«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУАТТЫ СЕРПІН

Кемел келешекке ұмтылған әрбір елде аға буынның орнын басатын кейінгі толқыны – жігерлі де жалынды жастары бар. Оларға жасалған қолдау мемлекеттің болашаққа бағыттаған қаржысы десек, қателеспейміз. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев еліміз егемендік алғалы жастардың терең білім алып, рухани тұрғыда өсуіне, олардың патриоттық тәрбиесіне, денсаулығына, қоғамда өз орындарын табуына ұдайы көңіл бөлуде. Елбасының “Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” Жолдауындағы: “Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр”, – деген сөзі жастарымызға қандай жауапкершілік жүктеліп отырғанын айқын көрсетеді. Еңсесін енді көтерген біздің еліміз үшін білімді де қайратты ұрпақтың орны қашанда бөлек.

Тәуелсіз мемлекетіміздің жалпы халқының 30 пайызын жастар құрайды. “Жастар саясаты туралы” Заң бойынша олар 14-29 жас аралығын қамтиды. Бұл – адам өмірінің ең қызықты әрі ғажайып кезеңі. Осы шақта жастардың қайрат-жігері артып, өздеріне деген сенімі мен жаңашылдықты қабылдау деңгейі жоғары болады.

Егемендік алғаннан бері біздің облысымызда жас­тар істерімен айналысатын бірқатар ұйымдар құрылды. Солардың бірі – өзім басқаратын “Жастар бастамалары орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл орталық өскелең ұрпақтың белсенділігін арттырып, тың бастамаларын қолдау мақсатында құрылды.

Ұйымымыздағы 10 белсенді жас қатарластарына бірнеше бағыт бойынша қызмет етеді. Мәселен, тапқырлардың ұтқыр жобаларын қолдайтын қаржылық және тың бастамаларға бағыт сілтейтін ақпараттық кеңес беру бөлімдері, жұмыссыз жастарға екі қолға бір күрек ұстатуға септесетін сектор бар.

Жалпы бүгінде өңірімізде 14 “Жастар бастамалары орталығы” жұмыс істейді. Олардың біреуі – Петропавлда, қалғандары аудан орталықтарында орналасқан. Бұл мекемелер “Қазақстан – 2020: болашаққа бастар жол” концепциясының аясында еңбек етеді. Үстіміздегі жылы орталықтардың бастамасымен барлығы 945 шара ұйымдастырылды.

Жыл басынан бері облыстық “Жастар бастамалары орталығы” – 145, аудандық мекемелер 800-ден астам шара өткізді. Сол сияқты, облыстық “Жастар бастамалары орталығына” қолғабыс сұрай келген 430 адамның 257-сі жұмыспен қамтамасыз етілді. Аудандардағы орталықтар көмек сұрай келген 178 жастың 70-ке жуығына көмек қолын созды.

Қазіргі уақытта жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға, олардың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына бағытталған арнайы бағдарламалар жұмыс істейді. Олардың қатарында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020”, “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламаларын атауға болады. Елбасының тапсырмасына сәйкес ауыл жастарын қолдауға бағытталған “Ауыл жастары” бағдарламасы негізінде “Дипломмен – ауылға!” жобасы да сәтті жүзеге асырылып келеді. Оған өзгеріс те енгізілді. Үстіміздегі жылдан бастап жас маманның шартты еңбек ету мерзімі 5 жылдан 3 жылға азайтылып, олардың өз үйлерін тұрғызуларына мемлекет тарапынан несие бөлінетін болды. Бағдарлама жаңа мамандықтармен де толықты. Енді мемлекет көмегіне мұғалімдер, дәрігерлер және ветеринарлармен қатар агрономдар, зоотехниктер, балық шаруашылығымен айналысатындар, инженер-технологтар мен фермерлер де жүгіне алады.

Жастар саясаты тәуелсіз Қазақстанның басты басымды­лықтарының бірі болып табылады. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Сондықтан даму стратегиясы талқыланғанда жастардың мүдделерінің ескерілуі қуантады.

Бүгінде ел жастары Президентіміздің бағыт-бағдар берген сара жолымен ілгері басып келеді. Қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетімізде жастарға білім мен тәрбие беруге, оларды барынша әлеуметтік тұрғыда қолдауға, ел келешегіне өз үлесін қосатын азамат болып қалыптасуына барлық жағдай қарастырылған. Осылай кейінгі толқын қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеялармен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне лайықты үлес қосуда.

Тимур ЖҰМАНОВ,

облыстық жастар бастамалары орталығының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp