«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызмет бабын асыра пайдаланған облыстық тексеру комиссиясының мүшесі жеті жылға сотталды

“Антикор” орталығында облыстық тексеру комиссиясы мүшелерінің, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қызметкерлерінің, БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы бойынша ұсынымды қарау жиыны өткізілді. Ол жөнінде облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сергей Перов түсінік берді.

“Ведомоство өз тарапынан кез кел­ген сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерін жою бағытында кешенді ша­раларды жүйелі түрде ұйымдасты­рып келеді. 200-бап шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық іс бойын­ша іс жүргізу кезінде қылмыстық құ­қық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиіс­­ті мемлекеттік органдарға, ұйым­дарға заң бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар қолдану туралы ұсыныс айтуға құқылы”, – деген Сер­гей Николаевич 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамада қарас­ты­рылған сыбайлас жемқорлық туралы хабарлау тетіктерін жақсарту қағи­дат­тарына тоқталды. Қоғамның жегі­құрты жөнінде қоғамдық санада дұ­рыс көзқарас қалыптастыру маңыз­ды. Сыбайлас жемқорлықты қабыл­дамау мәдениеті сөз жеткізушілікпен астаспауға тиіс. Кез келген адамда цифрлық коммуникацияның оңайла­тыл­ған тәсілдері арқылы хабарлау мүмкіндігі мол. Бұл ретте бюджет қа­ражатын ұтымды пайдалану мәсе­лелері бойынша қоғамдық резонанс тудыратын сигналдарға ерекше на­зар аудару қажет.

Департаменттің превенция бас­қар­масының басшысы Дамир Хаби­булин сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінде профилактика­лық жұмыстарға және сыбайлас жем­қорлықтың алдын алудағы тиімді ша­ра­ларды жүзеге асыруға баса назар аударылып отырғанын жеткізіп, нақты мысалдар келтірді. Мәселен, об­лыстық тексеру комиссиясының мү­шесі Т. Кенжебаевқа қатысты бірне­ше рет пара алу фактісі бойынша ұсы­ныс қаралған. 2021 жылғы қарашада Айыртау аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығына мемле­кет­тік аудит жүргізу барысында кі­нәлі адамдарды тәртіптік жауапкер­ші­лікке тартуға әкеп соғатын, сон­дай-ақ келтірілген залалды өтей оты­рып, әкімшілік жауаптылық көздел­ген бірқатар бұзушылықтар анықтал­ған. Т. Кенжебаев анықталған бұзу­шылықтарды көрсетпей, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы ұйғарым шығармай, қызмет­тік өкілеттігіне кіретін заңсыз әрекет­тері үшін 2,5 млн.теңге мөлшерінде ақшалай қаражат түрінде материал­дық сыйақы талап еткен. Тәртіптік, әкім­шілік жауапкершілікке тартылу­дан және заңсыз алынған сомалар­ды қайтарудан қорыққан орталықтың лауазымды қызметкерлері тексеру комиссиясы мүшесінің талаптары­мен келісіп, пара ұсыныпты.

Бұдан бөлек, облыстық тексеру комиссиясы мемлекеттік аудит жүргі­зу нәтижесінде 2021 жылғы қараша­да облыстық жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдарла­малар басқармасында, оның ведом­ство­лық бағынысты ұйымдарында әлеуметтік қызметтер көрсету, мем­ле­кеттік сатып алуды жүргізу кезінде шартты жеңілдіктерді қолданбау, бухгалтерлік мәліметтерді дұрыс көр­сетпеу сияқты бірқатар бұзушы­лық­тарды тіркеген. Мемлекеттік аудит тобына жалпы жетекшілік еткен Т.Кенжебаев басқарма басшысы А.Қошмановты ведомстволық бақы­лауды босаңсытқаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуға облыстық әкімдікке ұйғарым енгізуге құқылы бо­ла­тын. Екеуара жеке кездесу бары­сында мемлекеттік аудит барысында анықталған көптеген бұзушылықтар туралы хабардар етіліп, өз “қызметі” үшін материалдық сыйақы (АИ-95 маркалы 300 литр жанар жағармай та­лоны түрінде) талап еткен. Өзара ымыраласу барысында пара беру жә­не алу сықылды қылмыстық келі­сімге қол жеткізілген. Бұл ретте, А.Қош­ма­нов АИ-95 маркалы бензин талонда­рын сатып алуға басқарма қаража­тын жұмсаған. 400 литрдің 300 литрін пара ретінде ұсынып, қал­ған 100 литрін жеке қажетіне пай­да­ланған. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қыз­мет осы фактілер бойын­ша сот­қа де­йінгі тергеу амалдарын жүргізген.

Петропавл қалалық сотының 2022 жылғы 23 желтоқсандағы үкімі­мен Т. Кенжебаев 2,5 млн. теңге боп­салағаны үшін (Қылмыстық кодекс­тің 366-бабы бойынша пара алу) айыпты деп танылып, 7 жылға темір тор­ға қамалды. Ол сондай ақ мем­ле­кеттік қызметте, сот, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлт­тық банкте, оның ведомстволарын­да, қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, квазимемлекеттік сектор субьектілерінде лауазымдық қызмет атқару құқығынан өмір бойы айрыл­ды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйе­сінің орташа қауіпсіздік мекеме­сінде өтейтін болады. Пара ретінде 2565940 теңге мөлшерінде алған мүлік тәркіленіп, мемлекет меншігіне қайтарылды.

Т. Қошмановқа сеніп тапсырыл­ған мүлікті өзгенің жымқырғаны және пара бергені үшін параның 30 есе­лен­ген мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды (1978200 теңге.) Оған да мемлекеттік қызметте, сот, жер­гілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау және қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйым­дар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға тыйым салынды.

Жасалған қылмыстар туралы ерік­ті түрде хабарлаған және қыл­мысты ашу мен алдын ала тергеуге белсенді жәрдемдескен орталықтың өзге лауазымды тұлғаларына қатыс­ты қылмыстық іс тоқтатылды.

Дамир Хабибулин аталған мән-жайлар облыстық тексеру комиссия­сының, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының, сонымен бірге мемле­кет­тік қызметшілердің беделі мен абы­ройына нұқсан келтіретінін атап өтті. Мұндай оғаш оқиғалар қызмет са­ласындағы сыбайлас жемқорлық көрі­ніс­терін жою бойынша шұғыл ша­ралар қабылдауды, заңдылықты бұ­зу­шылықтарды жоюды, одан әрі бол­дыр­мау жөніндегі алдын алу іс-шара­ларын ұйымдастыруды қажет етеді.

Басқосуда 200-баптың талапта­рына сәйкес, жоғарыда аталған мем­лекеттік органдар қызметіндегі сы­бай­лас жемқорлық тәуекелдеріне іш­кі талдау, мониторинг жүргізу, оның нә­тижелері бойынша нақты шаралар қабылдау, қызметкерлердің құқық­тық сауаттылығын арттыру міндет­телді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“SoltustikQazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp