«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМ ҚАСІРЕТІ

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Қасірет” атты психологиялық драма жанрындағы спектакльдің премьерасы өтті. Премьера көрнекті жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың “Нашақор туралы новелла” драмасының желісімен қойылған. Қойылымның режиссері Фархат Молдағалиев. Режиссер жұртшылық назарына осымен төртінші спектаклін ұсынып отыр.

Драманың бас кейіпкері – Жалқытай есімді бір үйдің жалғыз баласы. Ол білімге құштар, қоғамдық іс-шаралардан қалмайтын белсенді студент болады. Есірткіні алғашында жай қызығушылық ретінде тұтынған ол түптің түбінде соған тәуелді болып нағыз нашақордың өзіне айналады. Есірткіге тәуелділік оның бүкіл өмірін ойран, тағдырын талқан етеді. Сондай-ақ, аялап баққан ата-анасының басына да арылмас қайғы әкеледі. Қойылым соңында ата-анасы терең күйзелістің әсерінен сырқаттанып, көз жұмады. Құрдымнан құтқармақ болған сүйген қызы Тоғжанның көмегі де еш нәтиже бермейді.

Қойылымда басты кейіпкердің анасы мен әкесінің образдарын театрдың актерлері Аида Сұпатаева мен Дулат Тәшкен сомдаса, Жалқытайдың рөлін Айбол Қасым ойнады.

Спектакльге жиналған көрерменнің қарасы көп болғанын да айтып өткен жөн. Оларды бүгінгі қоғамның дерті – нашақорлық туралы қойылым терең ойға қалдырды. Қойылымға арқау болған тақырып көрермендерді еріксіз толғандырды, мұңайтты.

– Мұндай спектакль дәл қазіргі қоғамға ауадай қажет. Себебі, жастар есірткінің соңында кетіп, өмірлерін қор етіп жатыр. Кейбірі алдаудың құрбаны, екіншілері құмарлыққа ерік береді. Нәтижесінде өзінің өмірінен, болашағынан айрылады. Жасырмаймыз, кей балалар тіпті есірткінің не екенін білмей тұтынады. Өз өміріне өзі балта шабады. Сондықтан жастарға ой салар спектакльдер бүгінгі күні қажет, – дейді көрермен Гүлден Жакина.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp