Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын маңызды идеологиялық тұжырымдар мен негізгі бағыттарды белгілеп берді. Алқалы басқосуда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де бір болуы қажет екенін атап өтті.
Ерлік – елге мұра
Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Қазақстанның зайырлы ел ретіндегі мәртебесін көтеруде, ұлттық бірегейлігімізді нығайтуда, дәстүрлі мәдени, рухани, отбасылық үлгілерді насихаттауда, деструктивті ағымдарға қарсы күресті күшейтуде әркез ардагерлер, ақсақалдар, аналар, қоғамдық кеңестер, іскер әйелдер қауымдастығы, интернационалист-жауынгерлер, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюшылар одағы, кәсіподақ, партия филиалдары, діни, этномәдени бірлестіктер, азаматтық қоғам өкілдерінің қолдауына сүйенеді. Жуырда «Мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен өзара іс- қимылы туралы» деген тақырыппен өткен конференцияны аудан әкімі Елена Степаненко кіріспе сөзбен ашып, биыл бекітілген іс-шаралар ішінде айрықша орын алатын Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, соғыс және тыл еңбеккерлеріне лайықты құрмет көрсетілетініне, ешкім де елеусіз қалмайтынына арнайы тоқталды. Президент атап өткендей, бұл датаның символдық мәні зор. «Айбын» орденінің үш дәрежесі әйгілі батырларымыз Сағадат Нұрмағанбетовтың, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен аталуы, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың өшпес ерлігі жадымыздан еш өшпейтіні – соның бір айғағы. Бүгінгі таңда 1 аудандық, 11 ауылдық ардагерлер кеңестерінің бастамасымен патриоттық және ұрпақтар сабақтастығы сипатындағы жұмыстар шеңберінде өлкетану мұражайы мен жауынгерлік даңқ бұрышын ашу белгіленген. 36 ескерткіш пен обелиск тіркеуге алынса, шаруашылықтардың қаражаты есебінен Новомихайловка, Белое, Дубровное, Афонькино және Қызыләскер ауылдарында қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысына қатысушы жерлестеріміздің есімдері жазылған мемориалдық тақталар қайтадан жаңартылмақ. Ескерткіштердің күтіміне мектеп оқушылары бекітілген.
Іскер адамға мүмкіндік мол
Халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жақсаруы тек мемлекетке ғана емес, сонымен қатар бизнес-құрылымдар мен тауар өндірушілерге де көп байланысты. Бірқатар ауылдық округтерде қызмет көрсету нысандарының жоқтығы (шаштараз, дәмхана, наубайхана, өңдеу цехтары, демалыс орындары т.б.) ащы болса да шындық. Бұл жайттар тұрғындар мен жастарды алабөтен толғандырады. Түйткілді мәселелерді шешу мақсатымен жеке кәсіп иелеріне демалыс орталықтарын салудың үлгілік жобалары ұсынылып, жергілікті қоғамдастық жиындарында талқыланды. Бастамалар мен ой-пікірлер ескеріліп, ортақ жауапкершілікті арттырудың, жаңа жұмыс орындарын құрудың, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімдері мен мансап орталығы арқылы төмен пайызбен несие алудың жолдары қарастырылды. Округ әкімдері аталмыш құрылымдармен бірлесіп, «Ауыл аманаты», «Бизнес-бастау», тағы басқа бағдарламалар негізінде қайтарымсыз гранттар рәсімдеуге жәрдемдесті. Денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында кәсіби кадрлардың тапшылығы бар. Әсіресе механизаторларға, сауу аппараттарының операторларына, ветеринарларға, жүргізушілерге, құрылысшыларға қажеттілік өткір тұр. Кәсіптік бағдар беру жұмысы шеңберінде білім бөлімі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен және кәсіпорындармен екіжақты меморандум жасасты. Еңбек адамын тәрбиелеу шеңберінде кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне бірқатар міндеттер жүктелді.
Ұлт келешегі
«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп халқымыз текке айтпаған. Әрине, бүгінгідей жаһандану үрдісі және оның сын-қатерлері салдарынан қоғамымызға дендеп енген жағымсыз қылықтардан арылу оңай емес. Ұлттық құрылтайдың отырысында тұтас ұлттың болашағына зор зиян келтіріп жатқан ерсі қылықтардың таралуына тосқауыл қою, тамырына балта шабу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылды. Олар – нашақорлық пен есірткі бизнесі, лудомания, яғни құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия. Жергілікті мүдделі органдардың назары Президент атап көрсеткен өте қауіпті жаңа кеселдерге аударылып, алдын алу жұмыстарына полиция бөлімінің бастамасымен құрылған еріктілер мен жұртшылық кеңестері кеңінен тартылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы қылмыстың 17,4 пайызға азайғаны байқалады. Бір қуантатыны, кәмелетке толмағандарға қатысты бірде-бір қылмыс оқиғасы тіркелмеді. Десек те бұл салада проблемалар жоқ емес. Мас күйінде жасалған қылмыстың 5,3 пайызға өскені ойлантпай қоймайды. Былтыр мәжбүрлі түрде емдеуге 15 азамат жіберілді, 3 отбасы ата-аналық құқынан айрылып, 7 жасөспірім балалар мекемесіне орналастырылды. Ішкі саясат бөлімі полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың басым бағыттарын анықтап, қоғам белсенділерін күш біріктіруге шақырды. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылықтың дені ішкілік әрекетінен кейін жасалатындықтан, отбасы, ошақ қасындағы дау-жанжал, ұрыс- керіс былайғы жұртқа біліне бермейді. Осы себепті бұл мәселені түрлі кездесулерде, жиындарда ашық айту үрдісін орнықтырдық.
Түрлі қоғамдық ұйымдармен өзара түсінікте сындарлы диалог құра отырып, азаматтар мен жастарды жасампаздық идеясы рухында тәрбиелеу басты идеологиялық ұстаным болып қала бермек.
Мәдина БЕКТЕНТАЕВА,
Мамлют аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы.