«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құлпыра түс, Қызылжар!

Облысымыздың орталығы – Петропавл қаласының іргесі қаланғанына биыл 265 жыл толды. Көне шаһар тұрғындары қала күнін ерекше салтанатпен атап өтті.

Бұл күні табиғат тосын мінез танытса да, көпшіліктің көңілі жайма-шуақ болды. Таңғы 11-де орталық алаңға жиналған қауым қала күнін тойлауды мерекелік концертті тамашалаудан бастады. Жұртшылықтың назарына облысымыздың өнер ұжымдарының қатысуымен Петропавл қаласының тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылым ұсынылды.

Мерекенің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс орталығының басшысы Марат Тасмағанбетов қала тұрғындары мен меймандарын атаулы күнмен құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың әл-ауқатын жақсарту, елімізді көркейту мәселесіне көп көңіл бөледі. Жақында ғана Қазақстанның шаттыққа толы мерекесі – Астана күнін атап өттік. Бүгінде “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің арқасында елордамыз әлем жұртшылығының назарында. Біздің қаламыз да тарихи маңызы бар көркем қала. Жыл сайын облыс орталығының келбеті түрленіп келеді. Мәселен, бүгінгі күні облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен Петропавлда жаңа ғимараттар, шағынаудандар салынуда. Дегенмен, біздің қаламыздың басты байлығы – оның тұрғындары. Құрметті жерлестер, жайқалған қаламыздың ажары сіздердің береке-бірліктеріңіздің арқасында арта түсетініне сенімдімін, – деді Марат Иманбайұлы.

Одан әрі мерекелік шараны қаланың танымал өнер ұжымдары, әншілер мен бишілер, жас өнерпаздар жалғастырды. Омбы, Түмен және Челябі қалаларынан арнайы келген шығармашылық ұжымдар өнерлерін паш етті. Әсіресе, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен ресейлік “Самоцветы” тобының орындауындағы әсем әндер көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлап, құлақтарының құрышын қандырды. Содан соң Петропавл қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі ұйымдастырған байқауда өңіріміздің үздік кәуап пісірушілері өзара сайысқа түсті. Сондай-ақ, жиналғандар назарына “Әлем халықтарының асханасы менің қаламда” атты гастрономиялық фестиваль ұсынылды. Дәмді кәуап пен түрлі тағамнан дәм татқан қызылжарлықтар бұдан әрі Қазақстан Конституциясы көшесі бойында ұйымдастырылған мерекелік бағдарламаны тамашалады.

Петропавл – көне ғимараттары көптеп сақталған қала. XIX ғасырда бұрынғы Вознесен даңғылы, яғни бүгінгі Қазақстан Конституциясы көшесінде көпестердің үйлері мен дүңгіршектері көп болыпты. Сол ескі қаланың көрінісін облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері көрсете білді. Өткен ғасырларға тән киімдерді киіп, көше бойымен әрлі-берлі жүрген олармен қала тұрғындары қуана суретке түсті. Сондай-ақ, мұражай ұжымы шайхана ұйымдастырып, көпшілік сары самауырда қайнатылған ыстық шай ішіп, бойларын жылытты. Сонымен қатар бұл маңайда қаламыздың тарихынан сыр шертетін фотокөрме қойылып, “Менің қаламның шеберлері” сәндік-қолданбалы қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Бұл көрмеге ағаштан, киіз бен матадан және тағы басқа заттардан жасалған бұйымдар, картиналар қойылды.

Тұрғындардың басым көпшілігі түс ауа қалалық мәдениет және демалыс саябағына жиналды. Әсіресе, жасөспірімдер мен бүлдіршіндер жағы стритбол спорттық сайысы мен түрлі ойын-сауық бағдарламаларына қызыға қатысып, мәз-мейрам болысты. Ал саябақ ортасынан орын алған сахнада флористер сайысы өтті. Бір себетке әртүрлі гүлдердің басын қосып, әдемі шоқ гүл жасағандар арасынан Дарья есімді кішкентай қыз суырылып шықты.

Мереке күні Спорт сарайында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнирі өтті. Көршілес Ресей мен еліміздің Астана, Қостанай, Павлодар қалаларының спортшылары жиналған жарысқа жерлес “Намыс” клубының білекті жігіттері де қатысып, жақсы өнер көрсетті.

Қала күнін мерекелеу мұнымен аяқталған жоқ. Кешке таман жұртшылық “Солтүстік жұлдызы” саябағындағы гала-концертті көруге асықты. Барлығының мақсаты “Туған күніңмен, сүйікті қалам!” кешкі ойын-сауық бағдарламасын, көздің жауын алар жарық, лазерлік шоу және отшашуды тамашалау болды. Айтқандай-ақ, бұл қызықтар жиналғандардың көңілдерін көтеріп, бір серпілтіп тастады. Осылайша, қызылжарлықтар бұл мерекені таң атқаннан күн батқанға дейін тойланды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp