“Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” деген қазақтың дана сөзі ата-анамды көрген сайын көмейімнен әуенмен естілетіндей. Бұл өмірде маған және бауырларыма Алланың үлкен сыйы бұйырған. Үлкеніміз зейнет жасына жетсе де, балалық қылықтармен қоштасуға асықпаймыз. Өйткені, алдымызда асқар таудай әкеміз бен әр сөзінен мейірім төгілетін анамыз бар. Бұл ардақты жандар жайында айтар сөзіміз таусылмасы анық. Бүгінде “Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің” деген ұлағаттың да мағынасын терең түсіндік. Шындығында, өзің ұрпақ тәрбиелеп отырған кезде шаңырақтың тірегі бола білген әкеміз бен отбасының ұйытқысы болған анамыздың өмір сүру салтына, айналасындағы жұрты мен ұрпағының алдындағы жауапкершілік әрекеттеріне қарап, оларға бас иеміз, өзімізге үлгі тұтамыз.
Әкем Орал Тәттібаев, шешем Зұлқия Тайжолова – заманында танымал болған тұлғалар, бүгінде ел қадірлейтін қариялар. Олар Есіл ауданының Ақтас ауылының топырағында дүниеге келген. Осы құт мекеннің бауырында өсіп-өнген ата-анам үшін жанға жаннат әкелетін басқа жер жоқ деп кесіп айта аламын. Елін сүйген, жерін сүйген олар туған ауылында жіпсіз байланып отыруға дайын. Қос қария бұл күнде немере-жиендері мен шөбере-жиеншарларының жолын тосумен өздерін бақытты санайды. Ұрпағын қарсы алған кезде қарттыққа бой алдырып, таяққа сүйеніп шығатын әкемнің қалбалақтаған бейнесіне қарап, көңілім жүдейді, бірақ оның бойында қуаты мол болған жас кезін де ұмытқан жоқпын. Бұрынғы комбайншы Орал Балқайұлының КСРО мен Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Октябрь революциясы және Ленин ордендерін төсіне таққан еңбеккер екендігін жерлестері жақсы біледі. Ол жетістіктері – біз үшін үлкен мақтаныш. Отбасында әкемнің орны қашанда бөлек. Ол таңның атысынан күннің бастысына дейін қажымай еңбектенетін. Еш уақытта жұмысының ауырлығын айтып, шағымданған кезін көрмеппіз. Көктемгі-күзгі науқандар кездерінде әкемізді тәуліктеп көрмейтін кездер болатын. Оның арқасында “не ішемін”, “не киемін” деген әңгіме біздің отбасымызда болған емес. Әкем он бір баласының болашағы үшін аянбай еңбек етті. Оның әкелік бұл мейірімін қалай ұмытамыз?!
Анам мен әкем – бір-біріне сай, өмір бойы бірін-бірін толықтырып келе жатқан жандар. Мінезі жұмсақ, байсалды, мейірімді анамызды біз ерінің көңілінен шыға білген адал жар ретінде қабылдадық. Әкеміз жұмыстан келген кезде он бір баланың дыбысын шығармай, жұбайының тілін таба білген оның қылықтарынан көп тағылым алуға болатын еді. Шаңырақтағы отағасына деген сыйластықты, балаларға деген мейірімді орнықтырған – анамыз. Он бір баланы дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөлген ана алдындағы борышымызды өтей алмайтынымыз да сөзсіз. Теңіздей терең жүрегіндегі аналық сезіміне қайтарым жасау мүмкін емес.
Құрсағы алтын анамыз Зұлқия Қожағалиқызы мен әкеміз Орал Балқайұлының отасқанына биыл – 59 жыл. Олардың тату-тәтті, бақытты өмір сүріп келе жатқанына ұрпағы куә. “Алты аға бірігіп, әке болмас, жеті жеңге бірігіп, ана болмас” дегендей, олардың орнын басатын адам жоқ. Шіркін, әке-шешеңнің махаббатына не жетсін?! Басыңнан бір сипап, маңдайыңнан бір иіскегендерінің өзі бақыт емес пе?! “Анасы бар адам ешқашан қартаймайды” дегендей, балалықтың бал дәуренін жалғастырып келе жатқан, біз, олардың қасымызда жүргені үшін разымыз.
Гүлгүл ИСИМОВА-ТӘТТІБАЕВА,
“Ақбота” бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.
Петропавл қаласы.