«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗ БАЛА ӨНЕРЛІ БОЛУЫ КЕРЕК

Тайынша ауданындағы №2 Чкалов орта мектебінде тәжірибелі ұстаз Шолпан Шырылдақованың ұйымдастыруымен өткен “Өнер – сарқылмас қазына” атты кездесу сабағы қыздар тәрбиесіне арналды.

Ауылымыздағы шебер әжелер өздері тіккен бұйымдардың жасалу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіре отырып, бүгінгі күні жоғалып бара жатқан қыз бала бойындағы әдептілік, сабырлылық, ұяңдық, еңбексүйгіштік сияқты құнды қасиеттерді тілге тиек етті.

“Өнерді үйрен де жирен”, “Өнерлі бала – арлы бала” дегендей, кесте тігу, тоқу, құрақ құрау сияқты қолөнерімен айналысу адамның шеберлігін дамытумен қатар, жүйкесін тыныштандырып, қыздардың әр қадамын ойлап басатын ұстамды, сабырлы, салиқалы болып қалыптасуына, бар мәселені ақылмен шешуге дағдыландырады. Әжелердің “Ісмерлік – әр қыз баланың бойынан табылса, ертеңгі күнгі азығы болумен қатар, сұлулықты сезе білуге, жақсы қасиеттердің қалыптасуына оң әсер етеді”, – деген салмақты да, терең мағыналы, мысалмен келтіре отырып айтқан ой-тұжырымдары қыздарға ой салды.

Қызды тәрбиелеу, өсіру, ержеткізу ең маңызды мәселе. Шолпан Нығметқызының жалпы тәрбие мәселесінің қыз балаға қатысты тұстарын бөліп алғандағы негізгі ойы оларды адамгершілігі мол, әдепті, инабатты, сыпайы етіп шығару. Бұл бағыттағы жұмыстардың көпшілігі ата-аналармен қоян-қолтық араласуды тікелей қажет етеді. “Анасын көріп, қызын ал” дейтін халық мақалы текке айтылмаған. Әже, ана тәрбиесін көрген қыз әрдайым көрегендік танытады. Әже өнегесі – әлемдегі ең қазыналы өнеге. Парасатты әжесінің даналық мектебінен нәр, өнегелі тәрбие алған, ұлттық қасиеттерге сусындаған қыздарымыз ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз. Сонда ол қазақ қызы деген атқа лайық болып, жібектей мінезімен, уыздай тәтті қылығымен, іскерлігімен, ұқыптылығымен, ізеттілігімен, имандылығымен, инабаттылығымен елге сыйлы болары хақ.

Байғали БӨГЕНБАЕВ,

№2 Чкалов орта мектебінің мұғалімі.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp