«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚУАНЫШ” — БІРІНШІ ТУР ЖЕҢІМПАЗЫ

Соңғы жылдары облысымызда волейбол спорты қанатын кеңге жайып келеді. Жергілікті “Қуаныштың” құрлықтық және республикалық додаларда сәтті өнер көрсетіп, ел чемпионатында жүлдегер атануы сөзімізге дәлел. Петропавл қаласында өткен 2023-2024 жылғы ел біріншілігінің алғашқы турында мықты екенін тағы бір рет байқатты.

Жерлестеріміздің соңғы жетіс­тік­терінің бірі – ел кубогында же­ңімпаз атануы. Команда көшбасшы­ларының бірі Сәбира Бекішеваның айтуынша, жылда бапкерлер волей­болшылар алдында жаңа міндеттер қояды. Былтыр ішкі біріншілік бас­талмас бұрын клубтың бас жат­тық­тырушысы Азамат Есімов бұған де­йін алынбаған қамал – ел кубогын ен­шілеу қажеттігін айтқан екен. Сол­түстікқазақстандық спортшы­лар тап­сырманы мүлтіксіз орындап шықты.

– Біздің командамыз жоғары ли­ганың “А” және “В” дивизондарында жеңімпаз атанған болатын. Сол уақытта бапкеріміз келесі бағын­дырар меже ұлттық біріншілік пен ел кубогы екенін айтқан болатын. Жат­тықтырушымыздың бірінші тапсыр­масын орындадық. Азулы қарсы­лас­тарымыздың бірі “Жетісу” клу­бын финалда ұттық. Ендігі межеде – республикалық чемпионатта жеңіс тұғырына көтерілу, – дейді Сәбира Бекішева.

Ел біріншілігінің алтын жүлдесі – “Қуаныш” командасы үшін бұған де­йін алынбаған меже. Жерлестері­міз­дің ойын өрнегіне қарап, бұл бе­лес­ті де бағындыратынына сенім мол.

Биыл әйелдер командалары арасындағы ел чемпионатының бі­рінші туры Петропавлда өтті. Екі ап­та бойы 7 клуб бір-бірімен ойнап, өз араларында мықтыны анықтады. Қа­зақстанның беткеұстар волей­бол­шылары бас қосқан доданы жер­гі­лік­ті спортсүйер қауым тамаша­лап, қолдау білдірді. Алғашқы ойын­да жерлестеріміз “Алматымен” кез­дес­кен болатын. Өкінішке қарай, бірінші тур әрі су­пер­кубок үшін өткен кез­десуде жер­лес­теріміз 3:2 есебімен жеңіліп қалған.

Бұл жеңілістен соң жергілікті жанкүйер “Қуаныштан” қарқынды ойын күткені жасырын емес. Жер­лестеріміз спортсүйер қауымды қуанта алды. Алдымен бұрымды волейбол­шы­ларымыз “Жетісудан” басым түсті.

– Биылғы маусым фавориттері – “Қуаныш”, “Жетісу”, “Берел” және “Ал­маты” командалары екені дау­сыз. “Алтай” клубы мықты легионер­лерінен айырылды. Әрине, ойын­шылардың кетуі өскемендік коман­даны әлсіретті. Олардан да мықты қарсыластар бар. Қызда­рымыз ұпай жоғалтпауы керек. Сонда ғана сол­түстікқазақстандық жан­күйерлердің арманы орындала­ды. Біз ел чем­пио­ны болуға лайық­тымыз, – дейді во­лейбол жанкүйері Олжас Бек­таев.

Өткен жылы “Жетісу” ел чемпио­натында атой салғанымен, биылғы біріншілікті сәтсіз бастады. Алғашқы ойында талдықорғандық қыздар “Қуаныш” командасына есе жіберді. Бұл жеңіс жерлестерімізді қанаттан­дырған болар, келесі ойындарда сол­түстікқазақстандық команда бір­де-бір рет ұтылмады.

“Қуаныш” клубы директорының орынбасары Степан Притуланың айтуынша, солтүстікқазақ­стан­дық­тар өз жанкүйерлерінің алдында на­мысты қолдан бермеуге тырысқан.

– “Алматы” командасы деңгейі жағынан бізге ұқсайды. Оларда да ойыншылардың басым бөлігі отан­дық волейболшылар. Суперкубок үшін матчта есепте алда келе жа­тып, таразы басын теңестіруге мүм­кіндік беріп қойдық. Жеңіске жетуге болатынын сезген қарсыласта­ры­мыз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Бас бапкер қателіктермен жұмыс істеп, қалған ойындарда жеңіске жетіп, нәтижесінде бірінші турда көш бастадық, – деген Степан При­тула екінші турда алматы­лықтардан есе қайтаратындарын жеткізді.

Жанкүйерлер “Қуаныш” клубы­ның қатарына жаңа ойыншылардың қосылағанын бірден аңғарғаны анық. Клуб директоры орынбаса­рының айтуынша, ұжым былтырғы жылмен салыстырғанда жартылай жаңарыпты.

– Өткен жылы үздік шабуыл­шылар қатарында болған Татьяна Алдошина мен Анастасия Коло­моец өзге клубтармен келісімшарт жа­састы. Сондай-ақ үш легионері­міз елдеріне қайтты. Биыл чемпио­натта команда сапында 18 ойыншы ойнайды. Олардың 3-уі – легионер, 13-і – Солтүстік Қазақстан өңірінің тумалары және 2-уі – еліміздің өзге өңірлерінен келген волейбол­шы­лар, – дейді Степан Притула.

Легионерлер қатарында Сло­вения елінің өкілі, байланыстырушы Ева Мори Павлович, украиналық шабуылшы Юлия Дымар және ре­сейлік ойыншы Анастасия Бавы­кина бар. Жанкүйерлеріміз олардың өнеріне жоғары баға беріп үлгерді.

– Чемпионат басталғанда Та­тья­­на Алдошинасыз қиын болады деп ойладым. Кейін қатарға қо­сыл­ған волейболшылардың ойы­нын көріп, көңілім орнына түсті, – дейді во­лейбол жанкүйері Арман Жанта­сов.

Биыл бас бапкер болып қайта­дан тағайындалған Азамат Есімов­тің жергілікті ойыншыларға басым­дық беретіні байқалады. Мұны чемпионаттың бірінші турындағы ойындардан аңғаруға болады.

Жанкүйерлер үшін тағы бір қуа­ныш­ты жаңалық бар. Ел чемпио­натының екінші тур ойындары Пет­ропавлда желтоқсанның 19-ы мен 28-і күндері өтеді. Командалар “Қуа­ныш” волейбол клубының спорт ке­шенінде ойнайды. 3-ші тур Пав­лодар қаласында ұйымдастырыл­са, 4-ші турдың қай шаһарда бола­тыны әзірге белгісіз. Ал плей-офф кезеңі наурыз айында Түркістанда ұйымдастырылады.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp