
Әлемнің дамыған елдері күнделікті өмірде кеңінен қолданып жүрген робототехника саласы елімізде соңғы жылдары жақсы дамып келеді. Инновацияға басымдық беріп отырған елімізде бұл сала аға буынға алынбас қамалдай болса, жаңалыққа жаны құмар жас ұрпақ үшін қандай жағдай жасалған? Біз осы мәселе төңірегінде журналистік зерттеу жүргізіп, оның нәтижесін бүгінгі мақаламызға арқау етіп отырмыз.
ҮЙІРМЕГЕ
ҮЙІРЛЕР КӨП
Технологияның дамығаны соншалық, жуырда теледидардан адамнан аумай қалған роботтарды көріп, таңғалдым. Жапондық Хироси Исигуро есімді инженер түр-тұлғасы дәл өзінікіндей құлтемірді ойлап тауыпты. Құдды бір егізіндей көрінеді. Адамға тән қимылдар жасайды: күледі, сөйлейді. Тіпті, қожайынының орнына университетте дәріс те оқиды екен. Соған қарағанда аталған сала жоғары деңгейде дамыған Жапониямен, Кореямен, Германиямен салыстырғанда еліміз артта қалғанын мойындауымыз керек. Осы орайда робототехниканы қарқынды дамытуға бел буған еліміздің Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептерінде балалардың, жастардың аталған саланы игеруіне жақсы жағдай жасалуда. Ал біздің өңірімізде робототехника деген түсінік осыдан үш жыл бұрын пайда болды.
Өңірімізде робототехника үйірмелерінің ашылуы жас маман Данияр Уәлиевтің есімімен тікелей байланысты. Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда информатика пәнінің мұғалімі қызметінде жүрген тұста демеушілердің көмегімен мектепке екі робот сатып алып, құлтемірді теледидардан ғана көрген оқушыларды қуанышқа кенелткен еді. Осылайша қос робот балалардың сабақтан тыс уақыттағы ермектеріне айналды. Данияр Серікұлы облыс орталығындағы №16 толық емес орта мектептің директорлық қызметіне ауысқанда да қолға алған ісін аяқсыз қалдырмай, робототехниканы аталған оқу орнының қабырғасында дамыта түсті.
– Бір күні ғаламтордан америкалық робот жасаушылардың конкурс ұйымдастырып жатқандығын білдім. Бағымды сынайын деп оқушылармен бірлесе робот жасап, оны Америкаға жөнелттік. Сөйтіп, біраз күннен соң бірінші орынды иеленгенімізді естідік. Шыны керек, мұндай көрсеткішке жетеміз деп ойламадық. Сыйлыққа бес робот жасау жиынтығын алғанымызда, төбеміз көкке жеткендей болды, – дейді Данияр Серікұлы.
Міне, осы күннен бастап ұстаздың мақсаты айқындалып, өзі басқаратын мектепте робототехника үйірмесін ашады. Оған қаланың өзге мектептерінің оқушылары да қатысады. Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының бейінді эксперименталдық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне ауысқан Данияр Серікұлы бұл жерде де робототехника үйірмесін ашты. Жаңалыққа жаны құмар оқушылар робот құрастыруға арналған қызылды-жасылды “Lego” конструкторларын көрісімен үйірмеге жазылуға кезекке тұрған көрінеді.
– Құлтемір жасау сырт көзге жеңіл көрінгенімен, құрастыруға келгенде қол кідіреді. Оқушы робототехникамен айналысуы үшін математика, геометрия, физика сияқты түрлі пәндерді меңгеруі тиіс. Бұл оның техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттырады. Елімізде бұл мамандықтарға сұраныс жоғары, – дейді Данияр Уәлиев.
Қиялында шек жоқ балалар өз қолдарымен де робот жасауға көшкен. Назарбаев Зияткерлік мектебінің зертханасында түрлі-түрлі роботтар жасалады. Мәселен, бір оқушыны атақты боксшымыз Геннадий Головкиннің кезекті жеңісі шабыттандырып, ол боксшы роботты жасаған екен. Ал өңіріміздегі басқа мектептердің бұл саладағы әлеуеті қандай?
МАМАНЫ БАР,
МАТЕРИАЛЫ ЖОҚ
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі үстіміздегі оқу жылынан бастап оқушылар мен жастардың арасында ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту мақсатында мектептердің оқу бағдарламасына “Робототехника” элективтік курсын енгізді. “Робототехника” курсы оқушылардың инженерлік және дизайндық ойлау қабілеттерін қалыптастыруға ықпал етіп, бойындағы шығармашылық қабілеттерін анықтауға көмектеседі. Осыған орай өңірімізде Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында робототехниканы оқытатын мұғалімдер әзірленді. Курсқа облысымыздың мектептерінен 150-ден астам педагог жиналып, екі жұма бойы робот жасауды меңгерді. Солардың бірі – әл Фараби мектеп-лицейі информатика пәнінің мұғалімі Думан Искаков.
