«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛ ҚЫРҒЫН ҚҰРБАНДАРЫ

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Қазақстандағы 1932-1933 жылдардағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық туралы ақиқатты толыққанды ашу жөнінде алғашқы қадамдар жасалғанымен, бірқатар себептерге байланысты бұл үдеріс тежеліп қалды. Бірақ соған қарамастан белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаев бастаған ғалымдар мұрағат деректерін жинастырып, зерттеу жұмыстарына кірісті. Сөйтіп қуғын-сүргін тақырыбы отандық оқулықтар мен монографиялар беттерінде көрініс таба бастады.

2012 жылы Мемлекет тарихы институты қазақ халқының басына төнген ауыр зұлматтың ащы шындығын баяндайтын “Ақиқат” кітабын жарыққа шығарып, ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың саяси-құқықтық негіздеріне жан-жақты талдау жасалды. Коммунистік партия уағыздаған “жеке меншіктен бас тарту”, “адамдарды таптарға бөлу”, “халық жауы”, “контрреволюция” сияқты саяси тақырыптар арнайы зерттеліп, ұжымдастыру жылдарында зардап шеккен миллиондаған адамдардың қайғылы жағдайын түсіндіру үшін “дала миллионері” атанған Әлти бай әулетінің адам баласының басына бермес қилы ауыр тағдырына тоқтала кеткенді жөн көрдім.

Жерлес жазушы Сәбит Мұқанов “Өмір мектебі” романында Әлти Барлыбаевтың шаруашылығын, оның отбасы мен ұлдарын жан-жақты сипаттайды. Сәдуақас пен Сейтақтың іскерлік әрекетін, шаруашылықты жүргізу қабілетін ерекше атап өтеді. Кеңестік идеологияның түсініктанымы бойынша қарамағында жұмыс істеп, табан ақы, маңдай терін адал алып отырған “батырақтардың” “қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарған” осындай “жабайы тағылық” әрекеттері үшін оларды әлеуметтік тап ретінде жою қажет деп шешеді. Шын мәнінде, Барлыбаевтар дендеп енген капиталистік құрылыстың заңдылықтарын бес саусақтай меңгерген болатын. Большевизм басшылары марксизм-ленинизм теориясының негіздеріне сәйкес бұларды бүкіл елде социализм құруға кедергі келтіретін адамдар тобына жатқызды. БКП(б) ОК-нің нұсқауы бойынша шаруаларды ұжымшарларға тартудың 1928-1932 жылдарға арналған жоспары әзірленді. 1928 жылы 14 наурызда Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің президиумы ірі байларды тұрақты тұратын жерлерінде жер пайдалану және тұру құқығынан айыру туралы қаулы қабылдайды. Оған 100 бас малы бар отбасылар, хан ұрпақтары, марапаттарға ие болыстар, діни қызметкерлер өкілдері кіргізіледі. Партия комитеттері мен кеңес өкіметінің шешімдері негізінде жеке шаруа қожалықтары тез арада ыдыратылып, ұжымшарлар құрылады. Сол-ақ екен “ауқаттыларға” қатысты қудалау басталып кетеді. Қазақстанда ұжымдастырудың басталуы БКП (б) Қазкрайкомының хатшысы Ф.Голощекиннің БКП(б) ОК-ге тәркілеуді жүргізуге қатысты ҚазЦИК-тің шешімі туралы арнайы жеделхатын жолдаудан басталады.

Еш жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған “ауқаттылардың” діңгегін қарапайым ауыл адамдары құрағаны енді ғана мәлім болып отыр. Ақмола, Петропавл және Семей округтері бойынша 31120 адам сотталып, 22307 шаруашылық әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұдан бөлек, олардан 23 млн. рубльден астам айыппұл өндіріліп, 53,4 мың бас мал, 631 мың пұт нан қоры тәркіленеді.

