Ауыл кәсіпкерлері топиарий, яғни қолдан мүсіндер жасайтын цех ашып, жаңа кәсіпті игеруге кірісіп кетті. Тың істі дамытуға Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғындары Динара Жүсіпова мен Елена Левина бел буып отыр. Олар адам бойынан асатын алып мүсіндер жасауды қолға алып, топиарий өнері арқылы саябақтарға, бақтарға, көшелерге, демалыс орындарына ерекше сән беруді мақсат еткен. Сондай-ақ, балабақшалар мен жеке тұрғын үйлерді безендіруге де атсалыспақ.
Қос құрбы бұл іспен бастапқыда жеке қызығушылық ретінде айналысса, кейін ерекше құлшыныс пайда болған. Ертеректе топиарийді бақыт әкелетін ағашқа балаған екен. Пішіні дөңгелек болған. Күн сәулесі сияқты шығыстан батысқа дейін ырыс, құт әкеледі деген ырымға сенген.
“Алғашқыда өзіміз үшін түрлі өнер туындыларын жасап жүрдік. Бірқатарын достарымызға, туған-туыстарымызға сыйладық. Шеберлігімізді әбден жетілдіріп алған соң өз кәсібімізді неге ашпасқа деген ой туды. Оның ақыры цех ашып, кеңінен қанат жаюына ұласты. Үлгермей жатқанда күйеулеріміз, балаларымыз қолғабыс беріп жүрсе, жуырда екі адамды жұмысқа қабылдадық”, – дейді он саусағынан өнер тамған шеберлер бір ауыздан.
Топиарий мүсіндері әртүрлі заттардан, табиғи материалдардан жасалады. Негізінен пенопласт, жасанды газон, әйнекті пластик пен бояуларды қолданады. Пенопластан мүсін кескінделсе, пластикпен беріктендіре түседі. Жасанды шөппен қаптап, түрлі-түсті етіп безендіреді. Мүсіндер ешқандай қондырғысыз бастан-аяқ қолмен жасалады. Ең алғаш аюдың мүсінін жасап шығарыпты. Кейін оның қатарына динозавр қосылған. Бұл туындылар қалалық демалыс және мәдениет саябағына көрік беріп тұр. Еліктерді, пілді және аюды қонжығымен қоса елордалықтар сатып алыпты. Тапсырыстың көптігі соншалық, әзер үлгеруде.
Динараның сөзіне қарағанда, әйнекті пластикті қолдану мүсіннің төзімділігін елу жылға дейін арттырады. Бір қызығы, оның негізгі мамандығы – бухгалтер. Елена – заңгер, менеджер. Екеуі де бала кезден өнерге етене жақын, тылсым сырына қанығып өскендіктен, ешқандай қиындық туғызбапты. Динараның түрлі моншақтар мен бисерден әдемі бұйымдар жасайтын өнері де бар. Әкесі кәсіби суретші болғандықтан, кішкентайынан қолына мольберт пен қылқалам ұстап, өнердің бірнеше түрін меңгерген.
Қос құрбының алдағы арманы – жұртшылық үшін таңсық өнердің зор мүмкіндіктерін қолдана отырып, үй тұрғызу. Оған ұшқыр ой-қиялдары да, шығармашылық қабілеттері де еркін жетеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Д.Жүсіпова жұмыс үстінде; топиарий мүсіндері.#с құрбы бұл іспен бастапқыда жеке қызығушылық ретінде айналысса, кейін ерекше құлшыныс пайда болған. Ертеректе топиарийді бақыт әкелетін ағашқа балаған екен. Пішіні дөңгелек болған. Күн сәулесі сияқты шығыстан батысқа дейін ырыс, құт әкеледі деген ырымға сенген.