«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰНАРЛЫ ТОПЫРАҚ – МОЛ ӨНІМ КЕПІЛІ

Алда шаруалар үшін жауапты науқан келе жатыр. Диқандар көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындалуда. Осыған орай А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары агрометеорологиялық ақпараттар және селекциялық зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, алдағы тұқым себу науқанын сәтті өткізу үшін ұсыныстар әзірледі. Бұл ұйым өсімдік шаруашылығы бойынша еліміздегі ең ірі ғылыми орталықтардың бірі саналады.

Орталық жұмысының басты мақсаты – еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің ғылыми-технологиялық дамуын қамтамасыз ету. Осы негізде ауыл шаруашылығы дақылдарының төзімділігін арттыру, дақылдардың генофондын нығайту, селекция, жаңа агротехнологияларды бейімдеу салалары бойынша зерттеулер жүргізіліп келеді. Қызылжарда тез пісетін, құрғақшылыққа төзімді, өнімділігі жоғары дәнді дақылдардың сұрыптарын шығаруға басымдық берілген. Мұндағы мамандар әлемнің 60 еліндегі өсімдік сұрыптарының генофондын зерттейді. 17 дақыл түрі бойынша селекция жүргізеді. Жоғары сапалы тұқым шығарып, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сараптама жасайды.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында жауын-шашын мөлшері нормадан 70 милиметрге көп болды. Алайда қардың ерте еруі мен температуралық ауытқулар көктемгі дала жұмыстарының мерзіміне өзгерістер енгізуі мүмкін. Сондықтан да солтүстік, оңтүстік, батыс аудандарды сәуірдің екінші онкүндігіне дейін, орталық, шығыс аудандарда айдың соңына дейін ылғал жабу жұмыстарын аяқтау қажет. Ал тұқым себу жұмыстары ма мырдың бірінші онкүндігінде басталады деп күтіп отырмыз.

Тұқымдық материалды сапалы дайындау – табысты жиын- терімнің кепілі. Ең алдымен тұқымның сапасын анықтап алған дұрыс. Зертханалық талдаудың оң нәтижесін алғаннан кейін ғана егіс жұмыстарына кірісуге болады. Тұқымның шығуын тездету үшін оны күннің астына жайып қояды. Осылайша ылғалдылық азайып, патогендер өледі. Аурулар мен зиянкестерге жол бермеу үшін фунгицидтер мен инсектицидтер қолдану маңызды. Бұл ретте әр дақылдың өзіндік ерекшелігін ескерген жөн.

Ауыспалы егісті сақтау топырақтың құнарын жоғалтпау үшін маңызды рөл атқарады. Солтүстіктің құбылмалы ауа райы жағдайында дәнді-бұршақты, техникалық дақылдарды бұрынғы алқабына 4-5 жыл өткізіп барып қайта сепкен жөн. Өйтпеген жағдайда алқапта патогендер жиналып, топырақ тозады. Мәселен, зығыр, рапс, бұршақ, жасымық патогендерге өте сезімтал келеді. Көпжылдық өсімдіктерді егу, сидерат себу топырақтың құрылымын жақсартып, органикалық заттардың үлесін арттырады, ылғал жоғалтуды азайтады. Бұл ретте майлы, бұршақты дақылдарды егу кезінде алқаптың ылғал қорын, климаттық ахуалын ескермесе болмайды. Жер өңдеуді мейлінше азайтсақ, ылғал молынан сақталып, жел эрозиясының алдын аламыз.

Бұл ретте алдағы егіс науқанының экономикалық жағын да ұмытпау керек. Алқаптардың құрылымы нарықтағы ахуал мен дақылдардың тиімділігін ескере отырып жоспарланады.

Сұрып таңдау да – алдағы науқанның барысын айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Құрғақшылық жылдары кеш пісетін, төзімді, тамыры терең орналасатын сұрыптар таңдалады. Ал ылғалды жылдары ерте пісетін сұрыптардың үлесін арттыруға болады. Жалпы кеш және ерте пісетін бидай сұрыптарына алқаптың 10-40 пайызынан орын берген дұрыс. Пісетін мерзімі орташа бидай алқаптың жартысына егіледі. Ауа райының әсерін азайту үшін вегетация мерзімі әртүрлі сұрыптарды таңдаған тиімді. Ғылыми зерттеулер дұрыс таңдалған сұрыптар ауа райы қолайсыз жылдары да жеткілікті өнім бере алатынын растап отыр.

Биыл көктем ерте келгендіктен арамшөп пен зиянкестер көп болады деп күтілуде. Арамшөп қалыңдап кетпеу үшін ерте көктемде егіс даласын бораналап, гербицидтер себу керек. Сонымен қатар биыл алқаптарда септориоз, фузариоз сияқты инфекциялар мен актракноз, жасымық аскохитозы, зығыр ризоктониозы сияқты аурулар көбеюі мүмкін. Ылғалдың көптігі, температураның құбылмалығы, тұқымдарды тығыз себу ауру қаупін арттырады. Жайлы қыс, алқаптардағы өсімдік қалдығының көп болуы, энтомофагтық бақылаудың әлсіздігі зиянкестердің көбеюіне әкеліп соқтыруы мүмкін.

Тыңайтқыштарды сауатты қолдану ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырады. Ол үшін парға тұқым сепкенде фосфор, парға қалдырылмаған алқапқа азот, азот-фосфорлы тыңайтқыштар енгізеді.

Зерттеушілер ұзақ жылғы тәжірибе мен бақылаудың арқасында өңір үшін тиімді сұрыптарды анықтады. Мысалы, бидайдың «Таймас» сұрпы құрғақшылыққа, қоңыр тат инфекциясына төзімді келеді. Сол сияқты «Шортандинская-95», «Торғай» сұрыптары да жоғары өнімділігімен көзге түсті. Ал арпа мен сұлының «Астана-2000», «Целинный-2005» сұрыптары гектарынан 46 центнерге дейін өнім бере алады. «Дагус», «Өріс» сияқты бұршақ сұрыптары, жасымықтың «Сакура», «Шырайлы» сұрыптары өңір климатында жақсы нәтиже көрсете алады. Ал «Рагнар», «Тенгри», «Оририс» деп аталатын рапс түрлері құрғақшылыққа төзімді әрі жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Мал азықтық дақылдар да солтүстікқазақстандық шаруалар үшін басым бағыттардың бірі екені белгілі. Өңірде шөптің «Тан батыр», бидайықтың «Бриз», арпабастың «Фермерлік» сұрыптарының азықтық құнары жоғары. «Ника» судан шөбінен екі рет өнім жинап, гектарынан 252 центнерге дейін азық алуға болады.

Биыл өңір диқандары бірқатар қиындықтарға тап келіп тұрғанын айта кету керек. Қардың ерте еруі топырақтың ерте кеуіп, жаздық дақылдардың шығымын азайтуы ғажап емес. Жауын-шашынның біркелкі болмауы да өнімділікке теріс әсер етеді.

Егіс мерзімін қатаң ұстану, сұрыптарды дұрыс таңдау, фитосанитарияға мән беру, заманауи тыңайтқыштарды пайдалану шаруалардың шығынын азайтып, табысын арттырады.

Тимур САВИН,

А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp