұр. Шекті төмендету бизнесті кеңейтуге ынталандырады. Ресейде мұндай шара бірнеше жыл бұрын жүргізілді. Бірақ ол жақта бұл шара әлдеқайда қатаң жүргізіліп, күштік құрылым да тартылды. Жалпы ҚҚС бойынша шекті төмендету – бизнесті рейдерлік схемаларсыз үлкейтудің өте өркениетті тәсілі, яғни сыбайлас жемқорлық компоненті болмайды», – дейді сарапшы.

Әсет ҚАНАФИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp