Солтүстік аймақтың қытымыр қысы сақтықты талап етеді. Қауіпсіздік ережелерін сақтамасаң, үскірік аяздан, көктайғақ пен дауылдан, бұрқасын мен бораннан зардап шегуің әбден мүмкін. Төтенше оқиғаларға қашанда дайын болсаңыз, кез келген қиындық жеңіледі. Өкінішке орай, сақтық талаптарын жұрттың барлығы бірдей ескере бермейді. Мәселен, ауа райы қолайсыз кезде адамның әлсіздігін, көмекке мұқтаждығын түсіну үшін алысқа бармай-ақ, былтырғы қыс оқиғаларын еске алсақ та жеткілікті.
Өткен қыс айларында өңір аумағында орын алатын дауыл, жауын-шашын, бұрқасын, көктайғақ, қатты жел алдын ала болжанып, хабарланды. Барлығы 71 қауіпті, 3 апаттық ауа райының гидрометеорологиялық құбылыстары анықталды. Облыс аумағындағы жолдарда қиындық көргендер аз болған жоқ. Бірнеше тәулік бойы соққан бұрқасын мен боран қардың бетін күртікке айналдырып, көлік құралдарының жолын бөгеді. Соның салдарынан жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төнді. Былтырғы қарашадан наурыз айының соңына дейін республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарда 306 оқиға тіркеліп, құтқарушылар 4500 адам мен 1939 көлікке көмек қолын ұсынды. Жолдар тазартылып, адамдардың далада қалып, қаза болуына жол берілмеді. Департамент қызметкерлері аудандық әкімдіктер және жергілікті кәсіпорындардың қолдауымен жолда қалған автокөліктерді жөндеуге көмектесіп, ішіндегі жолаушыларды жылыту орындарына жеткізді.
“Қазгидромет” орталығымен қоян-қолтық жұмыс істейтін департамент былтыр 23 дауылды күнді алдын ала ескертті. Ескертулер бұқаралық ақпарат құралдары және ұялы байланыс операторларымен SMS хабарламаларын тарату арқылы таратылды. Алайда, жұрттың барлығы хабарламаға құлақ аспады.
Ауа райы болжамдары бойынша биылғы қыста да әртүрлі жайттар орын алатын сияқты. Осыған орай табиғи және техногендік төтенше оқиғаның алдын алу, құтқарушылардың кәсіби дайындығын жетілдіру бойынша жоспарлы шаралар жүзеге асырылуда. Атқарылған шараларға сәйкес, тіршілікті қамтамасыз етуге қажетті нысандар мен техникалық дайындық уақытында аяқталғандығын атап өткен жөн. Жолдарды тазарту және төтенше жағдайларды жою үшін 700 қар жинайтын және арнайы техника дайындық сапына қойылды. Оқиғаға тап болған адамдарды бірінші қажеттіліктегі заттармен, дәрі-дәрмектермен, ыстық тамақпен қамтамасыз ететін 285 жылыту нысаны дайындалды. Республикалық маңызы бар жолдар үшін 73 техника, облыстық маңызы бар жолдар үшін 110 техника дайын. Жергілікті маңыздағы автожолдардың бойында 243 жылыту нысаны мен 564 бірлік техника сақадай-сай тұр.
Дегенмен, әр адам өз қауіпсіздігін ойлауы керек. Біз үшін тұрғындардың қыс мезгіліндегі қауіпқатерлерді шынайы түсінгені маңызды. Сондықтан жақын және алыс жолдарға шығатындар қауіпсіздік шараларын естен шығармағаны абзал. Ол үшін, ең алдымен, синоптиктердің болжамдарын ескеріп, күннің райын бақылап, жол қауіпті көрінсе, сапарды кейінге қалдырған абзал. Алыс сапарға шығуға жағдай мәжбүрлеп тұрса, көлігіңіздің техникалық жарамдылығына әбден көз жеткізіңіз. Екіншіден, қай жаққа, немен және қашан шығып жететініңіз туралы жақындарыңыз хабардар болсын. Мүмкіндігінше сіз баратын жақтың адамдары да хабарланғаны жөн. Ал белгіленген пунктке жеткеннен кейін үйдегілерге хабар беріңіз. Оқыс оқиға жағдайында сізді іздеу және құтқару шаралары қабылданатыны сөзсіз. Ондайда байланыс құралы қоластыңызда болса, құба-құп. Үшіншіден, жылы киініп, ыстық шай немесе кофе құйылған термосты, бірнеше майшамды, медициналық қобдишаны өзіңізбен бірге ала жүргеніңіз дұрыс.
Боранда жолда қалуға мәжбүр болсаңыз, көлікті желдің ығына орналастыруға тырысыңыз. Жанармайды үнемдеу үшін оны көп жағып қоймай, салонның ауасын әлсін-әлсін жылытыңыз. Іздеушілердің немесе жол-жөнекей адамдардың көз қырына тез ілігу үшін көліктің жоғары жағына түрлі түсті мата байлап (ұзын таяқша, антенна) қойыңыз. Көлікті қар жауып қалса, қозғалтқышты қоспаңыз, мотор жұмыс істеген кезде түтіннің салонға кіруі ықтимал. Елді мекеннің қай жақта орналасқанын, оның алыс-жақынын білмесеңіз жаяу жолға шығудың қажеті жоқ. Оны тек басқа амал қалмаған жағдайда ғана ойластырыңыз. Ол үшін бар киіммен қымтанып алған жөн. Байланыс құралдары немесе жолда кетіп бара жатқан жолаушылар арқылы төтенше жағдайға немесе жол полициясына хабар беру керек. Құтқарушылардың 112 телефоны тәулік бойы жұмыс істейді, сіздің қоңырауыңыз ескерусіз қалмайды.
Жоғарыда айтылған қауіпсіздік ережелерін сақтау қиын емес. Оларды сақтай отырып, өзіңіздің және қасыңыздағылардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптерді азайта аласыз.
Павел ФИЛИППОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы.