Өмірдің шаттығы мен қызығы денсаулыққа байланысты. Оған немқұрайды қарау дұрыс емес. Денсаулықты сақтаудың жолын үйрену – әрбір адамның басты міндеті. Сондықтан елімізде жаңадан енгізілгелі отырған міндетті медициналық сақтандырудың осы мәселе төңірегінде маңызы қандай деген сұрақ туындайтыны сөзсіз.
Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізілгелі отыр. Медициналық сақтандыру халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен, мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа көптеген жағдайларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Ендігі жерде бұл мәселеге мемлекет және жұмыс беруші де белсенді араласпақ.
Елімізде медициналық сақтандыру жүйесі 2017-2024 жылдар аралығында біртіндеп енгізіледі деп күтілуде. 2017 жылдан бастап мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуді бастайды. Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі 2024 жылға қарай орташа айлық еңбекақының 7 пайызын құрайтын болады. Ол бастапқыда 4 пайызбен басталса, одан арғы жылы 5 пайызға ұлғаймақ. Ал жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі алғашқыда 2 пайызды құраса, 2020 жылы 5 пайызға артатын болады. Бұл ретте 2020 жылға қарай кірісінің 7 пайызын қорға аударып отыратындар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болмақ. Міндетті медициналық сақтандыруды екіге бөліп қарастырар болсақ, оның біріншісі – негізгі сақтандыру түрі. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алады. Олардың қатарына жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсету, төтенше жағдайда көмек көрсету және алдын алу шараларына қатысты екпелер жатады.
Ал екінші түрі – міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қаржыландырылатын сақтандыру. Бұл негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын сақтандыру болады деп көзделуде. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Сақтандырудың осы түрі міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін қолжетімді болады.
Мемлекет заңға сәйкес халықтың бірнеше топтары үшін үлкен жеңілдіктер жасауда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Яғни, қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Мысалы, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері, сонымен қатар I және II дәрежелі “Ана даңқы” орденімен марапатталған көпбалалы аналар мен соғыс ардагерлері және мүгедектерге мемлекет тарапынан төлемдер жасалады. Сонымен қатар, жұмыссыз жүкті әйелдер мен зейнеткерлер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға да жеңілдіктер қарастырылған. Медициналық сақтандыруы бар азаматтар жекеменшік ауруханаларға барып емделе алады, бұл ретте мемлекеттік аурухана қызметтерінің де сапасы артып, бәсекелестік орнайтыны айдан анық. Себебі, медициналық сақтандыруы бар азамат медициналық мекемені таңдауға ерікті. Тек сол мекеме сақтандыру жүйесінде жұмыс жасауы қажет. Осы арқылы жекеменшік ауруханалардың қызмет көрсетуі қалай болса, өзіне емделушілердің келуі үшін мемлекеттік ауруханалар да қызмет сапасын арттыратын болады. Себебі, медициналық сақтандырудың арқасында сол ауруханаларға қаржы түседі. Бұл үлкен бәсекелестік жағдайды туғызады. Жүйенің тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының құрылуында. Оның ұйымдастыру-құқықтық пішімі коммерциялық емес, яғни акционерлік қоғам болып табылады. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі. Сонымен қатар, сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін бірнеше тетіктерді атауға болады. Қор қызметінің коммерциялық емес сипаты үлкен маңызға ие. Сондай-ақ, қолданыстағы тәжірибеге сай түсетін жарналарды бақылау ісі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктеліп отыр. Қорды басқаруға денсаулық сақтау саласында және басқа да салалардағы білікті сарапшылар тартылатын болады. Жалпы алғанда, медициналық сақтандырудың дамуы қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді азайтып, жүйесіз істерді біршама жүйелеуге жол ашса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ербол УАХИТОВ,
Уәлиханов аудандық орталық аурухананың
бас дәрігері.