Осылайша қызыл билік қазақ ауылдарының еңбекке қабілетті, ең жігерлі азаматтарын “ит-жеккенге” айдап, сүттей ұйып отырған мыңдаған шаңырақтың тоз-тозын шығарады. Жетім-жітікті ұжымшарларға қой қуалағандай етіп зорлап кіргізеді. Міне, миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған алапат аштықтан қазақ халқы да қынадай қырылып, жылан жалағандай етуінің түп негізі осы. 1930-1932 жылдар аралығында қолдан жасалған қырғыннан 2 млн-нан астам адам құрбан болды. Қытайға, Өзбекстанға және Ресейдің іргелес аймақтарына босқындар легі басталды. Әлти Барлыбаевтың отбасы да ұжымдастырудың тікелей құрбаны болып кете барды. Кеңес өкіметінің қысымшылығына шыдай алмаған Әлти Барлыбаев 1925 жылы күйіктен көз жұмады. Оның балалары мен немерелеріне ешқандай аяушылық жасалмайды.

Солтүстік Қазақстан облысы мұрағаты қорында Барлыбаев ұрпақтарына тиесілі мүліктік тізімдеу хаттамасы сақтаулы. Ол бойынша асып-тасқан байлық жоқ. Бір атап өтерлігі, осы әулетте қызмет еткен орыс әйелі биліктің шешімдеріне наразылық білдіріп, үлкен отбасын қолдаған екен. Әлти Барлыбаевтың отбасы Ақтөбе облысына жер аударылған. Ешқандай дүние-мүліксіз Қорған облысының Макушино станциясына жеткізіліп, темір вагондарға тиелген. Қоныс аударылғандардың ішінде 12 адам болған. Отағасы Сәдуақас, әйелі Құлжамал, ұлы Сәруар, қыздары Малика, Қағида, кіші інісі Сейтахмет, әйелі Маржан балаларымен: Сабыр, Сермағамбет, Әлмағамбет, Әнуар және қызы Қабиба. Оларға жолай Абылай Рамазанов, оның ағасы Мұхаметжан, Әбдір Арбабаев және Жақып Көшкин қосылады. Бес күннен кейін Ақтөбе облысының Қаратоғай станциясының жанындағы ауылдардың біріне түсіріледі. Көшірілгендер терезелері мен есіктері жоқ, қыста мүлдем жарамсыз суық үйлерде тұрады.

Әлмағамбет пен Әнуар бейтаныс өңірде көз жұмады. Тұрып жатқан үйлерін қаскөйлер өртеп, баспанасыз, жылы киімсіз қалады. Жергілікті органдар тарапынан еш көмек көрсетілмейді. Көп ұзамай Жайсаң ауылына қоныс аударады. Малика Манап есімді жергілікті жігітке тұрмысқа шығады. Соғысқа шақырылған жолдасы хабар-ошарсыз кетеді. 1933 жылы, бес жылдан кейін Барлыбаевтар отбасына қоныс орнын ауыстыруға рұқсат беріледі. Ел жаққа оралуға қанша асықса да жүрексінеді. Содан Ресейдің Түмен облысына табан тірейді. 1938 жылы айналадағы ауылдардағы қазақтар бірігіп, бірлестік құрады. Ұжымшар “Париж коммунасы” деп аталады. Бірақ аудандық билік жаңа “коммунарларды” қудалап, көп ұзамай ыдырап тынады. 1939 жылы Сейтахмет 48 жасында қайтыс болады. 1940 жылы Малика, іле-шала Қабиба мәңгі келмес сапарға аттанады.

Тәркіленгендердің отбасылары кез келген уақытта жаңа қуғын-сүргінге ұшырауы мүмкін еді. Сондықтан болар, тұрғылықты жерлерін жиі өзгертуге тура келген. Туған жерлеріне деген сағыныш пен әділетсіздікке деген реніш талайларды сары уайымға салдырып, ауыр мұңға батырды. 1946 жылы бұл отбасы толығымен Дроновка ауылына көшіп, 1948 жылы Түменнің Қызыл ту елді мекеніне оралды. Сталин қайтыс болғаннан кейін, арада бақандай 20 жыл өткен соң ғана туған жердің топырағын басты.

Бүркітбай АЯҒАН,

мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp