«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗЫЛЖАР” МЕШІТІНЕ — 10 ЖЫЛ

Осыдан он жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынып, тұрғындар игілігіне берілген облыстық “Қызылжар” орталық мешіті бүгінгі күні имандылық ордасына айналып, руханиятымыздың бағдаршамы іспетті дініміз бен дәстүріміздің дамуына елеулі үлес қосып отыр. Он жыл ішінде өңіріміздің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын сақтау жолында да қыруар жұмыс атқарылды. Мерейтой қарсаңында ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы, аталмыш мешіттің бас имамы Кенжетай Байкемелұлы имандылық жолындағы табанды еңбектің жемісі туралы әңгімеледі.

– Мешіт ашылса, елге құт. Құлшылық үйі – береке мен бірліктің бастауы, адамдарды имандылыққа шақыратын орын. Осыдан тура он жыл бұрын облысымыздың мұсылман жамағаты үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Сұлтан Бен Абделазиздің демеушілігімен бой көтерген облыстық “Қызылжар” орталық мешіті бүгінгі күні жақсылықтың жаршысы, имандылықтың ұйытқысына айналып отыр. Заманауи үлгідегі 5000 шаршы метр аумаққа салынған мешіт жергілікті жердегі көрікті орындардың біріне айналды. Онда ер адамдарға арналған – 550 және әйелдер үшін 200 орындық ғибадат орны бар. 250 адамға шақталған асхана, неке залы, кітапхана, екі дәрісхана мешітке көрік беріп тұр. Оның ішкі-сыртқы келбетіне нұқсан келтірмеу үшін жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз.  

– Біздің өңірімізде түрлі этнос өкілдері аз емес қой, ендеше ел бірлігін нығайту мешіт имамдарының сан-салалы жұмысының бір тармағы деуге бола ма?

– Халқымыз: “Байлық байлық емес, бірлік – байлық”, – деген. Яғни, біз үшін елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығынан артық қазына болған емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін де ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін жәбірлемей, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. “Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз ел бірлігі болуы керек” екенін Елбасы да орайы келгенде айтып отырады. “Хужурат” сүресінің 13-аятында: “Ей, адамзат! Сендерді біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла Тағала алдындағы ең абыройлыларың – тақуа болғандарың. Шын мәнінде Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар”, – делінген.

Қазақстан бойынша 130-дан астам этнос өкілдері бар болса, соның 100-ден артығы өңірімізде өмір сүреді екен. Айналамызда орын алып отырған келеңсіздіктерді көріп-біліп отырған тұста еліміздегі тыныштықты бағаламау күпірлік болар еді. Облыстық “Қызылжар” орталық мешіті де ұлтаралық татулықты сақтауға мүдделі. Сондықтан діни мерекелерде осындағы түрлі дін басшылары бір-бірімізге ілтипат танытуды ізгі дәстүрге айналдырдық. Мұсылман жамағаты үшін Құрбан айт пен Рамазан айының орны бөлек. Христиан дінінің өкілдері бұл мейрамнан сырт қалмай, игі тілектерін айту үшін мешітке арнайы келеді. Сол секілді біз де өз тарапымыздан оларға шынайы пейілімізді танытып отырамыз.

Мешіт – Аллаға құлшылық жасайтын орын, сондықтан біздің де дұға-тілегіміз еліміздің тыныштығына бағышталады. Өңірімізде ауған, күрд, шешен, әзірбайжан, тағы да басқа мұсылман елдерінің өкілдері тұрып жатыр. Олардың Қазақстанға таңдау жасаулары тегін емес. Алланың қалауымен олар бұл жерден ырыздықтарын тауып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Өйткені, қазақ еліндегі ауызбіршілік кім-кімге де болсын қолайлы. Әрі қонақжайлылық – халқымызға тән қасиет.

– Тәуелсіздік алғаннан бері қаншама жаңа мешіттер бой көтерді. Жақында ғана Қазақ хандығының 550 жылдығында Айыртау ауданының Қарасай батыр ауылында жаңа мешіттің құрылысы аяқталды. “Азаны бар ауыл азбайды” дегендей, мешіт салынып жатса, имандылыққа бет бұрғандардың қатары өскеніне дәлел емес пе?

– Алла үйінде жасалған әрбір ізгі амалдың сауабы еселенеді. Мешіт салдырудың да сауабы теңдессіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.а.) бір хадисінде: “Кімде-кім Алла разылығы үшін мешіт салса, оған жәннаттан бір ғимарат тұрғызып беремін”, – деген. Соңғы жылдары облысымызда дінге жанашыр азаматтардың көмегімен бірнеше мешіт бой көтерді. Бүгінгі күні ресми түрде тіркелген 67 мешіт бар. Айыртау ауданының Қарасай батыр ауылындағы былтыр еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының өзі қазығын қаққан мешіттің құрылысы биыл тамамдалды. Жүзден артық отбасы тұратын ауылда бұған дейін мешіт болмапты. Жалпы құрылысқа 70 миллион теңге қаржы жұмсалды. Былтыр ашылған Тайынша ауданының Қарағаш ауылындағы, Есіл ауданының Жарғайың ауылындағы мешіттер де дінге жанашыр азаматтардың көмегімен бой көтергенін айтып өткім келеді.

