Ерланның жасы 29-да ғана. Шал ақын ауданының Белоглинка ауылынан. Орта білімді, отбасын құрған. Жастайынан үстіне полиция формасын іліп, қоғамдық тәртіп сақшылары қатарына қосылған. Нақтыласақ, қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция батальонына жүргізуші болып қабылданған. Содан беріде 2-3 жыл зымырап өте шығыпты. Иә, оның қызметі күні бүгінге дейін қалыпты жалғаса берер ме еді, кім білсін? Бірақ….
Үстіміздегі жылдың 2 тамызы күні түнгі сағат 1-де Ерлан Айтқұлов әріптесі Н. Аушахимовпен бірге “ВАЗ-2121” жеңіл көлігімен автопатрульдік бақылау жасау үшін 3-ші аймақтық полиция бекеті аумағына кезекшілікке шығады. Таңертеңгі сағат 5-тер шамасында олар “Жастар” стадионы маңында, яғни Интернационал және Сәтбаев көшелерінің қиылысында жеңіл автокөлікті тоқтатады. Көлік ішінде Ж. Исаков, Т. Бектас және Н. Вишняков дегендер отырған. Күдікті көрінген үшеуді тексеру кезінде Н.Вишняковтың қалтасынан өсімдік тектес исі бар сезік тудыратын шағын түйіншек табылған.
Бұдан әрі Ерлан Айтқұлов өзінің полиция қызметкері екенін ұмытып, бастысы әлгі үшеудің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық сезіліп тұрғанына қарамастан, Н.Вишняковты бөлек шақырып алып, патрульдік автокөліктің артқы орындығына отырғызған. Сөйтіп, “Мұрның барда, бір сіңбір” демекші, арам ниетін ақша алып жүзеге асырмақ болған ол сұрағанын берсе есірткіге ұқсас зат алынғандығы үшін хаттама толтырмайтынын, бұл факті жөнінде облыстық ішкі істер департаментіндегі жедел басқару орталығына хабарламайтынын білдірген.
Дәл осы уақытта “Жастар” стадионының жанынан жекеменшік жеңіл машинасымен қасында жолдасы В. Масловский және оның құрбысы Е. Кононова бар В.Власов өтіп бара жатып, тоқтап тұрған көлікті көрген соң, не болып жатқанын білмек болып бұрылады. Осы кезде Н.Власовтың полиция қызметкерін танитынын бірден аңғарған сезіктілердің бірі Т.Бектас одан көмек сұрайды. Әлгі жерде ақшалай пара алудың реті келіп тұрғанын, оңтайлы сәтті құр жіберуге болмайтынын түсіне қалған В.Власов аяқ астынан делдал болып шыға келеді. Сөйтіп, анадай жерде алақаныма ақша қашан түседі деп мазасызданып тұрған Ерланға ұсталғандарды босату керектігі жөнінде ойын айтқан. Бұл кезде неге екенін кім білсін, Ерланның әріптесі Н.Аушахимов жанында болмаған.
Одан әрі оқиға былай өрбіген. Мұндай қылмыстың арты жақсылыққа апармайтынын, “ұрлық түбі – қорлық” дегендей, ертең заң алдында жауап беруге тура келетінін, оңдырмай опық жегізетінін ойламаған Ерлан Айтқұлов үш жігіттен 100 мың теңге талап етеді
Үйіне құр қол қайтқысы келмеген Ерлан Н.Вишняковты шақырып алып, әзірше 10 мың теңге тауып беруін, ал қалған соманы кейін әкелуі керектігін ескерткен. Ол ақшаны досы Ж. Исаковтан алып берген. Міне осы Ж.Исаков кешікпей жемқорлық құқық бұзушылық жасалғаны, яғни полиция қызметкері 100 мың теңге көлемінде ақша бопсалағаны жөнінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне жазбаша өтініш түсірген.
12 тамыз күні түнгі сағат 22-лер шамасында Астана көшесінде орналасқан “Кус-Кус” құс өнімдерін сататын дүкеннің маңында В.Власов өзінің делдалдық қылмыстық әрекетін соңына дейін жеткізбек болып Ж.Исаковпен кездеседі. Олар сол бойда Н. Вишняковқа барып, алдын ала келісілген 50 мың теңгені алады. Бұл ақшаны Ж.Исаков Труд көшесіндегі “Эталон” жанар-жағармай құю стансасының жанында В.Власовтың автокөлігінің ішінде оның қолына ұстатады. Ол ақшаны сәлден кейін Ерлан Айтқұловқа береді. Жолдасының делдалдық қызметін оң бағалаған парақор оған алғысы ретінде 5 мың теңге ұсынады. Қалған 45 мың теңгені ол жомарттық танытып, серігі А. Данькоға қарыз есебінде береді.
13 тамызға ауған түні делдал В.Власов Мир көшесіндегі “Гурман” дәмханасында ұсталады. Оны тексеру кезінде қызметі үшін Е.Айтқұловтан алған, алдын ала таңбаланған 5 мың теңге ақша табылады.
Сол күні түнгі сағат 1-де кезекшілік атқарып жүрген Ерлан Айтқұлов та ұсталды. Кешікпей оның қызмет бабын пайдаланып, барды қанағат тұтпай, ашкөздік танытып, 60 мың теңге пара алғаны анықталады. Айтқұлов өзіне тағылған айыпты толық мойындаған, біле тұрып білместік жасағанына қатты өкінген. Бірақ қылмыстың аты қылмыс. Мұндайда бастан сипау деген болмайды. “Алмақтың да салмағы бар” деп осындайда айтылса керек, ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 336-бабының 2-тармағы бойынша жазаланды. Оған алған парасының 60 есе мөлшерінде (3 миллион 600 мың теңге) айып салынды. Бұл аз десеңіз, заңсыз сатып алынған дүниелері тәркіленеді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарда өмір бойына қызмет ету құқығынан айрылды.
Полиция қызметіне кез келген адам қабылданбайды. Лайықтылар ғана оның қатарында қызмет ете алады. Өкінішке қарай, олардың арасында Ерлан Айтқұлов сияқты отызында орда бұзудың орнына, заң бұзушылыққа баратындар сирек те болса кездесіп қалады. Сөйтіп, “Қасықтап жинағанды, қауғалап төкпе” демекші, оңай келе қоймайтын абырой-беделден аяқ асты жұрдай бола айрылады. Мұндай келеңсіз жағдай басқаларға сабақ болуы тиіс.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.