– Курста “Lego” ойыншықтарымен жұмыс істедік. Курстың соңында топтық сайыс ұйымдастырып, роботтарымызды “Сумо”, “Кегльринг”, “Кедергілерден өту” сияқты сынақтардан өткіздік. Екі жұмалық курстың соңында әрбіреуімізге сертификаттар табысталды. Дегенмен, алған білімімді тәжірибеде пайдалана алмай отырмын, – дейді ол.
Олай дейтін себебі, “Робототехника” элективтік курсын ашу үшін “Lego” конструкторы қажет. Ал әрқайсысы 200 мың теңге тұратын конструкторды алуға мектептің бюджеті, мұғалімнің қалтасы жұқа. Осылайша бір мұғалім үйренгенін үйрете алмай дымы құрыса, қазақ мектеп-гимназиясындағы әріптесіне облыстық білім басқармасы “Lego” конструкторының жеті жиынтығын әперген. Осы орайда маманы бар, бірақ материалдық базасы жоқ мектептердің бұл мәселесі қашан шешіледі деген сауалмен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожинаға хабарласқан едік. “Алдағы уақытта қаражат бөлініп жатса, мектептерді міндетті түрде конструкторлармен қамтамасыз етеміз” деген жауаппен шектелді. Жергілікті жердегі басқарма түгіл, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің де бұл мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндігі жоқ сияқты. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің үстіміздегі жылдың маусым айында мұнай-газ және энергетика кешеніндегі 70-тен астам компанияның басын біріктірген “КAZENERGY” қауымдастығының бас директоры Болат Ақшолақовқа жазған хатын аталған компанияның ресми сайтынан көзіміз шалды. Министр хатында: “Өкінішке қарай, жалпы білім беретін мектептердің әлсіз техникалық жабдықталуына байланысты робототехника курсын кеңінен енгізуге мүмкіндік болмай отыр” деген мазмұнда хат жолдап, демеушілік жасауды сұраған екен.
Осыдан-ақ, жалпы білім беретін мектептерді робототехника курсын өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жылдам шешіле қоятын мәселе еместігін түсінуге болады. Себебі, әу баста демеушілікке иек артқан министрлік “Адамдағының кілті аспанда” екенін ұмытқандай. Құзырлы органдар қалталыларға хат жазып жүргенде курстан өткен мұғалімдер үйретпек түгіл, үйренгенін ұмытып қалмаса жарар еді.
ҚАРЖЫ ТАПШЫ, ДАРЫНДЫЛАР ЖЕТЕРЛІК
Әйтсе де, өңір жастарының робототехникадағы жетістіктері аз емес. Елімізде жыл сайын өтетін әртүрлі республикалық, халықаралық деңгейдегі сайыстардан өңір оқушылары олжасыз қайтқан жоқ. Жуырда Астана қаласында робототехникадан республикалық олимпиада өтіп, Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Жәнібек Ашу мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Нұржан Төлеген үшінші орынды иеленді. Былтыр да аталған сайысқа өңір құрамасы өздерінің ұшқыр ойларынан шыққан үздік туындыларын дайындап, әртүрлі жүлдені еншілеп қайтқан. Мәселен, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Қазыбек Тоқтаров пен Айбек Қаби “Меруерт жинау” және “Тауға шығу” аталымдарында сайыстың жеңімпаздары атанды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қарағанды қаласында Сербия, Ресей және еліміздің 250-ден астам үздік жас робот жасаушыларының басын қосқан “Roboland – 2016” екінші халықаралық фестивалі өтті. Онда Солтүстік Қазақстан облысынан өңір намысын қорғау үшін бір топ жас өрен аттанып, жүлделі үш орынды қанжығаларына байлап қайтты. Осындай жас буынның арқасында еліміздің робототехника саласы да дамып келеді.
Бүгінде оқушылардың біраз бөлігі технологияның тілін тапқанымен, бірқатары сол білімді дұрыс қолданбай, бос уақыттарында қандай іспен айналысарларын білмейді. Сол себепті олар компьютер ойындарына құмар. Үйлерінде компьютер бола тұра, ата-аналарының үйде бақылау жасайтынын біліп, кей балалар сабақ аяқталысымен тезірек ойын ойнау клубтарына бас сұғуға асығады. Себебі, ол жерде “әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа жоқ. Оны қойшы, тіпті, бүгінде әр баланың телефоны түрлі ойынға тұнып тұр. Ал олар бос уақытында компьютерге телміргеннен гөрі робототехникамен айналысса, ұтылмасы анық.
Сонымен робототехниканы оқытатын маман да, оған қызығатын бала да жеткілікті екеніне көзіміз жетті. Тек мемлекет тарапынан қаржылық қолдау аз болып тұр. Қазақстанда инновациялық технологияның өрісін кеңейтеміз деп ұрандатқанымызбен, бұл салаға жастарды баулитын “Робототехника” курсының тағдырын тек қолы ашық демеушілердің қолына тапсырғанымызды қалай түсінуге болады?
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.