Айыртау ауданының Кирилловка ауылында да жаңа мешіттің қазығы қағылды. Астаналық кәсіпкер Алмас Сағындықов ауылдастарына өз қаржысына 150 орындық мешіт салып бермекші. Петропавл қаласының 19-шы шағынауданында жоспарланған мешіт те ел игілігіне беріліп, халықты қуантарына сенімім мол.

– Облыстық “Қызылжар” орталық мешіті жанынан ашылған жалпы жастар ісі бөлімі де жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу жолында жұмыс жүргізуде деп айта аламыз ғой?

– Бұл бөлім түрлі спорт шараларының өтуіне ұйытқы болып, сондай-ақ, мектеп оқушылары мен студенттер арасында түрлі тақырыпта уағыз-насихат жұмыстарын жүргізеді. Мұндай кездесулерде жат ағымдардың зияны мен зардабы туралы да айтылады. Жастар бөлімі биыл облыс мектептерінің оқушыларымен 50 мәрте жүздесті. Әр аптаның сенбі күндері футбол, волейбол, тағы басқа спорт жарыстары өтеді. Сонымен қатар, жас ұрпақты өткенді құрметтеуге үйретпейінше, келешектен үміт күту бос әурешілік. Ал бұл орайда биылғы жылы ұлықталған Керей мен әз Жәнібектен бастау алатын Қазақ хандығының 550 жылдығын ұтымды пайдаланғанымызды да айта кеткен жөн. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз шапса – тұлпардың тұяғы, ұшса – құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жерімізді ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен қорғап келді. Асыл дініміз Исламда да отансүйгіштікке, туған еліңді қадірлеуге айрықша мән берген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Отаныңды, яғни тарихи мекеніңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше хадистер қалдырған. Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): “Я, Расулаллаһ! Ең абзал амал не?” – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): “Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы”, – депті. Дініміз бен дәстүріміздің сабақтастығы жақсы ұрпақ тәрбиелеуге қауқарлы. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Ақтамберді, Бұқар жыраулардың ізгілікке, Отанды сүюге үндейтін шешендік сөздерінің жастарға насихатталып жатқаны да нұр үстіне нұр.

– Сол құлшылық үйіндегі көркем мінезімен әрі өнегелі істері арқылы көпшілікке жол бастаушы имамдар екені сөзсіз. Біздің облысымыздың дін қызметкерлері сенім үдесінен шыға алып жүр ме?

– Имамдық қызметтің ұғымы кең, мазмұны терең. Ол отбасыдан бастап, бүкіл бұқараны ізгілік пен имандылыққа ұйытады. Пайғамбарымыздың: “Имам басшы әрі қарамағындағы адамдарға жауапты”, – деген хадисі дін қызметкеріне зор жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің имамдарына діни ағымдар әрекетіне тосқауыл қоюда табандылық танытып, күш-жігер жұмсауды міндеттейді. Имам-молдалардың ғаламтор, заманауи ақпарат алмасу және байланыс құралдарын жетік меңгеруі, шешендік өнермен сөйлеу әдебін игеруі – заман талабы. Өзін жан-жақты дамытып, уағызды тарихымызбен сабақтастырып, салтымызбен ұштастырып, би-шешендеріміздің, ақын-жырауларымыздың салиқалы сөздерімен үйлестіріп айтуы қажеттігін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да талап етіп отыр. Сондықтан бес жылда бір мәрте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдарды аттестаттаудан өткізеді. Былтыр өңіріміздің 100-ден астам дін қызметкерінің ислам тарихы, Құран, сүннет және қазіргі зайырлы қоғам, әкімшілік жүйе, тағы басқа да мәселелер бойынша білімдері тексерілді. Олар сыннан сүрінбей, аттестаттаудан жақсы өтті. Жақын күндері жоғары білімді имамдармен қатарымыз толығатын болады. Өйткені, “Нұр Мүбәрак” университетінде біздің өңірімізден 30-дан астам өрен білім алу үстінде. Сондай-ақ, соңғы жылдары қатарымыз бірнеше жас қарилармен және білікті дін қызметкерлерімен толығуда.

– Кенжетай Байкемелұлы, жақында ел деңгейінде өткен қарилар байқауына ұйытқы болғаныңызды білеміз.

– Жамбыл ауданында ғұмыр кешкен Бәри қари Құдайдың құлымын, Пайғамбардың үмбетімін деген данагөйлердің бірі болыпты… Міне, осы ғұлама қаридың туғанына 100 жыл толуы жаз соңында аудан көлемінде аталып өтілсе, кейін республикалық деңгейде дүркіреді. Мерейтойға орай отыз пара Құранның кез келген аятын аңыратып жатқа оқу үшін еліміздің әр қиырынан отыз қари келді. Алдағы уақытта да асыл дінімізді насихаттап, дамыту жолында әлі талай асқаралы асуларды бағындыруға талпынатын боламыз.

Мәңгілік Ел болуға ұмтылған ұлтымыздың қадамы құтты, дұғасы қабыл, иманы кәміл болғай! Әумин!

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp