Өңіріміздің тәртіп сақшылары көршілес Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары қызметкерлерімен достық қарым-қатынаста, бірігіп жұмыс істеп келеді. Соның бір дәлелі – Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаево қаласында өткен облыстық ішкі істер департаменті мен Ресей Федерациясының Қорған, Омбы және Түмен облыстарының ішкі істер министрліктерінің үйлестіру тобының отырысы. Өңіріміздің және Ресей Федерациясы облыстарының тәртіп сақшылары бас қосқан ерекше үлгідегі алқалы жиын облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Жиынды “Марғасқа ақын Мағжан еліне қош келіпсіздер!” – деп бастаған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов аталмыш сала бойынша өңірімізде атқарылған бірқатар нәтижелі жұмыстарға тоқталды.
Түмен облысы тергеу басқармасының бастығы Юрий Ястребов лаңкестік әрекеттердің алдын алу және болдырмау мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталып, осы бағытта бірлесіп жұмыс істеудің екі мемлекет үшін де маңыздылығын айтты. Париж қаласында орын алған лаңкестік шабуылдың қасіреті дүниежүзі мемлекеттерін алаңдатып отырғандығын, сол үшін шекаралас өңірлердің бірігіп әрекет етуі қажеттігін баса айтты.
Ресейдің бірнеше облыстарымен шекараласатын өңірімізде қылмыстың дені есірткі саудасы, мал ұрлығы және іздеуде жүрген қылмыскерлердің бой тасалауы екен. Бұл бағытта кинологиялық қызметтің атқаратын қызметі зор. Түмен облысы бойынша ІІМ басқармасының бастығы, полиция полковнигі Андрей Вырвич иісшіл иттерді арнайы дайындықтан өткізуге аса мән беріліп отырғандығын айтты.
Шара соңында екі тараптың өкілдері алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге келісіп, жоспарларын бекітті.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.