«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛМЫСҚА БОЙ ҰРМА, БОЗБАЛА!

Қызылжар, Тайынша, Айыртау, Мамлют, Ақжар және Жамбыл аудандарында жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстың саны өскен. Үстіміздегі жылдың өткен 11 айында жасөспірімдердің қатысуымен 90 құқық бұзушылық тіркелген.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов төрағалық еткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында осындай деректер келтірілді.

Өңірімізде орта білім беру мекемелеріне бармай жүрген балаларды, жасөспірімдерді анықтау жөніндегі жұмыс жайлы баяндаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожинаның айтуынша, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында мектеп табалдырығын аттамаған 14 бала анықталған. Бүгінгі таңда оның 11-і мектепке оралса, қалғандары бойынша тиісті шаралар қолға алынған. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан тоғыз мыңнан астам баланы киім-кешекпен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 302 миллион теңге қаржы бөлініпті. Осындай қолдау оқушылардың мектепке бармау фактісін азайтқан. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов көтерілген мәселелерге байланысты есімдері аталған аудандардың басшыларына орын алған жағдай жөнінде ұсыныстарын білдіруге тапсырма берді.  

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Владимир Дудов жергілікті жерде құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Ол, сондай-ақ, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда биыл құқық бұзушылықтың барлық түрлері бойынша орын алған қылмыс саны 14 пайызға өскендігін жеткізді. Мәселен, 2015 жылы 19 ауыр қылмыс, үш өте ауыр қылмыс тіркелген екен. Ал өзгенің мүлкін ұрлау фактілері орта есеппен 32 пайызға төмендепті. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда, көшелерде жасалатын қылмыс түрлері азайған.

Тайынша ауданының әкімі Ержан Иманслям да ауданда қылмыстық құқық бұзушылық саны артқандығын айтты. Үстіміздегі жылдың 11 айында 446 құқық бұзушылық тіркелген. Ал ауыр, өте ауыр қылмыстар бойынша фактілер өткен жылмен салыстырғанда төмендепті. Сонымен қатар, Тайынша қаласында бейнекамералар орнатылғалы бері жол қауіпсіздігі бойынша қылмыс саны артқан. Үстіміздегі жылы ауданда жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының екі фактісі тіркеліп, үшіншісі суицид жасауға талпынған.

Облыс әкімі ауданда жасөспірімдердің қатысуымен және спирттік ішімдіктің салдарынан жасалатын қылмыс санының арту себебін сұрады. Аудан әкімі аталмыш бағыттар бойынша тиісті шараларды жүзеге асырып жатырмыз дегенімен, облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмысты күшейтуді тапсырды. Ал комиссия мүшелері тарапынан аудандағы колледж студенттерінің сабаққа баруына мониторинг жүргізу мәселесі көтерілді. Себебі, аудандарда колледж студенттеріне қатысты жағымсыз оқиғалар жиі тіркелуде. Осы орайда өңір басшысы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың теріс жолға түспеуі үшін аудандық білім бөлімдері тарапынан күнделікті мониторинг жүргізілуі керектігін атап өтті.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp