Мен 40 жасқа келген екі баланың анасымын. Ұлдарымның үлкені студент болса, кенжесі – 6 жаста. Енді үшінші бала тусам деген ниетім бар. Бірақ арада біраз уақытты өткізіп алғандықтан, “денсаулығым жарай ма?” деген күдік те бар. Жалпы, қырықтан асқан кезде ана болу арманыңа қол жеткізу қаншалықты мүмкін?
Қамаш,
Аққайың ауданының тұрғыны.
Көптеген жеңгелердің ойында жүрген сұраққа облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Жанна Мауытова жауап береді.
– Бала көтеруге денсаулық та қажет. Әйел жүктіліктен 3 ай бұрын дайындалуы керек. Ерлі-зайыптыларға түрлі дәрумендер қабылдап, профилактикалық тексеруден өтуге кеңес береміз. Сонымен бірге, әйелдердің гинекологиялық аурулармен қатар, тістерін де емдеткені жөн.
Жалпы, медициналық көрсеткіштер бойынша тұңғыш баланы 18-25 жас аралығында туған қолайлы. Одан кейін бұл мүмкіндік төмендей береді. Бірақ денсаулығы мықты болса, 40 жаста да бала көтеруге болады. Тек қана дәрігерлермен алдын ала ақылдасып, барлық нұсқауды орындау керек. Сондай кезде ғана ананың өміріне қауіп төнбей, дені сау сәбидің өмірге келуі әбден мүмкін.