Петропавл қалалық мәслихатының ұйымдастыруымен өткен қоғамдық тыңдауда бес көшеге Солтүстік Қазақстан облысы үшін ардақты тұлғалардың есімдерін беру мәселесі қаралғанынан көпшілік жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар деп ойлаймын… Олардың арасында дауылпаз жырау, қаһарман қолбасшы, көрнекті қоғам қайраткері Қожаберген Толыбайұлы да бар.
Халқымыз “Айтпаса сөздің атасы өледі”, демей ме. Менің айтайын дегенім, жұртшылық “Елім-ай” әнінің авторы деп білетін даңқты батыр әрі қолбасшының есімін Петропавл қаласының шетінде жатқан, көше деуге де келмейтін (ол арада үш-төрт үй ғана бар) түсініксіздеу жерге беру туралы ұсыныс жасалды. Қазақ халқының бостандығы жолындағы күресті басқарған даңқты тұлғаға орталық көшелердің бірінің бұйырмағаны өкінішті-ақ.
Қожаберген жырау – тарихи тұлға, өз заманының заңғар қайраткері. Оның біздің өңірімізде дүниеге келгені келер ұрпақ үшін де мақтанышқа айналуы тиіс. Кемеңгер тұлғаның қазақ халқының мүддесі үшін елге сіңірген еңбегін ұмытуға болмайды. Әрине, азаттыққа қолымыз жетіп, егемен ел атанғаннан кейін ұлттық тарихымыз қайта жаңғырып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған тұста Қожаберген жыраудың есімі де ұлықталды. Өзінің туған жері Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылындағы қазақ мектебінің алдындағы алаңға ақынның ескерткіш бюсті қойылды. Мектепке аты берілді. Қожаберген секілді ел басына күн туған сәтте қолына найзасын алып, жауға шапқан ержүрек батырға, соғыста қол бастаған қолбасшыға, шаршы топта сөз бастаған ділмар шешенге қандай құрмет көрсетілсе де, артықтық етпейді.
Тіпті, сол жиында халқымыздың біртуар ұлдарына осы көше атауларын қимай, қарсылық танытқандар да табылды. Облыс орталығының тұрғыны Равиль Рязапов бізді Петропавл қаласының тарихына нұқсан келтіріп жатырсыңдар деп жөнсіз кінәлады. Соңынан бірнеше жас балаларды ерте келіп, олар да ұлтымыздың ұлы тұлғаларына құрмет көрсету қисынсыз деген пікірлерін айтып жатты. Бесіктен белі шықпаған мектеп жасындағы оқушы балалардың қазақ халқына деген көзқарасы мені ғана емес, сол жиынға қатысушыларды қатты алаңдатты десем, артық айтқандық емес. Өйткені, біздің еліміз – көпэтносты мемлекет. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, әрине, ең алдымен, Қазақстанда тұрып жатқан түрлі этностар балаларының достығы мен ауызбірлігі арқау болып отырған жоқ па?! Ал Равиль Рязапов секілді жеке басының қамын күйттегендер еліміздің татулығына кірбің келтірмесіне кім кепіл?! Оңы мен солын танып үлгермеген жастарды адастыру, тұрғындар арасына іріткі салу меніңше, өте жиркенішті әрекет.
Алдағы уақытта да елді мекен, көшелердің байырғы атаулары қайтарылып, қазақ тілінің мерейі аспандай түсеріне сенімдімін. Бірақ, ұлылардың есімін кейінгі ұрпақтың жадында қалдыру мақсатындағы жұмыстар жан-жақты ойластырылып жасалса деген тілегім бар.
Болат САҒЫНДЫҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының
құрметті азаматы.