“Құлагер” ел чемпионатына биыл ғана қосылса да, қарсыластарына айбын танытып, барған сайын құлашын жаза түсуде.
Өткен сенбі және жексенбі күндері жерлестеріміз бұған дейін төртінші орында тұрған “Теміртау” хоккейшілерін қабылдады.
Алғашқы – 5 желтоқсан күнгі ойын өте тартысты өтті. Қонақтар екі шайба соғып, алға шыққан. “Жеңістің ауылы алыс-ау” деп, ұнжырғамыз түсіп отырғанда “құлагерліктер” жасымай, әуелі есепті теңестірді. Артем Сенькевич екі мәрте риза қылды. Ал соңғы шайбаны Анатолий Васильев енгізіп, жеңісті тартып әперді. Демек, жерлестер 3:2 есебімен ұтып, үш ұпай иеленді.
Қарымта кездесу келесі күні ойналды. Бұл жолы біздің хоккейшілер ширақ қимылдады. Десек те, есепті тағы да қонақтар ашты. Бірақ бұл біздің жігіттердің жігерін құм қыла алмады. Анатолий Васильев, Максим Волков, Ильгиз Нуриев, Туомас Сантавуори және Александр Егоров көзге түсті. Теміртаулықтар тағы бір шайбамен ғана жауап бере алды.
Осылайша, біздің хоккейшілер 5:2 есебімен мерей асырды. Бүгінде командамыз бесінші орынға көтеріліп, 53 ұпай жинады.
(Өз тілшіміз).