«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫС – 2015″ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ БАСТАЛДЫ

Кеше “Басқару органдары мен мемлекеттік азаматтық қорғаныс жүйесі күштерінің қыс кезіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға әзірлігі” тақырыбында “Қыс – 2015” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Ол 7 қарашаға дейін жалғасады.

Аталмыш шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко басшылық жасайды. Оқу-жаттығу басшысының орынбасары – Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің төрағасы, генерал-майор Валерий Петров, штаб бастығы – Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, генерал-майор Жасұлан Жұмашев.

Командалық-штабтық оқу-жаттығу Петропавл қаласынан басқарылады. Оған еліміздегі орталық және жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелер мен ұйымдар жұмылдырылады.

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен оқу-жаттығуға басшылық жасай келген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко таяуда ғана пайдалануға берілген мұз айдыны сарайында, “КАЗТЕХМАШ” АҚ-ның құрастыру цехында болып, олардың техникалық жағдайларымен, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан “Динамо” стадионындағы құрылыс барысымен танысты, содан кейін облыстық әкімдікте селекторлық режімде кеңес өткізді. Оған аудандар мен қала әкімдері, ведомстволар мен ұйымдардың, күш құрылымдарының басшылары қатысты.

Кеңесті ашқан өңір басшысы “Қыс – 2015” республикалық оқу-жаттығу Петропавл қаласынан басқарылып отырғанын, соған орай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары бастаған командалық-штабтық құрам келгенін мәлім етті.

Владимир Божко өткен қыстың оңай болмағанын айта келіп, республика бойынша 600 рет жол жабылғанын, 14 мың адам мен 5 мың техниканың қар құрсауында қалғанын мысалға келтірді. Дәстүрлі оқу-жаттығу таулы аймақтарда қар көшкінінің, солтүстік өңірде боран мен бұрқасын кезіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу, коммуналдық шаруашылықтардың қытымыр қысқа әзірлігін байқау мақсатын көздейді.

Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко Қызылжар өңірінің 2015-2016 жылғы қысқы маусымға әзірлігі жайында баяндады. Владимир Степановичтің айтуына қарағанда, өткен жылы дауылдың алдын алу туралы 16 рет ескерту жарияланып, автомобиль жолдарындағы қозғалысты шектеу туралы 7 рет шешім қабылданды. Осы уақытта 2623 адам мен 960 техника қар құрсауынан құтқарылды. Вицеминистр Владимир Божконың тікелей қолдауымен облысқа 8 техника бөлінді.

Облыс әкімінің басшылығымен алдағы қысқы маусымға тіршілікті қамтамасыз етуге қажетті нысандарды дайындау жөнінде бірқатар кеңестер мен әкімдіктің отырыстары өткізілді. Коммуналдық шаруашылық нысандары мен әлеуметтік сала мекемелерін дайындау үшін бюджеттен – 1 млрд. 82 млн. теңге, кәсіпорындардан – 2 млрд. 746 млн. теңге, “СевКазЭнерго” АҚ-дан 9,5 млрд. теңге қаражат бағытталды. Соның нәтижесінде 544 қазандық, 607 денсаулық сақтау нысаны, 241 мәдениет ошағы мен 680 білім беру мекемесі дер кезінде әзір етілді. Осы тұрғыда жылумен, сумен, газбен және электр қуатымен қамтамасыз ететін кәсіпорындар да жоспарлы түрде қыруар жұмыс атқарды.

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін облыста жеке құрамында 1032 адам мен 440 техника бар 14 шұғыл әрекет ету отряды дайын етілді. Облыс пен аудандардың бюджетінен жалпы сомасы 125 млн. теңге қаражат бөлінді, оның 85 млн. теңгесі – кезек күттірмейтін шығындар резервіне, 40 млн. теңгесі – төтенше жағдайлар резервіне.

Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайролла Ғалеев облыс орталығының қысқы маусымға әзірлігі жайын баяндай келіп, Владимир Карловичтің сауалына орай жергілікті тұрғындардың төтенше жағдайлар жайында теледидарлардағы жүгіртпежолдар мен радио және ұялы телефондар, ал оқушылардың сабаққа бармау жағдайы жергілікті бюджет арқылы қаржыландырылатын муниципалды телеарна арқылы хабарланатындығын айтып берді.

“Казгидромет” РМК-нің облыстық филиалының басшысы Қымбат Мерғалимова ауа райын болжау орталығының, ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов медициналық қызметтің өз міндеттерін орындауға әзірлігі жайын баяндап, қойылған сауалдарға жауап берді.

Селекторлық кеңестен кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің техникалық базасымен танысып, жеке құраммен кеңес өткізді.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp