«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС НӘТИЖЕЛІ

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан жұмысын бастаған ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі өңірдегі криминогендік жағдайдың жақсаруына оң әсер еткен.

Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Айтбаев тұрғындар алдында есеп беру кездесулері барысында жалпы қылмыстық көрсеткіш 8 пайызға азайғандығын жеткізді. Әсіресе, аса ауыр, есірткімен байланысты қылмыстар саны, тонау, мал, көлік ұрлығы, бұзақылық күрт төмендеген. Мәселен, үстіміздегі жылдың 10 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны – 12,3 пайызға, көшелердегі – 15,6 пайызға, кәмелетке толмағандар жасайтындар – 20,5 пайызға, отбасылық-тұрмыстық қылмыстар 28,5 пайызға азайған.

Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев пен ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Берік Біләловтің қатысуымен қалалық Мәдениет үйінде өткен кездесуде Қанат Айтбаев құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша тиімді әдістердің бірі бейнебақылау жүйесінің орнатылуы екенін атап өтті. Облыс аумағында 215 бейнебақылау камерасы орнатылып, жыл басынан бері олардың көмегімен 273 қылмыс ашылып, 18593 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бүгінгі таңда 23 аулада 67 бейнебақылау камерасы орнатылған. 983 пәтер орталық бақылау пульті арқылы күзетіледі.

Есепті кездесуге қатысқан Петропавл қаласы мен облыс аудандарының тұрғындары проблемалық мәселелерге тоқталып, жол қозғалысы қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті күзетуді жақсарту бойынша өз пікірлерін білдірді. Солтүстікқазақстандықтар қозғаған мәселелер негізінен көпқабатты үйлер маңындағы көліктердің қойылуына, жаңа бағдаршамдардың орнатылуына, пәтерлерді тәуліктеп жалға беруге, иттермен серуендеу мәселелеріне қатысты болды. Учаскелік полиция инспекторларының жұмысына да сын айтылды. Барлық көтерілген мәселелерді облыстық полиция ведомствосының бастығы Берік Біләлов пен жергілікті полиция қызметінің басшылығы өз бақылауларына алды.

Нұрбек БАЕКИН,

облыстық ішкі істер департаменті

баспасөз қызметінің жетекші маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp