Қаржы полициясы агенттігінің сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы әрекет мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесінің селекторлық режімдегі отырысы өтіп, онда заңсыз алкоголь саудасы мен қаржы айналымы мәселелері талқыланды.
Нұрлан ЖАХИН,
облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбай-лас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы.
Қаржы полициясы агенттігінің Экономикалық және қаржылық қылмысты ашу департаментінің бастығы Жанат Еламанов алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар туралы мәлімдеді. Өткен жылға қарағанда елімізде арақ-шарап өндіру 9 пайызға артыпты. Республика бойынша соңғы бес жылда “ащы судың” буымен жасалған қылмыс саны екі есе артып, соның салдарынан 3 мыңнан астам адам бақилық болған. Ал мас күйінде көлік жүргізген 330 мың жүргізуші ұсталып, жол-көлік апаттарының салдарынан 494 адамның өмірі қиылған.
Қоғамдық кеңестің отырысында ақша айналымын реттеу мәселесі де сөз болды. Агенттіктің Сыбайлас жемқорлық істерді ашу және алдын алу департаментінің бастығы Денис Шакеновтың айтуынша, биылғы жылдың он айында қазақстандықтар қаржы институттарынан 1,2 триллион теңге қолма-қол ақша алыпты. Жиынға қатысушылар қомақты қаржы “бармақ басты көз қысты” болатындығын айтты. Мәселен, үстіміздегі жылдың 11 айында қаржы полициясы органдары анықтаған 1862 жемқорлық қылмыстың 1/4-і парақорлардың үлесінде көрінеді. Ірі көлемде қолма-қол қаражат беру ұлт қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін айтқан Денис Шакенов заңды және жеке тұлғалардың есептік шоттан бір айда алуға болатын соманың мөлшерін заңды түрде азайту қажет деген ұсынысын білдірді.
Жиында жалған кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, қылмысқа жол беріп жатқан салық органдары қызметкерлері туралы айтылып, мұндай қылмыс түрінің 12 фактісінің тіркелгені белгілі болды. Жалпы жалған кәсіпкерлікті әшкерелеудің көрсеткіші – 4 есе, қылмыс үстінде қолға түсіру фактісі 5 есе ұлғайған.