Атақты режиссёр Шәкен Аймановтың “Біздің сүйікті дәрігер” фильмін тамашаламаған адам жоқ шығар, сірә. Қаншама жас ұрпақ доктор Лавровтың бейнесіне еліктеп өсті. Ал үлкендердің “Бұл дүниеде адам емдеуден артық бақыт бар ма?” деген сөзі бала қиялымызды, тіпті, қанаттандыра түсетін. Бірақ мамандық таңдауға келгенде дәрігер болуға жүрегіміз дауаламады. Өлім мен өмір аузында арпалысқан жанға көмек беру шынымен де, нағыз ерлік. Бірақ мұндай батырлық әркімнің қолынан келе бермейді. Иә, шынымен де, дәрігер құрметке лайық жан.
Бүгінгі күні көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген облысымыздағы санаулы нейрохирургтердің бірі – Смайл Сатин. Мақала кейіпкерінің кинодағы дәрігерден айырмашылығы көп. Ол Лавров секілді сәулетті санаторияның басшысы емес, науқастар сарыжамбас болып айлап жататын ауруханада уақытпен санаспай жұмыс істейді. Жаздың ыстық, қыстың суық күндерінде көмекке зәру жандар үшін аудандарға да жол тартады. Көпшілікке түсінікті болу үшін нейрохирургтер жол-көлік оқиғаларынан зардап шегіп, бас, мойын, басқа да дене жарақаттарын алған науқастарға ота жасайтынын айтып өткен жөн шығар. Сонымен қатар бел омыртқа ауруларын емдейді.
Жұртшылыққа Смайл Зейноллаұлының есімі жақсы таныс. Өйткені, ол – өңіріміздегі үздік дәрігердің бірі. Бұл дәрежеге Смайл Сатин тынымсыз маңдай тер, ізденіс арқылы жетті. “Елімізде медицина қызметкерлеріне жан-жақты жағдай жасалып жатыр. Ендеше, біз неге алаңдаймыз, сенім үдесінен шығу үшін барымызды салуға тиіспіз”, – дейді ақ халат иесі. Оның бұған дейін ми ісігімен сырқаттанған қарт ананы аяғынан тік тұрғызғанынан көпшілік хабардар. Осы оқиға жайлы оның өз аузынан естуді жөн көрдік.
– Менің кезекшілігімде “Жедел жәрдем” көлігімен әл үстінде жатқан қарияны алып келді. Жанындағы қызы анасының миында ісік бар екенін, Астана қаласының дәрігерлері жасы келген адамға ота жасауды мойындарына алмағанын айтты. Дереу шешім қабылдау қажет, уақытты оздырып алсам, науқастан айырылып қалуымыз мүмкін. Ал ота сәтсіз өтсе ше, ойым сан-саққа жүгірсе де, дәрігерлік парызымды орындау қажеттігін түсіндім. Дәл қазір отаның неше сағатқа созылғаны есімде жоқ. Алла сәтін салып, науқастың миындағы ісікті алып тастадым. Бұл жайында сол уақытта жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатты. Мен мұны ерлікке баламаймын. Әрбір дәрігер сырқат жанға қолынан келгенше көмегін беру керек, – дейді Смайл Сатин.
Бұрынғы Целиноград, қазіргі Астана медицина университетінің түлегі облыстық ауруханада 2002 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Өрімдей жас дәрігерлікке алғаш қадам басқанда Анатолий Волвенко секілді білікті медицина қызметкеріне жолықты. Ұзақ жылдар нейрохирургия бөлімшесін басқарған тәлімгері Смайл Зейноллаұлы секілді қаншама жасқа жол сілтеді. Ал бүгінгі күні бейнетінің зейнетін көрер жасқа жеткен ұстазынан үйренгенін өзі де кейінгі жылдары келіп, қатарға қосылған әріптестеріне үйретіп жүр.
Смайл Зейноллаұлы жауапкершілігі зіл батпан, ал ауыртпалығы одан да ауыр мамандықты жүрек қалауымен таңдады. Өйткені, оның анасы да медицина саласының өкілі. Гүлбаршын Сатина Қызылжар ауданындағы Метлишино ауылында көп жылдар фельдшер болып еңбек етті. Ауыл тұрғындарына күндіз ғана емес, көмек қажет болып жатса түнде де асыға жететінін ұлы көріп өсті. Жұртшылыққа еңбегімен қадірлі анасының жолын таңдауға үй ішіндегілер кедергі болған жоқ. Керісінше, марқұм әкесі Зейнолла оның шешімін құптап, ақ батасын берген екен. “Баталы ұл арымас” дегендей, міне, бүгінгі күні қаншама адамның алғысын арқалап жүрген азаматтың бірі.
Дәрігер үшін әрбір ота – сын сағаты емес пе?! Әл үстінде жатқан науқастың өміріне араша түсу дәрігердің міндеті десек те, оған қайта өмір сыйлау білімі мен біліктілігі ұшқыр маманның ғана қолынан келеді. Тіпті, науқастардың өзі Смайлдың қарауындағы палаталарға сұранады екен. Өйткені, көпшілік оның қолы жеңіл, жолы ақ екенін алға тартады. Шынымен де, осы күнге дейін Смайл Зейноллаұлы қаншама адамның аяғынан тұрып, аман-есен жүріп кетуіне жәрдемдесті.
Жоғары санатты дәрігерден есінде қалған ауыр сәтті сұраған едік. Осыдан төрт жыл бұрын Мағжан Жұмабаев ауданындағы орталық ауруханада ауыр жол апатына түсіп, мойны, жамбасы, аяқ-қолы сынған, бір сөзбен айтқанда сау жері жоқ азаматқа бірнеше сағатқа созылған ота жасау өте қиынға түскенін айтып берді.
– Шақыртумен Булаево қаласына бардым. Заманауи аппараттары жоқ аудандық ауруханада ота жасау қажет болды. Әрі науқастың жүрегі ғана соғып тұр. Үміттен гөрі күдігім басым болса да, сынған сүйектерді қайта жинап, орнына келтірдім. Дұрыс жасалған отаның және тағайындалған ем-домның нәтижесінде науқас бір-екі айдан кейін сауығып кетті. Ара-тұра қала көшесінде кездесіп қалғанда, туысын көргендей құшақтап, қуана амандасып жатады, – дейді ол.
Смайл Сатин аптасына 4-5 ота жасайды. Ал айына бірнеше мәрте кезекшілікке түседі. Ол аз десеңіз, санитарлық авиациямен аудандарға барады. Сондықтан дәрігердің уақытының басым бөлігі жұмыста өтеді. Бірақ зайыбы Жанна шаңырақтың шырайын келтіріп, жас құрақтай өсіп келе жатқан үш перзентіне бас-көз болып, әкелерінің алаңсыз жүруіне қолынан келгенше көмегін беріп отыр. Бүгінгі күні әріптестерінің арасында ғана емес, науқастардың да сүйікті дәрігеріне айналған Смайл Сатин абырой биігінен көрініп жүр.
Тәуелсіз елдің әрбір азаматы Смайл Зейноллаұлы секілді халқына қалтқысыз қызмет етсе, біздің ертеңгі күніміз бұдан бетер нұрлана түсері сөзсіз.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.